Сайлаудың біз білмейтін қызықтары көп екен

16.04.2019
Қаралды: 391

Бүгінде жұртшылық арасындағы әңгіменің көбі Президент сайлауы туралы болып жатыр. Осы орайда басқа елдерде сайлау қалай өтетініне де бір көз жіберіп көрген едік.

 

Әлемнің 20-дан астам елдерінде сайлауға қатысу заң жүзінде міндеттелген екен. Мұндай заң Эквадорда да бар. Дауыс беруге бармаған адамдар көп мөл­шерде айыппұл төлейді. Австралияда да сондай жағдай. Сайлауға еш себепсіз қатыспай қалған 18 жастан асқан тұрғынға мемлекет тарапынан айыппұл салынады.

 

Мұндай елдердің қатарына Пәкстанды, Кипрді, Италияны, Люксембургты, Бельгияны да қосуға болады. Бельгияда дауыс бе­руші бір рет сайлауға бармаса – 50 евро, екінші ретте тағы да қатыспаса 125 евро айыппұл төлейді, одан кейін де бармаса ол дауыс беру құқығынан 10 жылға айырылады. Ал Бразилияда 18 жастан асқан азаматтар кезекті сайлауға қатыспай қалса, келесі сайлауда дауыс бермейінше оған төлқұжат берілмейді. Перу мен Грекияда да сайлаудан қалыс қалғандар мемлекеттік қызметке орналаса алмайды екен.

 

Солтүстік Кореяда сайлау әр 5 жыл сайын өтеді. Ал сайлау бюллетендерінде бір ғана үміткер болады. Оның себебі – бір сайлау учаскесі тек бір ғана үміткерді қолдайды екен. Сондай-ақ жергілікті тұрғындардың кандидатурасын ұсынған үміткерге қарсы дауыс беруге де мүмкіндігі бар.   

 

Ал Италияда сайлау бюллетенін бүлдірген немесе жыртқан адам 1 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады екен. 

 

АҚШ-тың Нью-Мехико штатында сайлауға қатысты мынадай заң бар екен: басшылыққа үміткер екі адам бірдей дауыс жинап, тең түсіп қалса, жеңімпазды екеуара ойналатын ойын нәтижесімен анықтайды. Сондай-ақ мұндай заң 1998 жылы Бразилия елінің Эстансия қаласында жүзеге асты. Тең түскен Джеймс Фаррингтон мен Джоан Карлсон покер ойнап, нәти­жесінде Джеймс қала мэрі болады. 

 

Либерияда 1989-1996 жылдар аралығында орын алған азаматтық соғыс аяқталған соң, 1997 жылы елде президенттік сайлау өтті. Осы соғыста өзінің қатігездігімен және бүлікшілігімен танылған Чарльз Тейлор: «Ол менің анамды өлтірді. Ол менің әкемді өлтірді. Мен оған дауыс беремін!» деген ұранмен сайлауға түскен болатын. Тейлор бұл ұраны арқылы қаншама жанды о дүниеге аттандырғанын мойындап тұрса да 75 пайыз дауыс жинап, 2003 жылға дейін ел Президенті қызметін атқарыпты.

 

Ал Исландияның астанасы Рейкьявикте керісінше 2010 жылы өткен қалалық кеңес сайлауына комедия­лық актер Йон Гнарр өзі негізін қалаған «Ең үздік партиясымен» сайлауға түсіпті. Партия өз бағдарламаларында өткір де әлеуметтік мәселелердің тез әрі оңай шешімін табуды уәде ететін саясатты көрсет­кенімен, жеңген жағдайда бұл уәделерін орындамайтынын жариялайды. Сондай-ақ олар «Басқа партиялар жемқорлықты жасырын жасаса, біз жемқорлықты ашық жасайтын боламыз» дегенді де қоса айтыпты. Нәтижесінде «Ең үздік партия» 34,7 пайыз дауыс жинап, Йон Гнарр Рейкьявик қаласының мэрі болып сайланды.

 

Данияда да 1979 жылы өзінің әзілге негізделіп жасалған бағдарламасымен Якоб Хаугард атты әзілкеш Парламентке сайлауға түсті. Ол күн тәртібін «8-8-8» жүйесі бойынша бекітетінін айтыпты. Оған сәйкес адамдар 24 сағаттың 8 сағатын бос уақытқа, 8 сағатын демалуға, ал қалған 8 сағатын ұйқыға жұмсауы тиіс. Сонымен қатар, оның бағдарламасында «Веложолақта адамға қарсы есетін жел күшін көбейту; ауа райы болжамын жақсарту; дүкендердегі кезекті азайту; әскери қызметкерлердің ас рационына «Нутелла» десертін қосу» деген секілді біртүрлі уәделер де бар. Якоб Хаугард 1994 жылы кезекті сайлауда жеткілікті дәрежеде дауыс жинап, ел Парламентінде төрт жыл отырған екен.

 

«Әр елдің салты басқа...» демекші саясатқа қатыс­ты әлемде осындай да қызықтар бар екен.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ