Топырақтың құнарын арттыратын ерекше тыңайтқыш шығаруда

24.04.2019
Қаралды: 399

Қазір Оңтүстік өңірінде егін, бау-бақша егу үшін топырақты тыңайтып, құнарландыратын кезең. Бұл кезде жерге әсіресе органикалық тыңайтқыштар қажет-ақ. Дегенмен оның сапалысы табыла бермейді. Осы орайда Шымкент­тегі «Нұрдана Ltd» серіктестігінің директоры Тағайдулла Дүйсенбі ерекше сападағы органикалық тыңайтқыш шығаруды қолға алды. Біз бұл туралы көпшілікті құлағдар етуді ұйғарып, Тәкеңмен арнайы сұхбаттасқан едік.

 

– Сіздерді тыңайтқыштың ерекше бір түрін шығарып жатыр деп естідік. Ол қандай тыңайтқыш?

 

– Ол – компост, яғни түрлі органикалық заттарды шіріту нәтижесінде шығарылатын органикалық тыңайтқыш.

 

– Оны қалай өндіресіздер?

 

– Негізгі компонент – малдың жас қиы. Соған қажетті органикалық заттар, сабан, минералдық заттар, микроэлементтер ендіріліп, араластырылып жасалады. Яғни оның құрамында органикалық заттардан басқа азот, фосфор, калий, күкірт, магний, кальций, натрий, басқа да қышқылдар болады деген сөз. «Ворошитель» деп аталатын арнайы құрылғы бар, негізгі жұмыс сонымен іске асырылады.

 

– Қидың құрамындағы шала қорытыл­ған жем, шөп қалдықтары кейін өніп шығып жататыны бар. Сондай-ақ малда болатын ішек құрттары, қиды, топырақты  мекендейтін зиянкестер, олардың жұмыртқалары да болады...

 

– Дұрыс айтасыз. Біздің негізінен малдың ескірген емес, жас қиын алуымыздың себебі де осында. Әлгі айтылған нәрселердің барлығы да өңдеу барысында толығымен жойылады. Тыңайтқышты үнемі араластырып, даяр­лау барысында, бір-екі күннің ішінде ондағы қызу 50 – 70 градусқа дейін артады, сол кезде зиянкестердің, ішек құрттарының жұмырт­қалары, басқа да зиянды микроағзалар өледі, шөптер күйіп кетеді. Кейін оның температурасы 25 – 30 градусқа дейін төмендейді.

 

Бұл – тыңайтқыш даярлаудың бірінші сатысы. Ал екінші сатысында оған қажетті заттар қосылады, үшінші сатысында топырақты қажетті заттармен байытатын, құрамы зиянды заттардан таза өнім түбегейлі дайын болады.

 

– Дайын тыңайтқыш шығаруға қанша уақыт жұмсалады?

 

– Жазда ол 45 күнде даяр болады. Қыста тыңайтқыш дайындауға екі айдай уақыт жұмсалады. Өзіміздің 3 гектардай жеріміз бар, жұмыс сол аумақта жүргізіледі. Қиды апарып төккесін ол сол жерде бір-екі апта жатады, өңдеуді содан кейін бастаймыз.

 

– Ал қажетті қиды қайдан аласыздар?

 

– Қарабұлақ ауылындағы мал ұстайтын адамдардан сатып аламыз. Шикізат жеткілікті, бұл жағынан проблема жоқ.

 

– Өнімдеріңіздің бағасы қанша?

 

– Дайын тыңайтқыш литрлеп өлшенеді. Сыйымдылығы 50 литрлік қаптарға салынады. Қазір бізде  оның бір қабы 900 теңгеден сатылуда.

 

– Ол қанша жерге жетеді?

 

– Бір қап тыңайтқыш 15 – 20 шаршы метр жердің топырағын тыңайтуға жеткілікті. Ал 1 гектар жерге 10 – 15 тонна кетеді.

 

– Өнімді алып, қолданып көргендер бар ма? Олардың пікірі қандай?

 

– Біраз адамдар, Сарыағаш жақта жылыжай ұстайтын кәсіпкерлер алып, пайдалануда. Топырақ құнары артқанын, жақсы өнім алғанын айтып жатады. Газон егетіндер де алады. Олар тыңайтқыш араластырылған топырақта газон бір-екі аптада жайқалып, жайнап шығатынын айтып жүр.

 

– Бұл тыңайтқыш ажырық басып, эрозияға ұшыраған топырақты тыңайтуға жарай ма? Мұны сұрап отырғанымыз –  қазір көптеген ауылды жерлерде үйіргелік жерге жоңышқадан басқа ештеңе екпейтінін көріп жүрміз. Бау-бақшаларды ажырық басып кеткен.

 

– Жалпы, әбден зорыққан топырақтың өзі де ұзақ жылдардан кейін өздігінен қалпына келе алады екен. Ал қамқорлық жасап, қажет кезінде тыңайтқыш беріп тұрса, үш-төрт жылда ондай жердің де құнарын арттыруға болады. Біздің шығарып жатқан тыңайтқыш ондай жерлердің де топырағын құнарландыра алады.

 

– Ал бұл тыңайтқыштар қазір көптеген шаруашылықтарда жиі қолданылып жүрген минералдық тыңайтқыштармен бәсекелесе ала ма? Қандай артықшылықтары бар?

 

– Арнайы өңдеп-тазартудан өткен бұл органикалық тыңайтқыш тозған топырақты көп уақыт өтпей-ақ қалпына келтіреді, оның құрамын қажетті заттармен толықтырып, құнарын арттырады. Сонымен қатар топырақта зиянкестердің болмауына, өсімдіктің түрлі ауруларға ұшырамауына да ықпал етеді. Өсімдікке ауаның жеткілікті болуына, топырақтың қышқылдан­бауына да тікелей әсері бар.

 

Мұның құны минералды тыңайтқыштан әлдеқайда арзан. Есесіне мұндай тыңайтқышпен байытылған жерде өскен өнім тез жетіледі, дәмді болады. Яғни ол табиғи түрде піседі.

 

– Тыңайтқышқа тапсырыс бергісі келетіндер сіздермен қалай хабарласады? Өнім жеткілікті ме, мөлшері шектеулі емес пе?

 

– Бізде дайын тыңайтқыш жеткілікті. Дәл қазір үш «КамАЗ» дайын тыңайтқыш бар. Алдын-ала тапсырыс беріп қоюға да болады. Тонналап алатындар ертерек тапсырыс бергені дұрыс, 45 күнде дайын етеміз. Қажет еткендер бізбен 8-778-059-11-44, сондай-ақ  8(7-252)-45-01-61 телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады.

 

...Тағайдулла Исабекұлымен арада осындай әңгіме өрбіді. Негізі ол кісіге мұндай тыңайт­қыш өндірумен айналысу идеясы осыдан үш жыл бұрын келген екен. Қазіргі көп көкөністердің «зорлап» пісірілетіні, атына пошымы мен түсі ұқсағанымен дәмі, азықтық сапасы нашар шығып жататыны белгілі. Ал бұрынғы кездері ауылда өсірілген өнімдердің сапасы өте жақсы болушы еді. Тәкеңді тыңайт­қыш өндіруге осындай ойлар жетелепті. Сосын ол қажетті әдебиеттерді оқыған, ізденген. Сол ізденісінің арқасында әлгі «Ворошитель» деген құрылғыны да темірден түйін түйетін шымкенттік шеберлерге жасатып алыпты.

 

«Ресейде, Украинада мұндай құрылғы құны 50 мың долларға дейін жетеді екен. Қалай жасалатынын оқып көргеннен кейін оны осындағы адамдарға айтып түсіндіріп жүріп жасатып алдым, шығынына 10 мың доллардай қаржы жұмсалды», – дейді Тәкең.

 

Жалпы, бұл кісілердің өндіріп отырған тың­айтқышы бізді қатты қызықтырды, ол диқаншылықпен айналысатын жұртшылықты да бей-жай қалдырмас деп ойлаймыз. Топырақты тыңайтып, жерден табиғи түрде піскен мол өнім алып тұрғанға не жетсін!

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ