Халықаралық «Түркістан» телеарнасын ашуды ұсынады

18.04.2019
Қаралды: 139

Бүгінде әлеуметтік желіде ой-пікірін ғана емес, мемлекет мүддесіне қатысты ұсыныстарын ортаға тастап жатқандар да баршылық. Солардың бірі – «Ұлт мектебі» журналының штаттан тыс тілшісі, саясаттанушы әрі шымкенттік блогер Рүстем Әшетаев.

 

Төлеби ауданының тумасы осыған дейін бірнеше жыл әскери қызметте бол­ған, мұнай саласында жұмыс істеген.  Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Экономика саласында білім алған ол қазір әлеуметтік желілерде сая­саттану тақырыбына көбірек көңіл бөліп жүр. Рүстем мырза Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Үкімет басшысы Асқар Маминге, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына, Қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке Ашық хат жолдап, оны «Facebook» желісіне де жариялапты. Онда «Түр­кістан» халықаралық телевидениесі құрылсын» деген ұсыныс білдіріпті. Біз бұл туралы Рүстем Әшетаевтың өзінен сұрап білдік.

 

– Рүстем мырза, өзіңіз ұсынып отырған «Түркістан» халықаралық телевидениесі туралы толығырақ түсіндіре кетсеңіз.    

 

– Мен өзім біраздан бері әлемдік геосаясатты зерттеп жүрген адаммын. Байқасақ, мәдениеттердің бірін бірі жұту үрдісі үнемі жүріп отырады екен. Ол ешқашан тоқтаған емес. Қай өркениеттің мәдениеті екінші бір өркениетке жұтыл­ған күні ол өзінің өмір сүруін тоқтатады. Ары қарай оның ұлт болып қалуы да екіталай. Алдымен тілі, содан соң салт-дәстүрі де ақырындап ұмыт қала береді. Ал бүгінгі түркі даласының нешеме мың жылдық тарихы бар, оның ішінде біздің өзіндік мәдениетіміз, философиямыз жатыр. Қазір осы Тұран даласында батыстық, арабтық өркениеттер қанатын кеңге жайып бара жатыр. Біз соған қарсы тұруымыз керек. Оларға бірден тосқауыл бола алмаймыз, себебі онда шекара жоқ. Басқа өркениеттермен күресудің ең оңай жолы – өз өрке­ниетімізді әлемге ұсыну, оны оларға қарсы құрал ретінде қолдану. Тұран өлкесінің түп қазығы өзіміз екенін сезініп, сол мақсатта бүкіл түркі халқына ортақ телевидение ашуымыз керек. Оған 14-15 түркі мемлекетінің басы біріктірілуі тиіс. Сөйтіп, сол арқылы Түркі мәде­ниетін әлемге танытуымыз, насихат­тауымыз қажет. Бұл мемлекетімізге де үлкен абырай болады. Сонымен қатар, мұнда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған дүние­лерін қамтып отыруға, жастарға әсіре­діншілдік пен қазақы дүниетанымымыздың ара-жігін ажыратып беруге де көмегі тиер еді.

 

Оны ашу үшін ең алдымен мемле­кеттік деңгейде қолдау қажет. Бұл – үлкен жоба. Кем дегенде 5-6 философ, тарихшылардан жұмысшы тобы құрылып, жоспар жасалса, техникалық жағы аса үлкен мәселе бола қоймас. Телевидение «Түркістан» деп аталғаны дұрыс. Оның астарында үлкен мән бар. Қарасақ, Түркістанды түркі елдерінің біразы біледі. Бұл оның тек қасиетті қала ғана емес, мәдени орталық болып қалыптасуына да септігін тигізер еді. Егер телевидение ашуды қолға алмасақ, бұл туристерге арналған жай ғана қала болып қалады. Түркістан қаласын телевидение арқылы әлемге танытуға болады.

 

– Дегенмен қазіргі күні әлеуметтік желінің күші орасан зор болып тұр. Аталған телеарна әлеуметтік желінің көлеңкесінде қалып кетпей ме?

 

– Мен олай ойламаймын. Өйткені ғаламторда қаншама спорт сайттары бар. Дегенмен, «Kazsport» телеарнасының орны бөлек. «Түркістан» телеарнасы – 5-6 тілде таралатын жоба. Мұнда көр­сетілетін дүниелердің ауқымы үлкен болады. Жарты сағаттық көрсетілімнің өзінде көп нәрсені танытуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ мұнда нағыз мамандар жұмыс істейтін болады.

 

Жалпы, бізге ұлттық болмысымызды сақтау мақсатында ауқымды жұмыс істеу керек. Ол үшін біздің идеологиямызды дұрыстау қажет. Ұлттық тәлім-тәрбиемізге қатысты дүниелерді мектеп бағдарламаларына ендіру керек. Мұның бәрі баланың жас күнінен басталуы тиіс деп ойлаймын. Қазақы дүниелерге қазіргі жастар ескінің сарқыншағы деп қарайды. Біз оларға кінә арта алмаймыз. Себебі салтымыздың, сөзіміздің астарын тү­сіндіретін жұмыстармен айналысқан жоқпыз. Осыған дейін экономикамызды қалай көтереміз деп қана келдік.

 

Енді қазір үлкен қалалар соғуға шамамыз жеткен уақытта осы күнге дейін тұралап қалған осындай жобаларды іске асыруымыз қажет-ақ. Тарихшылардың, философтардың жазып, жариялап жат­қандары қаншама! Бірақ кітаптары шаң басып бекерге жатыр. Біз соның бәрін насихаттамасақ, оны жастарымыз білме­се, олар басқа өркениеттің жетегіне оңай еріп кетеді.

 

– Саясаттанушы ретінде еліміздегі саясатқа қатысты пікіріңізді білгіміз келеді. Сіздіңше, Қазақстан қандай бағытта кетіп бара жатыр?

 

– Бізге тәуелсіздік алған жылдары не де болса экономикамызды көтеру керек болды. Сондықтан инвестиция құямыз дегендердің ешбіріне жоқ демедік. Ал олар тек шикізат өндірумен айналысып, сол салаға ғана қаржы құйылды. Шетел­діктерге жеңілдік де жасалды. Бәрібір Қазақстанға қажетті қаржы құйылған жоқ. Бұл нені білдіреді? Бұл –  дүниежүзілік алпауыт елдерге Қазақстанның соншалықты дамып кеткені керек емес деген сөз. Жапония, Германия, АҚШ мемле­кеттеріне бәсекелестер қажет емес. Олар бізді тек шикізат көзі ретінде ғана пайдаланды. Олар Қазақстанда ештеңе соққан жоқ. Біз соның бәрін енді түсініп келе жатқандаймыз.

 

– Болашақ Президентіміз қандай болуы керек деп ойлайсыз?

 

– Болашақ Президентіміз қазақ тілді, ұлтжанды азамат болуы керек деп ойлаймын.

 

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан –  М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ