Жетісайдағы жантүршігерлік оқиға

22.04.2019
Қаралды: 144

Өгей қыздарына қорлық көрсеткен әйел туралы әңгіме әлеуметтік желіде кең таралуда. Жүректі дір еткізер бұл оқиғаны естігенде жағасын ұстамаған жан қалмады. Қыздардың жараланған денесін көріп, осыншама жауыздық жасаған әйелге зығырданы қайнағандардың қатары артты.

 

Түркістан облысы, Жетісай ауданында өрбіген бұл оқиға биылғы жылдың 11-сәуірінде анықталған.

 

Бірінші әйелі осыдан бес жыл ажырасып кеткен, содан соң әкелері 1991 жылғы қызға үйленген. Онымен бас қосқанына 3 жылға жуықтапты, бірақ заңды некеге тұрмаған. Қазір жүктіліктің жетінші айында екен. Екеуінің 1 жастан асқан ортақ балалары бар. Ол кәмелет жасына толмаған қыздардың екі жыл бойы тырнақтарының астына ине тығып, шайларына ыдыс жуатын сұйықтық құйып, ішкізіп, тоңазытқышқа, суық ваннаға отырғызып, қайшымен, кемпірауызбен, инемен, пышақпен денелеріне жарақат салып, ұрып-соғып қинаған көрінеді. Сонымен қатар осындай жауыздық әрекетін дәптерге тізіп отырған, әкелері мұның бәрінен бейхабар болған деседі.  

 

Жарияланған деректерге қарағанда, бұл жағдайды алғаш рет 9-сынып оқитын қыздың мұғалімі байқайды. Оқушысының беті жараланып келгенін көріп, мұны мектеп директорына хабарлайды. Басшылары жағдайды қалалық білім бөліміне жеткізеді. Нәтижесінде мобильдік топ құрылып, қыздардың ісі қаралады. Алғашында өгей шешелерінің өздеріне жәбір көрсеткенін жасырып, олар «өзіміз бір-бірімізбен төбелестік, жарақат салдық, құладық» деп сылтауратады. Қыздардың жай-күйін әжесіне жеткізіп, ол кісіге немерелерін табыстайды.

 

Әжелері қыздардың денелеріндегі сансыз жарақатты оларды үйіне әкелген соң байқаған. Содан мән-жайды полиция қызмет­керлеріне хабарлайды. Зәбір көрген жеткіншектер әу баста «бізді әкеміз де, шешеміз де ұрмайды» деп ештеңе айтқысы келмеген. Оның себебі психологтардың қыздармен сөйлесуі барысында анықталған. Өгей шешелері оларды: «Егер сендер менің ұрғанымды біреуге айтар болсаңдар, әкелерің өліп қалады. Себебі ол жүрек ауруымен ауырады», – деп қорқытып отырған деседі. Бұл туралы Жетісай қаласына арнайы барған заңгер Айгүл Орынбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында баяндайды.

 

«Қазіргі таңда қыздардың әкесіне де, өгей анасына да іс қозғалған. Тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Ауруханада жатқан қыздарды жеңгелері камераға түсіріп алып, әлеуметтік желілерге таратқан екен. Себебін сұрағанда «іс бұрмаланып кететін шығар деп ойладым» деген. Бірақ қылмыстық іс ашылып қойған. Тергеу барысымен таныстым. Қыздармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Анасы қамауға алынған. Іс қоғам белсенділерінің бақылауында. Ақпараттарды құзырлы орындардан алдық. Ендігісін сот шешеді. Білім бөлімінің басшылығы ақпаратты естіген күні бірден прокуратураға, әкімдікке, ішкі істер бөліміне хабарлап, қыздарды дер кезінде өз қамқорлығына ал­ған», – дейді заңгер.

 

Жалпы, әзірге бұл жайға қатысты түсініксіз жайлар көп. Жай-жапсары алдағы уақытта белгілі болып қалар.

 

 М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ