Күнәһарды таспен атып, ұрының қолын шабатын болды

19.04.2019
Қаралды: 349

Оңтүстік-шығыс Азиядағы Бруней сұлтандығында Қылмыстық Кодекске толықтырулар ендірілді. Бұл елде мұсылман тұрғындарға қатыс­ты шариғат заңдары қолданылатын болды. Осыған орай әлемдегі белгілі азаматтар, адам құқын қорғаушы ұйымдар дабыл қағып жатыр. Олар мүмкін болса, кешегі 3-сәуірде қолданысқа енген заң талаптарының күшін жойғызбақ. Бірақ Бруней билігі алған бетінен қайтпайтын сияқты.

 

Әдепсіз қылық үшін дүре соғады

 

Жалпы, Брунейдің мемлекет басшысы – сұлтан Хассанал Болкиах елдің Қылмыстық Кодексіне шариғат заңдарын ендіру туралы ойларын алғаш рет сонау 1996-жылы айтқан екен. Ол жаһандануға, Батыстың елді бұзатын құндылықтарына тек осылай ғана тойтарыс беруге болады деп айтқан.

 

Міне, содан кейін-ақ заң актілерін ойластыру  басталып кеткен. Дегенмен елдің ішіндегі және шет мемлекеттердегі түрлі қарсылықтарға байланысты заңға толықтырулар ендіру үнемі кейінге қалдырылып келіпті. Заң түбегейлі түрде 2014 жылы қабылданған, бірақ күшіне ендіру биылға дейін шегеріліп келген. Ақыры кешегі 3-сәуірден бастап ол қолданысқа ие болды. «Аса маңызды Жарлық» атанған құжатқа Бруней сұлтаны дәл осы күні қол қойды.

 

Енді Брунейде қосағының көзіне шөп салған, зинақорлыққа барған  адам егер кінәсі дәлелденсе, «тасборан» жазасына кесілетін болады. Яғни оны жұрт таспен атқылап өлтіреді. Дегенмен кей жағдайларда жазаның «жеңілдеу» түрі, яғни дүре соғу қолданылуы мүмкін.

 

Брунейде Құдайға, Құран мен сүннеттерге тіл тигізген, Пай­ғамбарға жала жапқан, өзін Пайғамбармын деп жариялаған адамдар да өлім жазасына кесіледі.

 

Бұл елде ұрлық жасағандар қолға түсіп, кінәсі дәлелденсе, олардың қолы шабылады. Басқа да түрлі заң бұзушылық жасағандар бүкіл жұрттың көзінше дүреленетін болады. Бас қосқан жерлерде, көпшілік орындарда әдепсіз қылық көрсеткендерге, жұма намазына қатыспағандарға, Рамазан айында көпшілік ортада, ораза тұтқандардың көзінше тамақ, су ішкендерге, некесіз жүкті болғандарға, аборт жасатпақ бол­ғандарға, арақ-шарап ішкендерге, тағы басқа ұсақ деп саналатын заң бұзушылыққа барғандарға айыппұл салынады немесе оларға дүре соғылады. Ал Ислам дінінен басқа дінді насихаттаған мұсылман немесе атеист адам ол үшін 20 мың доллар айыппұл төлейді немесе ол 5 жылға бас бостандығынан айырылады.

 

 

Бруней – бай ел

 

Сонымен Бруней Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде тұңғыш рет шариғат заңдарын ендірген ел атанып отыр.

 

Бруней тек Малайзия мемлекетімен ғана шектеседі, бір шеті Оңтүстік Қытай теңізіне ұласып жатыр. Толық атауы – Бруней Дарэссалам. («Дарэссалам» сөзі «Әлемнің мекені» дегенді білдіреді екен). Ол – діни-монархиялық мемлекет, оны сұлтан басқарады. Елдегі бүкіл дерлік биліктің бәрі осы сұлтанның қолында шоғырланған. Атқарушы билікте отырғандар да негізінен осы сұлтанның туыстары.

 

Бруней әлемдегі ең бай елдердің алғашқы «бестігіне» кіреді. Бұл елде кіріс салығы деген атымен жоқ, білім алу мен денсаулық саласының қызметі – тегін. Ел тұрғындарына үй салып, көлік алуға берілетін несиелердің үстеме пайызы өте төмен, тіпті кей мәселелерде өсімсіз қарыз ақшалар берілетін кездері де бар. Ал қажыға баратындардың барша шығынын мемлекет өзі төлейді.

 

Бруней еліне азық-түліктің 80 пайыздан астамы шетелдерден жеткізіледі. Ал өзі мұнайға бай, шет мемлекеттерге мұнай экспорттайды. Мемлекетке кірістің 90 пайыздан астамы мұнай мен газ экспортынан түседі. Бұл елдегі жұмысшылардың тең жартысы – шетелдік мигранттар, оларға да жоғары жалақы төленеді.

 

Брунейде қоғамдық көлік жоққа тән. Жұрт оған аса тәуелді де емес. Өйткені тұрғындарының бәрінде дерлік жеке өз көлігі бар.

 

Брунейдің негізгі халқы – малай ұлтының өкілдері, олар мұсылман дінінің сунниттік ағымын ұстанады. Елдегі саны жағынан екінші орынды қытайлар алады. Одан басқа еуропалықтар, үндістандықтар бар. Қылмыстық Кодекске шариғат заңдарының ендірілуіне мұсылмандар қалыпты құбылыс сияқты қарағанымен ол қытайларды және басқа дін өкілдерін шошытып отыр. Сондай-ақ бұл заң елдегі не еркек, не әйел емес, қызтеке, еркекшораларды, яғни гей, трансссексуалдарды да қатты үрейлендіріп отыр. Олардың мүмкіндігі барлары әлдеқашан басқа елдерге бас сауғалап кеткен, кете алмағандары бүгінде жанын шүберекке түйіп отыр.

 

Басшысы елді жарты ғасырдан бері басқарып келеді

 

Брунейдің қазіргі басшысы, яғни сұлтаны Хассанал Болкиах – бұл елді XІV ғасырдан бері билеп келе жатқан әулеттің ұрпағы, елдің 29-шы сұлтаны. Ол сонымен қатар Брунейдің Премьер-министрі, Қорғаныс министрі, Қаржы министрі, сондай-ақ Халифі, яғни оған дін саласы да тікелей бағынады.

 

Хассанал Болкиах елді 16 жыл басқарған әкесі Омар Али Сайфуддин саяси себептермен биліктен бас тартқасын таққа отырған. Содан бері ел басқарғанына 52-ші жылға аяқ басты. Әкесінің 5 әйелінен 10 баласы болған, Хассанал осы 4 ұл, 6 қыздың үлкені. Қазір інілерінің Суфри есімді біреуі ғана тірі, ол Бруней Ұлттық Олимпиада комитетін басқарады.

 

Хассанал Болкиах 1946 жылы туған, жасы 72-де. Ол Малайзиядағы «Виктория» институтын, Ұлыбританияның Сандхерст Корольдік жоғары әскери академиясын бітірген.

 

Ол үш мәрте үйленген, екінші, үшінші әйелдері стюардесса және журналист болған. Сұлтан олардың екеуімен де  кейін ажырасып кеткен, оларды мұрагерлік құқынан айырған. Бүгінде ол өзінің алғашқы жары – Анак Салехпен бірге тұрады. (Ол – өзінің немере қарындасы, яғни әкесінің інісінің қызы). Х.Болкиах осы үш әйелінен 12 перзент сүйген. Олардың үлкені – бүгінде 44 жастағы әл-Мұхтади Биллах 1988 жылы тақ мұрагері деп танылған. Әкесі шетелде жүргенде елді осы азамат басқарады.

 

7 мыңдай жеке көлігі, 1788 бөлмелі сарайы бар

 

Хассанал Болкиах әлемдегі ең бай билеуші саналады. Осыдан бірер жыл бұрынғы деректерде  оның байлығы 40 миллиард долларға тең деп көрсетілген болатын. Оның 1984 жылы салынған аумағы 200 мың шаршы метрді алатын сарайының құны сол кездегі нарықпен 400 миллион доллар қаржыға салынған.

 

Бруней сұлтаны қымбат көліктер жинаумен де танымал болған. Кей деректерге қарағанда, оның көліктері 3000-7000 арасында саналады. Оның ең қымбат көліктерінің өзінің саны – 2879, осының ішінде ең сүйіктілері – «Мерседес» және «Бентли» көліктері. Сұлтанда  719 «Мерседес», 362 «Бент­ли» бар. Осынша көліктер тұратын гараж аумағы 1 шаршы шақырым жерді алып жатыр.

 

Хассанал Болкиахтың халықаралық кездесулерге мініп баратын жеке ұшағының құны 100 миллион доллар тұрады. Жұрт «Ұшатын сарай» деп атап кеткен оның ішін сәулет­тендірудің өзіне 120 миллион доллар жұмсалған екен. Бұдан бөлек, оның тағы да бір аэробусы, 6 ұшағы мен 2 тікұшағы бар.

 

Ал сұлтан резиденциясында 1788 бөлме, 257 ванна, 5 бассейн, 18 лифт бар. Сондай-ақ 5000 адамды күтетін зал, 1500 орындық мешіт те осы сарайдың ішінде. Бұл сарай әлемдегі ең үлкен резиденция ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Сұлтан бұдан басқа да 3 сарайдың иесі.

 

Бруней сұлтанының туған күні де ерекше салтанатпен аталып өтеді. Мысалы, 50 жасқа толған мерейтойын жасағанда ол 3000 адамға дастархан жасаған, әскери шеру өткізген, той екі аптаға созылған. Ол осы іс-шараға 30 миллион доллар шығындаған. Осының 16 миллион доллары тойда өнер көрсеткен әйгілі поп-жұлдыз Майкл Джексонға төленген екен.

 

Бруней сұлтанының туған күнінде ел тұрғындарына да түрлі сыйлықтар жасалып тұрады. Мысалы, ол өзінің 60 жас­қа толған мерейтойында елдегі мемлекеттік қызметшілердің айлық жалақысын бірнеше есеге бір-ақ көтеріпті. Яғни Болкиахтың туған күнін Бруней тұрғындары асыға, үмітпен күтіп, қуана тойлайды екен.

 

Бруней сұлтаны өзінің туыстарына да аса қымбат сыйлықтар жасап тұрады. Мысалы, бір қызын ұзатқанда ол оған 100 миллион долларға  «А-340» аэробусын сыйлыққа тарту еткен.

 

Хассанал Болкиахтың «Бруней Корольдік армиясының фельдмаршалы», «Бруней Корольдік әскери әуе күштерінің маршалы», «Бруней Корольдік әскери теңіз күштерінің маршалы», «Ұлыбританияның толық генералы», «Ұлыбритания Корольдік әскери әуе күштерінің авиация бас маршалы», «Ұлыбритания адмиралы» деген сияқты атақтары бар. Сондай-ақ ол Оксфорд университетінің, Сингапур Ұлттық универ­ситетінің, Лондон Корольдік колледжінің, Мәскеудегі Халық­аралық қатынастар мемлекеттік университетінің Құрметті докторы болып табылады.

 

...Міне, елінің Қылмыстық Кодексіне шариғат заңдарын ендірген басшы – осындай адам. Ал жер аумағы шағын Бруней мемлекетінде бүгінде 430 мыңнан астам адам тұрады, осының 200 мыңнан астамы – ел астанасы Бандар-Сери-Бегаванның тұрғындары. Жалпы, бұл елде халықтың басым бөлігі – мұсылмандар.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ