Атамбаев ашына сөйледі

20.04.2019
Қаралды: 248

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев өткен 7-сәуір күні Бішкекте болған митингте халыққа арнап сөз сөйледі. Атамбаевтың Қыр­ғызстанда болып жатқан жайларды жария ете отырып, елдің қазіргі билігін, Президент Сауранбай Жиенбековті сынаған сөздері «Ютуб» желісінде толығымен жарияланды, оны миллиондаған адамдар тыңдап көрді десек болады.

 

(Айта кетейік, осыдан тура 9 жыл бұрын, 2010 жылдың 7-сәуірінде Қырғызстанда төңкеріс болып, сол кездегі Президент Құрманбек Бакиевтің елден қашқаны белгілі. Кейін бұл күнге ресми түрде «Сәуір халықтық төңкерісі күні» деген ат берілген болатын. Жыл са­йын 7-сәуірде осы халық толқуы кезін­де қаза болған адамдар еске алынады).

 

Жалпы, Алмазбек Атамбаев пен бір кездердегі досы Сауранбай Жиенбе­ковтің аралары қазір жақсы емес. Атамбаевтың бұдан бұрын да Сауранбай Жиенбековтің билік басына келуіне өзінің тікелей көмегі тигенін айтып, сол үшін аса өкініште екенін білдіріп жүрге­ні белгілі. Ол осы өкінішін жасырмай, бірнеше мәрте жария еткен еді. 7-сәуір­дегі митингте де ол мұны тағы бір мәр­те қайталады, қа­зір­гі Қырғызстан билі­гіне қатысты қа­таң сын айтып, «тоқтамаса, осы бағытпен кете берсе, арты жаман болады» деген тұрғыда ескертті. Сөзінің толық мә­тінін ықшамдай келті­рер болсақ, Қыр­ғызстанның бұрынғы прези­денті былай деді:

 

«Мен биыл 63 жасқа толамын. Өзім­ді аппақ, періштедеймін деп айта алмаймын. Жаңылған кездерім де бол­ған шығар, бірақ мен Құдай алдында бәрін де ашық айтамын. Өйткені елді алдауға болады, ал Құдайды алдай алмайсың.

 

Маған биліктің, байлықтың керегі жоқ, мен Қырғызстанда қоғам әділ болсын, жерлестерімнің қаны текке кет­песін, бұрынғы төңкерістің нәтижелерін Бакиев пайдаланып кеткендей 7-сәуір жемістерін біреулер ұрлап кетпесін деп уайымдаймын, сол үшін жүрмін.

 

Мен бір жарым жыл тыныш жүрген едім, қасымдағы кінәсі жоқ балаларды қамап тастап жатқасын шыдай алмадым. Атып тастауын күтіп жата беруім керек пе еді? Бір жарым жыл ішінде Бакиевтің заманы қайтадан келіп қал­ды. Енді нені күтеміз? Бәрін атып тастауын ба? Мені атсын бірінші, мен ал­дында жүремін. Аяғым операция жа­сал­ған болса да «Ақ үйге» апарады кезі келгенде.

 

Мен кезінде Сауранбай досыма «ТЭЦ»-ке қатысты Сапар Ысқақовтың кінәсі жоқ дегенмін. Ал қазір ол қамауда отыр, соты жабық түрде өтуде. Оның кінәсі жоқ екенін айтқан эксперт­терді де қамап қойды. Шындықты іздесе неге халықаралық аудитке тексертпеді? Өйткені оларға шындықтың керегі жоқ. Сатқандар сатпағандарды қамап жатыр. Бұлар Ақаев, Бакиевтерден де өткен қауіпті.

 

«Коррупциямен ешкім күрескен жоқ, мен күресемін» дегенінде: «Коррупция­мен күресетін адам Райым-миллионермен дос болмайды. Сен ондайдан таза екенсің, сайлау кезіндегі 30 миллион доллар қайдан шыға қалды?» – деген­мін. Мейірбек Міскенбаев, Асылбек Жиенбеков депутаттық мандаттарын тапсыруы керек дегенмін. Қазір Парла­ментті кім басқарып отыр?

 

«Атамбаев Қырғызстанды қарызға батырды, қытайлар жерді алып қояды» дейді. Атамбаев келгенде 2,5 миллиард доллар қарыз бар еді, «свет» жоқ, армия жоқ еді. Алған ақшаға жаңа жолдар, «ТЭЦ» салынды. Мемлекет бюджеті 3 есеге, ішкі жалпы өнім 2 есеге өсті. Білесіздер, Қалматов келгенде Оштағы таможнядан түсім 1 күнде 10 есеге өскен. Таможня бюд­жеттің 30-дан 40 пайызға дейінгі кірісін береді. Оны Райым-миллионер мен Жиенбеков басқарса, ол өледі де онда.

 

Айыппұлдарды да маған жауып жа­тыр. Премьер-министр кезінде Жиенбе­ковтің өзі маған оны дұрыс деген, мен оған сенгенмін, қол қойып бергенмін.

 

Жұрт қарыз алма, Қытай жер даулайды деп шулады. Қытай жерді осыдан 20 жыл бұрын, Ақаевтың кезінде алып қойған, 125 мың гектар жерді беріп қойған. Мен керісінше, қаржыны керек нәрсе үшін, энергетика үшін алдым, өзім әкеткен жоқпын.

 

Бакиев Садырқұловты атып өлтіріп қорқытса, бұлар еш кінәсі жоқтарды қамап қорқытып жатыр. Мені де қамағысы келеді. Атып тастасын керек болса, мен қарсы емеспін. Тек елімнің қаны төгілмесін.

 

«Атамбаев елдің ынтымағын кетіріп жатыр» дейді. Атамбаев қызметін қолынан келгенінше өтеп берген. Әлбетте, алданған да шығармын. Қалай алданбаймын, жанымда Сауранбайға ұқсаған достарым болса?

 

Конституцияда Президенттің ең бі­рін­­ші міндеті – ел мен биліктің бірлігін қамтамасыз ету деп жазылған. Ал қазір МВД мен КНБ елге қарсы қойылып жатыр. Мұның арты не болады?

 

«Ауруыңды айтпасаң, өлім әшкере етеді» деген. Шындықты айтпасаң қандай болады бұлар? Сондықтан да мен «тоқта» деп айтып жатырмын. Бұлар Атамбаев револоюция жасайды деп ойлайды. Олай емес, революцияны билік жасайды, оған басқа амалы қалмаған халық барады. Ел деген – сел, Құдай сақтасын! Сол үшін айтып жатырмын тоқта деп. Егер жайсыз бір жағдай орын ала қалса, Сауранбайды билікке мен әкелді деп айтады, жаманатты боламын. Сол үшін бір жылдан бері оған басқа жаққа бағыт алып барасың деп қақсап келемін. Ел бір күні көшеге шығып кетпесін деп қайта-қайта тыныштыққа шақырып жүрмін. Президент бас болып, жанындағылар өз еліне қарсы шығып жатса, мұның арты басқаша бітеді. Осыны мен айтпағанда кім айтады, мен шықпағанда кім шығады? Мен тіпті бір күні жалғыз қалсам да «Ақ үйге» таяғымды ұстап барамын «Тоқта!» деп.

 

Бұл еріккеннің сөзі емес, амалы жоқтың сөзі. Егер тағы да қан төгіле қалса, «мына Сауранбайды Атамбаев әкелген» деп айтады.

 

Бұлар Атамбаев қашып кетеді деп ойлайды. Мені өлтірмей аузымды жаба алмайсыңдар! Мен түрмеге де батпаймын! Мені қамаймын дегендер өздері қашып жүреді. Мен Құдай алдында тазамын. Мен қашатын адам емеспін. Менің елім үшін жамандық болмасын деген бір ғана тілегім бар. Құдай маған туған мекенімнің топырағын бұйырт­сын. «Сен ауырма, мен ауырайын, Ата жұрт!» деп айтамын. Бізге ешқандай революция керек емес. Бірақ билік осылай отырса апарады соған. Ондайдан Құдай сақтасын!»

 

...А.Атамбаев осылай деді. Жалпы, ол жарты сағаттан аса уақыт сөйледі. Оның айтқандары «Ютубта» және бас­қа да әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында жарияланды.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ