Шетелдік сарапшылар да айтып жатыр

16.04.2019
Қаралды: 205

Еліміздегі болатын кезектен тыс Президент сайлауына қатысты жаңалық тек Қазақстан халқын ғана емес, әлем сарапшыларын да елең еткізді. Солардың қатарында ресейлік сарапшы, Мәскеу мемле­кеттік халықаралық қатынастар институты Орталық Азия мен Ауғанстан проблемаларын зерттеу орталығының директоры Андрей Казанцев та бар.

 

А.Казанцевтің: «Ішкі саясат тұрғысында ішкі тұрақтылықтың сақталуы құптала түседі. Елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол жеткізген барлық жетістіктер сақталады. Ал  негізгі бағыттарда, ең алдымен әлеуметтік-экономикалық даму саласында ол жүргізген саясат жалғаса беретін болады. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімі билік транзитінің қисынды түйіні деп санауға болады», – деген пікірін «ҚазАқпарат» жариялады.

 

Ал Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі, Қытай халықаралық зерттеулер қорының ғылыми қызметкері, Қытай қоғам қайраткері Яо Пэйшун былай депті:

 

«2019-жылдың 9-маусымындағы кезектен тыс Президент сайлауы Қазақстандағы ең маңызды саяси оқиғалардың бірі болады және әлем назарын өзіне аударады. Мен сайлаудың әділ әрі табысты өтетініне сенімдімін. Меніңше, қазақ халқының бірлігі ғана мемлекеттің дамуына кепіл бола алады. Көршіміз Қазақстанның болашақта барлық салада бұдан да жоғары жетістіктерге жететініне сенімдіміз».

 

Сайлауға қатысты пікір білдірушілердің енді бірі – Леонид Млечин. Халықаралық шолушы әрі жазушы.

 

«Көрші ел Қазақстанда болып жатқан барлық оқиғалар кейде біз үшін тосынсый болып жатады. Неге екенін түсінетін секілдімін. Себебі біз бұған дейін ол жақта не болып жатқанын жақсы білмедік, ондағы өзгерістерге аса мән бермей келдік. Әсіресе соңғы уақытта орын алған жаңалықтарды естіген кезде біз әртүрлі болжам жасадық. Конституция бойынша Мемлекет басшысы болған Қ.Тоқаевты тек уақытша Президент деген ой түйдік. Бірақ Қ.Тоқаев мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. Негізінде оның 2020 жылдың сәуіріне дейін өз қызметін жалғастырып, қазақстандықтардың сеніміне әбден ие бола беруіне болатын еді. Алайда бәрі басқаша өрбіп жатыр. Ол елдің заңды Президенті ретіндегі міндеттерін жүзеге асырғысы келеді», – дейді Д.Млечин.

 

Қазақстан туралы бірқатар сарапшылардың сұхбатын «24 Хабар» арнасы да берген болатын. Соның ішінде германияның Бундестаг депутаты Генрих Цер­тиктің де ой-пікірі бар. Ол: «Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу арқылы Қазақстан биліктің ауысуын жылдам әрі демократиялық жолмен жүзеге асыруға бет алғанын байқатты. Әрине, Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция бойынша Президент болып таға­йындалды. Дегенмен халықтың өзі сайлаған басшының орны бөлек, құны жоғары болатыны белгілі. Сондықтан қазақстандықтар өздері сенім артатын лайықты үміткерге дауыс береді деп сенемін», – дейді.

 

Ал Түркия Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу: «Қазір төрткүл дүниеде түрлі жағдайлар болып жатыр, тұрақсыздық жайлап барады. Осы себепті әрбір мемлекет үшін тұрақты басқару маңызды. Бұл елдегі экономикалық жағдайға және шетелмен қарым-қатынасқа әсер етеді. Қазақстан бұл тұрғыдан жылдам әрі дұрыс шешім қабылдады. 9-маусымда өтетін жалпыхалықтық Президенттік сайлау арқылы бүкіл әлемнің сенімін тағы бір рет ақтайды. Сондай-ақ бұл жағдайдан соң шетелдік инвесторлардың билікке деген сенімі артып, олардың нақты қадамдар жасауына кедергілер болмайды. Түрік жұрты ретінде тамырлас елде сайлау­дың жоғарғы деңгейде өтуіне тілектеспін», – дейді.

 

Сондай-ақ британиялық «The London Post» желілік басылымының бас редакторы Шахид Курешид мынадай пікір айтады: «Менің ойымша, бұл жағдай елдегі саяси және экономикалық тұрақтылыққа себепші болады. Сондай-ақ ол Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев саясатының сабақтастығын айқындай түспек. Ол өз өкілеттілігін тоқтату арқылы шынымен де ұлт көсеміне айнала білді. Сонымен қатар, сіздердің бұрын­ғы Президенттеріңіз елдегі саяси жағдайды дұрыс жол­ға бағыттайтын және жетілдіретін жүйенің негізін қалады деп ойлаймын».

 

...Міне, Қазақстанға сырттан қараған әлем сарапшылары алдағы болатын сайлауға қатысты осылай деп ой білдіруде екен. 

 

 М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ