Шіңгілдік 13 қазақ жігіті не үшін сотталды?

16.04.2019
Қаралды: 583

Әлеуметтік желілерде Қытайдан жеткен бір жайсыз хабар туралы жарияланды. Онда Шыңжаң өлкесінің Іле-қазақ автономиялы облысына қарасты Шіңгіл ауданында жергілікті 66 қазақ азаматының (кей деректерде 69 делінеді) қылмыстық жазаға тартылып жатқаны жөнінде айтылады. Оларға «Алтын кен орындарында заңсыз қару-жарақ қолданып, күш көрсеткен, содырлық топ құрған» деген айыптар тағылыпты.

 

Мықты, қайырымды, елге қорған кәсіпкер болған екен

 

Жарияланған деректерде осы азаматтардың ішінде Мамырбек Көпжасарұлы есімді жігіттің – 20 жылға, басқаларының 3,5 жылға және одан да көп мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілгені туралы айтылады. Өткен 31-наурыз күні 13 адамға қатысты сот үкімі шығыпты.

 

Осыған байланысты Қазақстанға Қытайдан қоныс аударған және алыс-жақын шетелдерде тұрып жатқан бірқатар азаматтар хабар таратты. Бәрінің ортақ айтары – «жазаға тартылушылар кінәсіз, оларға жала жабылған болуы әбден мүмкін» дейді. Солардың бірі 20 жылға сотталған Мамырбек Көпжасарұлының 30 жастағы жігіт екенін, меншігінде «Төре таңба», «Ұлыс Орда» атты мейрамханалары, «Тұлпар» атты серіктестігі, жайылымдық және кен өндірілетін жерлері бар, қытай тілін жетік меңгерген мықты кәсіпкер болғанын айтады. Ол қар қалың түскен жылдары табиғи апаттардан зардап шеккен жерлестеріне мыңдаған юань қаржы бөліп көмектескен екен. Қазаққа тиесілі жайылымдық, егістік жерлерден кен орындарын ашпақ болған қытайлардың бетін қайтарып, қандастарының құқын қорғауда батылдық көрсетіп жүріпті. Жұртшылыққа тигізген пайдасы көп осы жігіт ауыр айыптар тағылып, 20 жылға сотталған, меншігіндегі нысандары мен қаржысы тәркіленіпті.

 

«Әділетті сот шешімін көрмей, біз Мамырбек пен қасындағыларды ешқашан қылмыскер деп санамаймыз! Қытай үкі­метінен оларды ешқандай шартсыз босатып, жайылым мен мүліктерін өздеріне қайтарып беруін қатаң талап етеміз!» – дейді осының бәрін әлеуметтік желіде баяндап отырған азамат.

 

«Бизнеспен және қайырымдылықпен айналысып, жұмыстарын дөңгелентумен қатар ұлт намысын қорғауда ешкімнен именбей келген бұл жігіттер шындығында жергілікті қазақтардың кеудесін Қытайға бастырмай жүрген топ бастар серкелер, намысты, мықтылар еді. Ежелден «өз майымен өзін қуыру» саясатын шебер қолданатын Қытай  үкіметі судьялар мен прокурорларды әдейі тек қана қазақтан таңдаған. Өздері алдын-ала дайындаған үкімді соларға оқытып тұр», – деп жазды «Уатсап» желісінде германиялық қандасымыз Өмірхан Алтын.

 

Ал бүгінде Қазақстанда тұратын ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Рух» халықаралық әдеби байқауы­ның жүлдегері Ырысбек Дәбей әлеуметтік желіде Қытай сотынан түсірілген суреттерді жариялай отырып, былай деп жазды:

 

«Қасқайып тұр қайран боздақтар! 31-наурыз күні Алтайдың Шіңгіл ауданында (менің ауылым) алды 20 жылға жазықсыз сотталған жігіттер. Шеткі тақыр бас жігіттің аты – Мамыр. Мықты кәсіпкер, ұлтшыл азамат еді».

 

Бұл оқиғаға қатысты Қытай телеарнасы таратқан хабарда үкім оқылып жатқаны көрсетіледі. Оны қытайлар кінәлі деп тапқан қазақ азаматтары бастарын тік көтере тыңдап тұр. Қолдары артына қайырыла бекітілген олардың әрқайсысының жанынан мұздай киінген сақшылар білек тұс­тарынан ұстап тұрғаны көрінеді.

 

Хабар соңында сақшылар сот залынан алып шыққан, бастары қара қапшықпен тұмшаланған азаматтарды арнайы көлікке отырғызғаны, оның «қиқулай» дабылдатып кетіп бара жатқаны көрсетіледі.

 

Бұл іске ат басындай алтынның қатысы бар ма?

 

Әлеуметтік желіде жарияланған аудиожазбаның тағы бірінде: «Көбі нақақ кетті, діни оқу оқығаны, намаз оқығаны үшін», – дейді дауыс иесі. Сотталушылар қатарынан Абай деген кісінің жұрт Тошқан деп атап кеткен баласын танып тұрғанын жет­кізеді.

 

«Мықты жігіт еді, бірақ бұзақылығы жоқ. Неге ондай жазаға тартылды? Мамыр, Дәулет, тағы басқа жігіттердің барлығы Шің­гілдегі, жалпы Шыңжаңдағы қазақтың рухы болатын. Қазақтың рухы осы жігіттердің бо­йында бар болған. Енді соны басу үшін, соны жоғалту үшін осылай жасаған ғой Қытай. Әйтпесе бұларда  ерекше қылмыс жоқ, менің білуімше.

 

Мамыр өзі өте мықты жігіт болған. 400 – 500 адамдық үлкен «Ұлыс Орда» деген мейрамханасы болған Шіңгілде, бес-алты қабаттық үлкен ғимараты болған, жүйрік ат ұстайтын, басқа да көп жұмыстар жасайтын. Оны қытайлар да пайдаланып кеткен болуы мүмкін. Біз білеміз, Чаң Шаң Шын дейтін бар, Жаң Ай Го дейтін бар, солармен бірге жұмыс жасайтын. Мүмкін солар сатып кеткен де шығар. Олардың да өз басы сондайға ілігіп кеткен болуы мүмкін. Жалпы, одан толық хабар ала алмай отырмыз. Бірақ барлығы сондай үлкен жұмыс жасайтын. Үлкен жұмыс, көп жұмыс жасағаннан кейін одан бір кінә таба салуға, олай да, былай да бірдеңені шығаруға  болады ғой. Сөйтіп жала ғана болды бұларға жасағаны.

 

Естеріңізде болса, бұрын Хотан жақта ма, бір жерде 5 кило 700 грамм алтын тауып алды деген жігіт алтынын сақтай алмай, біреу өлтіріп кете ме, тонап кете ме деп қорқып, Мамырды келіп паналаған. Алтыны сатылғаннан кейін Мамырға мені қорғадың деп 400 – 500 мың юаньдай ақша беріпті деп айтып жүрген жұрт. Сол сияқтыларды айналдырып әкеліп «алтын кеніне шабуыл жасады, тонады» дегенге жатқызған ғой.

 

Жалпы алғанда, осымен қазақтың рухын өлтіріп тұр. Баяғы Оспан батыр сияқты жігіттер ғой айтылып жатқан жігіттер. Бұлардың 13-іне үкім шығарылған. Жалпы 66 адам екен. Бұлардың ішінде біздің басқа да бауырларымыз бар шығар. Жалпы қазақтың сорпа бетіне шығатын мықты азаматтары ғой.

 

Өте өкінішті! Өте қиын, өте жаман бұл жағдай. Бұл енді қанша жерге дейін барады екен...»

 

Осының ішіндегі «алтын тауып ал­ған қазақ» оқиғасына тоқтала кетсек, ол былай болған екен: 2015-жылы Берік Сауыт есімді жергілікті малшы құрамы 80 пайыз табиғи таза алтын тауып алыпты. Оның салмағы 7 кило 850 грамм тартқан, ұзындығы – 23, қалыңдығы 18 сантиметрді құраған. «Тапқан – тапқандікі» демекші, қытайлық қазақ әлгі алтынды 5 миллион юаньға (830 мың доллар) сатқан екен.

 

Қытайда сотталған қазақ бауырлар­ға осы алтынға қатысты қандай да бір кесір тиді ме екен, кім білген...

 

Шіңгіл аты Гиннестің рекордтар кітабына енген

 

Ал, жалпы, Шыңжаң өлкесіндегі Іле-қазақ автономиялы облысында қазақтар көп шоғырланған екен. Осының Алтай аймағына қарасты қала-аудандарының ішінде (Алтай қаласы, Көктоғай, Қаба, Шіңгіл, Жеменей, Бурылтоғай, Буыршын аудандары) қазақтарының көптігі жөнінен Шіңгіл ауданы 4-орында тұр. Онда шамамен 70 мыңдай адам болса, соның 50 мыңнан астамы қазақтар деген дерек бар.

 

Аудан үлкен көлге барып құятын Шіңгіл деген өзеннің атымен аталған. Онда көшпелі өмір салтын сақтап қалғандар да бар. Сондай-ақ аудан же­рінде бірқатар пайдалы қазбалар да жетерлік көрінеді.

 

Шіңгіл ауданы Монғолияның Баян-Өлгий аймағымен шектеседі. Аудан орталығы – Шіңгіл қаласы. Бұл аудан­ға Күңше, Тайкешкен кенттері, Ажеле, Аралтөбе, Сарытоғай, Шағангол, Ағаш­оба атты болыстықтар қарайды. Шің­гілде екі ел арасындағы «Тайкешкен»  кеден бекеті жұмыс істейді.

 

Шіңгіл кезінде түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып келген берекелі аймақ болғанға ұқсайды. Мысалы, 2009 жылы 31-тамызда мұнда әр ұлттан құралған 13 мың 288 адам бір мезгілде «Қаражорға» биін билеп, әйгілі Гиннестің рекордтар кітабына енген.

 

Сондай-ақ Шіңгілге қарасты Қа­рақия қыстауында  2015 жылы 67 бүркітші қатысқан Құсбегілер біріншілігі ұйымдастырылған екен.

 

Міне, осындай берекелі аймаққа соңғы жылдары саяси себеппен бұлт төніп тұрғандай. Мысалы, бүгінде «Ютуб» желісінде Қазақстанға қоныс аударған шіңгілдік бір азаматтың 2018 жылғы қараша айында Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі комиссиясына жолдаған бейнеүндеуі жүр. Бұл азамат өз үндеуінде Шіңгіл ауданында этникалық қазақтарға қы­сым көрсету 2016 жылдан бері жалғасып келе жатқанын айтады. «Шыңжаңды басқаруға Тибетті жаныштаған Чын Чуангу келгелі ондағы қысымшылық күшейді. Қазақстанға барып қайтқаны, әлеуметтік желі арқылы сөйлескені, Түркияға, Қазақстанға сауда мақсатымен барғаны, Ислам дінінің жоралғыларын ұстанғаны үшін қамауға алуда», – деген ол халықаралық ұйымдарды жазықсыз қысым көріп жақан адамдар­ға араша түсуге шақырады.

 

Соған қарағанда, кешегі Шіңгілдегі адамдар жазықсыз сотталды деген сөздің қисыны да бар сияқты. Сондай жандар­ға ара түсе алмайтынымыз өкінішті!

 

Гүлісхан Домалайқызының жанайқайы

 

Кешегі Шіңгілде болған жағдай әсіресе елімізге Қытайдан қоныс аударған қандастарымызға қатты батты. Солардың бірі – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлісхан Домалайқызы «Ютуб» желісінде «Қытай ақшасы түбімізге жететін болды» деген тақырыппен өзінің жанайқайын жеткізді.

 

«Әлеуметтік желілерде Алтайдың Шіңгіл ауданында  өрімдей жас азаматтардың сотталғаны туралы айтылып жатыр, – деді Гүлісхан Домалайқызы осы үндеуінде. – Ешқашан Қазақстанға келмеген, өрімдей, атпалдай жас азаматтарды «ұйымдасқан қарақолдар» дейді. Бір ауданда 60-70 адамды қарақолдар деп ұстап жатса, сонда Қытайда қарақолдар қаптап кеткен болғаны ма қазірге дейін? Ал 3 жылдан бері кімді қамап, кімді ұстарын білмей жүрген Қытай оларды неғып еркіне жіберіп қойған екен?

 

Мұндай өтірік, мұндай масқара жағдай біздің жігерімізді одан сайын жасытып, көңілімізді тас-талқан етті.

 

Құрметті халайық! Біз бүгін бәріне төзіп отыра берсек, бүгін сен аман қалатын шығарсың, бірақ ертең сенің ұл-қызыңа не жасамайды мына Қытай? Сен тәуелсіз Отанда тұрып, еркін елде тұрып, Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығын қорғау органдарымен қол қо­йысқан құзырлы елдің тұрғыны бола тұрып сол туыстарыңа араша түсердей, дәрменсіз, қауқарсыз, қорқақ, бейшара халде отырсаң, ертең сенің осындағы ұрпағыңды кім қорғайды?

 

Әлеуметтік желідегі тағы бір ақпаратқа қарағанда, Талдықорғанның Жетісу өңірінде жастарды жинап, «Қытай бізге ешқандай жау емес, дос!» деп ұрандап жатыр екен. Қай газеттен көргенім есімде жоқ.

Қысқасы, жағдай жақсы емес. Үнсіз отырып ештеңені шеше алмайсыңдар, айналайын қазақтар! Кеше ғана Серік­жан Біләшұлы ортаға шығып сөз сөйлеп жүргенде біз мәселені тыныш қана, дипломатиялық жолмен шешетін едік қой деген қытайшылдар не шешті? Серікжан қамалғалы бері қазақты топ-тобымен, үйір-үйірімен апарып қамап, мойнына ашық түрде  құрық іліп жатыр.

 

Қысқасы, ояну керек! Кеше сәл ертелеу болған, бірақ ертең кеш болатын түрі бар. Бүгін, қазір не істейтініңді шеш, арыздан, видеоарызыңды, жазба арызыңды жаз, өзің тұрған әрбір аудандағы баспасөз орындарына бар! Керек болса, Астана, Алматыдағы ірі, Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқын қорғау ұйымдарына бар. Қазір бейжай, тиыныңды санап, балаңды бағып жүретін заман емес. Яғни Қытай қазағының басына орнаған осы қасірет сен секілді бірінші бейғамдығынан болса, екінші тиынқұмарлығынан болды. Олар Қытайдан айырылса өлетіндей болды, тағдырын Құдай емес, Қытай шеше­тіндей болды, сол аз ғана тиын-тебеннен айырылса, несібесі тоқтайтындай көрді. Қане сол ақша оларды құтқара алды ма? Өрімдей жас ұлдарын апарып түрмеге жауып жатыр.

 

Біреу пенсиясын қимай Қытайдан кете алмайды екен, ал мұнда келіп алғандар пенсиямды тоқтатып тастайды деп отырады екен. Әй, айналайын, қандай халықпыз біз, қандай халықпыз?! Ақша сендердің қайсыларыңды құтқарады? Адам Қытай берген пенсиясымен мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды. Ұрпағыңның тағдыры бүгін сенің қолыңда. Үнсіз отырма! Сайра­гүлдің сотына бар, ел екеніңді көрсет, Серікжанға бостандық сұра!

 

Өз Отаныңда, тәуелсіз Отаныңда отырып адам құқын қорғай алмай, қорқып, қалтырап отырсаң ертең ұрпағыңды қалай қорғайсың? Демек, мен шағымдансам, Серікжанды жала жауып ұстап әкеткен топ мені де ұстап әкетеді деп қорқасың ба? Қазақстанда қытайшыл күштердің көп екенін сезіп, арыз жазудан қорқып отырсың ба? Онда Қазақстан кімге тірек болады? Бүгін үйіңде тыныш отырып, аман қалғаныңмен, Қа­зақстанда шынымен сен қорыққандай қытайшыл күштер асқынып кеткен болса, болатын дүниенің ертерек болып, ашылатын сырдың ертерек ашылғаны жақсы. Ертең сенің бала-шағаң сол қасіретті шеккенше бүгін көріп алайық оны бәріміз бірге.

 

Бір Серікжанның жасаған ісін біз мыңдаған адам жасай алмай отырмыз қазір. Бір Серікжаннан қорқып, бұғып, сырын жасырған Қытай қазір мыңдаған, он мыңдаған біз секілді, сіз секілді кеудесіне нан піскен, жай күнде батыр, жау келгенде бейшара, пақырлардан қорықпай, ашық жариялады. Қысқасы, қазақтың азаматтарынан еркеккіндікті қалдырғысы жоқ.

 

Құрметті қазақтар! Торғай-екеш торғай да, алысқа  бара алмайтын үй тауығы да балапанына қауіп төнгенде қанатымен  жанын пида етіп, жанкеш­тілікпен қорғайды ғой. Бізде сол құрлы қауқар жоқ па? Сиыр-екеш сиыр да бір тұқымдасының басына күн туып, қанды-сөлді бірдеңесін көрсе, өкіріп-бақырып үн қосады. Біз хайуаннан да тексіз, ха­йуаннан да бейшара халдеміз бе? Қазақ деген қасиетті елдің ұрпағы емес пе едік?!

 

Біз неге Қытайдың ақшасына осынша тәуелді болдық? Қытайдың ақшасы біздің түбімізге жететін болды. Қытайдың ақшасына бола арғы беттегі туыстарымыз кете алмай, бүгінгі ұл-қызы қорланып жатыр. Қытайдың ақшасына бола біздің сатқындарымыз қол-аяғы­мызды байлап бергендей, тілімізді байлап, жолымызды байлап, біздің құқықтарымызды байлап отыр. Ал біздің ақыл айтатын, ата сақалы аузына шыққан, өмір көрген, бізді шақыратын, басымызды біріктіретін, жол көрсететін бірқатар ағаларымыз Қытайда пенсиямыз тоқтап қалады деп үнсіз отыр.

 

Айналайын қандастар, сен Қытайдағы әрбір ризықты жеген сайын саған қауіп те, қасірет те еселеп жатыр. Біздің ризығымыз – Құдайдан. Қытайдың ақшасын қимаған қазақтардың тағдырын көріп отырсың арғы беттегі. Ертеңгі сол тағдыр тағы да сенің ұрпағыңа осы жерде жалғаспасы үшін бүгін әрекеттен. Сайрагүлдің сотына бар, Серікжан Бі­ләш­­ұлын шығарып алуға үн қос, талап ет! Елбасына, қазіргі Президентіміз Тоқаев мырзаға, Сыртқы істер минис­трлігіне, «Нұр Отанға» арыздан, баруға жағдайың келмей отырса видеоарызыңды жаса.  Өзің тұрған қаладағы әрбір қатысты органға бар! Бейжай қалатын уақыт емес, айналайын қазақтар!»

 

Дайындаған – Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ