Қазақстанда неге атомдық электр стансасын салуға болмайды?

19.04.2019
Қаралды: 284

Қазақстанда атом-электр стансасы салынуы керек пе? Қ.Тоқаевтың  Ресей Президенті В.Путинмен кездесуінен кейін әлеуметтік желіде бұл жиі талқыланған тақырыпқа айналды. АЭС салынса ұтамыз ба, ұтыламыз ба? Жалпы, ол керек пе, керегі жоқ па?  Құры жалаң сөзге салынбай, осы тақырыпты  тереңірек зерттеп көрсек қайтеді?

 

Қазір әлемде 31 мемлекетте 193 АЭС жұмыс істеп тұр. Оларда 438 энергоблок арзан электр қуатын өндіруде. Әлемде өндірілетін электр қуатының 17 пайызы АЭС-ке тиесілі. «Плюс-минустарын» саралап көрелік.

 

Атом-электр стансасының артықшылығы неде? 

 

Біріншіден, шикізаттық тұтыну деңгейі өте төмен (уран қолданылады), екіншіден, өндірілетін қуатының көлемі өте үлкен. Бір АЭС тұтас мега­полисті электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Үшіншіден, жылу-электр стансасына қарағанда жарақтану деңгейі жоғары. Жетілдірілу мүмкіндігі мол.

 

Енді кемшіліктеріне келейік.

 

Біріншіден, атом-электр стансасынан ыс пен радиация бөлінеді, су көздері ластанады. Екін­шіден, онда сирек те қымбат уран элементі қолданылады. Үшіншіден, Чернобыль мен Фукусимадағы сияқты экологиялық апат ықтималдығы зор.  

 

АЭС-тің басты артықшылығы – қолданылатын отын түрі көлемінің шағындығы. Мысалы, жылу-электр стансаларында тәулігіне екі темір жол сос­тавындай көмір жағылса, ал «ВВЭР-1000» (водо-водяной энергетический реактор) реакторының бір энергоблогына шағын ғана урандық өзек жетіп жатыр.

 

АЭС-тің кемістігін сөз етсек, экологиялық тұрғыдан оның ұтылатын жері – конденсациялық электр стансалары сияқты жылулық ластауы. Яғни турбина конденсаторларын салқындату үшін қолданылатын техникалық су мөлшерінің орасан көптігі. Мұның пайдалы әсер коэффиценті (ПӘК) 35 пайыз ғана. Сондықтан АЭС қасында су қоймасы болуы міндетті. Әрі ол техникалық себептерге байланысты электр қуатын өндіру кезінде маневрлық режимде жұмыс істей алмайды.

 

АЭС орташа есеппен 30 жылдай жұмыс істейді. Ең үлкен кемістігі – оқыс апат орын алған жағдайда оның салдарын жоюдың қиындығы мен ұзақтығы. Тағы бір күрделі проблема – пайдалану ресурсы таусылғанда АЭС-ті жою. Бұл шаруаға АЭС-ті салған бюджеттің 20 пайызындай қаражат жұмсалады. Тағы бір ыңғайсыз жері – мұнай бағасы құлдыраса болды-ақ, АЭС-тің бәсекеге қабілеттілігі төмендеп кетеді.

 

2000-жылдан бері әлемде 40 энергоблок жабылды. 2016-жылы әлемде 398 реактор жұмыс істеп тұрды. Соңғы 30 жылда бүкіл әлемдегі реакторлардың  25 пайызы (128 реактор) жұмысын тоқтатты.

 

Бүгінде Еуроодақ елдері  энергияның жел мен күн сияқты қайталама көздеріне ден қоюда. Алдағы уақытта бұл әдіс қуат өндірудің  басты бағытына айналмақ.  2014 жылы бүкіл әлемде жел қуатынан алынған энергия жылына  694 твт/с (терраватт-сағат), Күн қуаты – 185, ал атом қуаты 165 твт-сағат болды. Ядролық энергетика өндіру 11 пайыздай азайды.

 

Қазақстан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында да, одан кейін де бүкіл әлемге экологиялық таза энергия көздерін дамытуға бет бұрғандығын мәлімдеді. Жел және Күн энергиясын өндіру жолында жұмыстар жалғасып жатыр. Сондықтан энергияның қайталама көздерін дамыту бағыты басымдық күйінде қала беруге тиіс. Қазақстан үшін АЭС салу мүлде қажетсіз!

 

Екінші кезектегі мәселе: теориялық тұрғыдан болса да АЭС салуды Ресейге сеніп тапсыруға бола ма? Рас, Совет Одағы, одан кейін Ресей бірқатар дамушы елдерде АЭС салды. Олардың қатарында  Бангладеш, Қытай, Үндістан, Белорусь, Иран елдері бар. Бірақ соңғы он жылда РФ технологиялық тұрғыда дамыған елдерден ондаған есе артта қалды.

 

Ресейдің Стратегиялық әзірлемелер орталығы дайындаған баяндамада  мұндай артта қалушылық, технологияның дамуы мен интеллектуалдық меншік нарығының кенжелеуі Ресейдің экономикалық дамуын орасан көлемде тежеп тастағанын алға тартады. Ресей өнеркәсібінің өндірістік қуаттары 25 пайызға ескірген. Өндірісте қолданылып жүрген құрал-жабдықтар негізінен 2000-жылға дейін іске қосылған көне. Олардың жетіден бір бөлігі қазір түкке де жарамсыз. 

 

Стратегиялық әзірлемелер орталығының дерек­теріне қарағанда, Ресейдің күллі өндірістік қуаттарының 13-14 пайызы – «пустышка». Әсіресе азық-түлікке жатпайтын, жоғары технологиялық өндіріс­тердегі жағдай аса күрделі.  Мемлекеттік думада Есеп комитетінің басшысы Татьяна Голикованың Ресейдегі негізгі қорлардың тозымы 50 пайыздан асқанын үрейлене хабарлағаны тегіннен-тегін емес.  Елдегі машина мен құрал-жабдықтардың 25 па­йызы бәсекеге жарамсыз болып қалған. Химия өнеркәсібіндегі құрал-жабдықтардың 42 пайызы, металлургия өндірісі қуаттарының 53 пайызы көнерген. 

 

Міне, осындай экономикасы «шаршап» тұрған жағдайда Ресейге АЭС салдырту өте қауіпті. Алдын-ала есеп бойынша АЭС құны 10 миллиард доллар. «Өзінің бетін аямаған кісінің бетін дал-дұл етеді» демекші, өз экономикасын жүргізе алмай отырған ел, технологиясы батыстан оншақты есе артта қалған мемлекет Қазақстанда қайтіп сапалы АЭС салмақшы?  

 

Тағы бір ескеретін жағдай, Құдай оның бетін ары қылсын, АЭС-те қоршаған ортаны радиациялық ластау тек бұзылу мен апат жағдайында ғана емес, күнделікті жұмыс кезінде де жүріп жатады. Апатсыз АЭС-тің өзінде атомдық отын циклының барлық буынында: уранды өндіру мен тасымалдау, АЭС үшін отындық өзекшелер әзірлеу, пайдалану, жанып болған ядролық отынды сақтау мен қайта өңдеу кезінің бәрінде радиациялық ластану жүріп жатады.

 

АЭС-тен шыққан радионуклид цезий-137 өте қауіпті. Ол адам ағзасына түссе, саркома дертін туғызады. Стронций-90 ақ қан (лейкемия) ауруына ұшыратады. Криптон-85-тің аздаған мөлшері тері рагімен ауру ықтималдығын арттырады. Ядролық объектілер қызметкерлерінің өзі радиациялық ықпалға көбірек ұшырайды. АЭС тұрған жерді әдетте «ЗАТО» (Жабық әкімшілік-аумақтық құрылымдар) деп атайды. Ресейде осындай құрылымдарда дүниеге келген 14 жасқа дейінгі балалар арасында көз көруі мен иммундық жүйесінің нашарлауы, психологиялық ауытқушылықтар басқа өңірлермен салыстырғанда екі есе көбейген.

 

Іс жүзінде өздері де білместен адамдардың көп бөлігі радиациялық ластанудың құрбаны. Сәуле­ленудің болмашы дозасының өзі қайтадан қалпына келмейтін генетикалық өзгерістерге ұшыратады. Радиацияның қорқыныштылығы да сол – жүздеген миллион келешек ұрпақтың өміріне қауіп төндіреді.

 

Америкалық радиобиолог Р. Бартелл ХХІ ғасырдың басында атом индустриясының салдарынан 223 миллион адам зардап шеккенін айтады. Даун синдромы, қояншық, ақыл мен дене дамуынан артта қалушылық етек алып тұр. «Ядролық дерттің» таралуына «қайталама ластану» да қосымша себеп болып отыр. Ресей нарығынан ластанған ауыл шаруашылығы өнімдерін, саңырауқұлақ пен жидектерді алып тастауға байланысты дау-дамай әдеттегі жағдайға айналды. Осының бәрі қалай болғанда да «бейбіт атом – баяу жарылатын мина» екендігін көрсетеді.  

 

Міне, осындай себептермен Қазақстанда АЭС салудың мүлде қажеті жоқ. Ал оны Ресейге салдырту – өзімізді өзіміз нақты қауіпке байлап беру деген сөз.

 

Марат БАЙДІЛДӘҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ