Еркін Азаттың айтқандары

18.04.2019
Қаралды: 439

Әлеуметтік желіде Еркін Азат деген лақап атпен шығатын желі қолданушысы бар. Ол Қытай үкіметінің солақай саясатына қатысты тақырыптарды, қысым көрген жандардың тағдыры туралы ақпараттарды өзінің «Facebook» парақшасында қазақ, қытай, ағылшын тілдерінде жиі жариялап отырады. Солардың қатарында 8-сәуір күні 30 шақты суреттерімен қоса жарияланған мынадай жазба да бар:

 

«1. Сіздерге түзету айтайын. Қамал­ғандар саны 1 миллион емес, 3 миллионнан асып кеткен.

2. Егер телефоныңызда (Facebook, Youtube, WhatsApp, Твиттер) шетел программасының бірі болса, 15 жылға сотталасыз.

3. Концлагерьге жақындап түсірдім. Онда әр­түрлі 7000, 3000 адам қамалған. Мына бір емхананы лагерьге өзгерткен, егер қасынан өтіп бара жатсаңыз, «оқушылардың» сабақты дауыстап оқып жат­қанын естисіз, үрейлі.

4. Мешіт, шіркеу, пұтханалар – бәрі жабылған, көп мешіт­тер қиратылды. Тек көрініске және шетел тексеруші­леріне арнап әр қалаға бір-бірден қалдырып қойды әрі онда ешкім намаз оқымайды.

5. Көшеде ұйғырша, қазақша атаулардың барлығы алынып тастал­ған.

6. Әрбір орынға кірерде тексеруден өтеміз, жеке куәлігі­мізді тексертеміз. Егер сіз күмәнді әрекет жасасаңыз не қашсаңыз, әр бекет­тегі сақшылардың сізді ату құқығы бар.

7. Батыста ДАИШ-тар тарихи орындарды қиратса, шығыста қытайлар да біздің тарихи мұражайларымызды қиратты.

8. Бір-бірімізге өз ана тілі­мізде сөйлеуге тыйым салынған. Егер де бір-бірімізге өз ана тілімізде сөйлесек, онда ниетіміз дұрыс емес адам болып саналамыз.

9. Орталық алаңға кіре алмаймыз, тек жеке куәлікпен кіреміз. Қазір базарларда да адам аз. Біз бұл жер­де ешқандай жайлы өмір сүріп жатқан жоқпыз. Әр күніміз үрей. Біздің жалғыз үмітіміз тек сіздерде қалды. Сіздер біздің үнімізді жеткізі­ңіздерші!»

 

...Осыларды оқып шыққан соң біз мұны жариялаған адамның өзімен әңгіме­лесуді жөн көрдік. Сұхбат барысында Еркін Азат бұл жазбаны «Твиттер» желісі­нен алғанын айтты. Мұны сонда қытай және ағылшын тілдерінде ұйғыр жігіт жаз­ған екен. Сол кезде ол сақшының көзіне түсіп қалғанымен, қашып құтылыпты.

 

Еркін Азат Қытайда туып-өскен екен. Қазақстанға 2005 жылы отбасымен көшіп келіпті. Содан бері Алматы қаласында тұрады. Ол кісі бізге көршілес елдің сая­сатына қатысты өзі білетін біраз жайттарды әңгімелеп берді.  

 

«Қытай тарихына үңілер болсақ, олар жергілікті қазақтар мен ұйғырлар­ға жақ­сылық жасаған емес. Қытайлар оларды тек құртуды, өздеріне сіңі­ріп жі­беруді мақсат тұтқан. Сондықтан бұл азғантай халықтардың тағдыры бұлың­ғыр. Халық­аралық деңгейде демеу бол­маса, олар жоқ болып кетудің алдында тұр.  

 

2017 жылы Қытайда «діндерді қы­тай­ластыру» деген бір саясат шықты. Бұл 2022 жылға дейінгі бес жылдық жоспар болатын. Яғни бес жыл ішінде Қытайдағы христиан, ислам, будда діндерінің бәрін қытайластыру қажет. Бұл Исламды қазақтандыру немесе арабтандыру деген сияқты санаға сыймайтын нәрсе. Си Цзиньпин таққа отырғалы бері бұл үрдістер күшеюде. Бұрын бұл жасырын түрде жүзеге ас­қан болатын. Бір сөзбен айт­қанда, мұн­да басқа ұлттардың ұлттық, дін­дік сипаты жойылса, олар тек қытайша сөй­лесе, қытайша киінсе, қытайша жүріп-тұрса деген идея бар», – дейді ол.

 

Еркін Азат қандай да бір солақай саясатқа қарсы шығу үшін жастардың, халықтың көзін ашу керектігін сөз етеді. Халықтың заңнан, саясаттан хабардар болуы қажеттілігін де түсіндіреді.

 

«Мәселен, Ресей Қазақстанға АЭС саламыз деп отыр ғой. Бұл да Ресей­дің империалистік пиғылы. Шетелдік қаржыгерлер Қазақстанға қаржы құйса біздің мемлекет үшін жақсы-ақ. Жұмыс орны көбейеді. Бірақ, бастысы, олар Қазақстан Республикасының Еңбек заңына бой ұсынуы керек. Заң бойынша елдегі шетел компанияларында жұмыс істейтін шетелдіктер тек 10 па­йыз ғана болуы керек. Қалған 90 па­йызы жергілікті халық болуы тиіс. Ал кей­бір Қытай компаниялары елге келіп, Қазақстан азаматтарын емес, өз қытайларын жұмысқа алады. Осындай заң бұзушылықтарға жол бер­меуіміз керек. Олар заңды жұмыс істеп, баж салығын төлеп отырса, қарсылық жоқ. Егер заңсыз жұмыс істесе, онда тиісті жазаларын алуы керек.

 

Содан соң  жастарымыз шетелде оқу үшін Қытайды емес, басқа мемле­кетті таңдаса екен деймін. Қаражаты жетсе Америка, Еуропа елдеріне барса жөн болады. Қытайдың оқу-ағарту жүйесін коммунистік режим билеген. Қытайдың құралына айналып кетуден сақтану керек. Әрине, мен ешкімді мәж­бүрлей алмаймын. Тек сақтандырғым келеді», – дейді ол кісі.

 

Еркін Азаттың бұлай айтуға себебі де жоқ емес екен. Өзі оқыған кезде онда кемсітушіліктердің орын алғанын да жасырмайды.

 

«Ұйғыр мен қазақты жұмысқа алмай­мыз деп бетімізге ашық айтатын. Бірақ ол кезде жағдай қазіргіден біраз жақсы еді. Дегенмен 2006 жылдардан бас­тап балаларды қазақша, ұйғырша оқытпауға көшті, олар ана ті­лінде емес, қы­тайша білім алатын. Көп адам сол кез­де жағдайды байқаған соң Қытайдан көшіп кетті. Ол кезде саяси үйрену лагер­лері болған жоқ. Мұн­дай түрмелер 2016 жылдан бастап салынды да, 2017-2018 жылдары халықты  ұстау қауырт басталды, – дейді ол.

 

Біздің қойған сауалымызға қарай ол елдің тағы бір саясаты туралы әңгі­мелеп берді. Біз қазақ қыздарының қытай жігітіне тұрмысқа шыққан жайттардың орын алғанын алға тарта келе, оның аста­рында қандай мақсат жатуы мүмкін екенін де сұрадық.

 

«2015 жылы Қытайда «ұлт­тар ынтымағын нығайту» деген саясат жүрді. Ол бойынша өзге ұлттар өзара үйленуі керек болатын. Сол үшін олар­ға мемлекеттен субсидия ретінде қаржы тағайындалды. Бірақ қазақ пен ұйғыр немесе қазақ пен дүнген үйленсе ақша берілмейді. Ондағы басты шарт – өзге ұлт өкілі тек қытаймен ғана отау құруы тиіс. Сонда ғана ақша ала алады. Ал олардан туған балаға жоғарғы оқу орнына түскенде және жұмыс іздегенде жеңілдіктер жасалады. Сондай да сая­саттар жүргізілген, бірақ ол өнімді болмады, себебі ақшаға бола көпшілігі иліге қоймады.

 

Бір кездері Ішкі Қытайдың Ганьсу деген жерінен 30-40 мыңдай сүрбойдақ қытай жігіттерін алып келіп, олардың қолына құқық беріп қойды. Яғни өзге ұлт қыздарына «сен маған күйеуге шықпасаң, әке-шешеңді лагерьге кіргіземіз» дейді. Содан соң олар амалсыз тұрмыс­қа шығады. 2018 жылы бір ұйғыр қыз үйленген күннің ертесіне қы­тай күйеуінің қарнын қайшымен жарып жіберген жағдайлар да болған. Сон­да бұлардың арасында ешқандай махаббат жоқ, тек үрей мен қорқыныш қана бар. Мұндағы Қытайдың мақсаты – қазақ пен ұйғырдың қанын бұзу ғой», – дейді Еркін Азат.

 

Кім білсін, бұл сөздердің жаны бар да шығар...

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ