Саясаттанушылар не дейді?

16.04.2019
Қаралды: 372

Бүгінде еліміздің саясаттанушылары алдағы өтетін Президент сайлауына қатысты өз болжамдарын қызу білдіріп жатыр.

 

Мысалы, саясаттанушы Данияр Әшімба­евтың пікірінше, бұл сайлауға қазір Президент міндетін уақытша атқарып отырған Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың қатысып, жеңіп шы­ғуға мүмкіндігі жоғары.

 

«Сайлауға билік тарапынан Тоқаев қатысады деп ойлаймын. Ол сайлаудың бірінші кезеңінде айқын басымдықпен жеңіске же­теді. Әрине, бәсекелестері болады, бірақ осындай қысқа уақыт аралығында онымен тайталаса алатын үміткер шығады деп айта алмаймын. Қоғамдық бірлестіктер, кейбір партиялар өз үміткерлерін ұсынар, бірақ олардың әрекеті Президент сайлауында бәсекелестік бар деген ұғым тудырудан әріге аспайды», – деді ол ақпарат құралдарының бірімен бөліскен пікірінде.

 

Д.Әшімбаевтың болжамынша, Президент сайлауына билік тарапынан ұсынылған үміткерден басқа ықтимал қатысушылар (мысалы, депутаттар корпусынан, кәсіп­одақтар федерациясынан, тағы басқа) ары кетсе 2-3 пайыздан ғана дауыс жинауы мүмкін. Ал саяси партиялардың кейбірі 15 па­йызға дейін дауыс жинауға қауқарлы адамы бола тұра сайлауға үміткер ұсынбайды.

 

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев (суретте) өзінің «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі парақшасында былай деп жазды:

 

«Қазақстан жағдайында Президент сайлауы туралы мәлімдеу мен сайлаудағы әділ таңдау мүмкіндігі деген – екі басқа нәрсе. Бұл сайлаудың сценарийі, қатысушылардың құрамы, «көпшілік көріністер» мен «жеке орындаушы» бекітіліп қойған да шығар. Оппозиция алаңы тазартылған. Әкімдер бұйрық күтіп отыр. Сайлау комиссияларының болашақ төрағаларына тапсырма берілген. Билікке жақын ойыншылар стандартты үгіт-насихаттарды күтеді. Біз бұдан өткенбіз.

 

Әдет деген – екінші мінез. Бүкіл мемлекеттік аппарат сайлауды басқаша өткізген емес. Басқаша өткізе де алмайды. Тек саяси технологияларды бүркемелеу ғана қалды. Олар қазір басталды.

 

Бізде барша саясатты саяси технологияларға апарып тіреп қояды. Ал нағыз саяси таңдау бояма ұқсастыруға емес, саяси бәсекелестікке және таңдау құқына негізделуі тиіс.

 

Айтпақшы, сайлау туралы конституциялық заңның 10-тарауында бір жымысқы тармағы бар: Президенттікке үміткердің кем дегенде 5 жыл мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымда істеген тәжірибесі болуы керек. Яғни сен «жүйеде» болмасаң, онда сайлануыңа үміт жоқ.

 

Қысқасы, Зеленскийдің қазақстандық нұсқасы бұл сайлауда өтпейді.

 

Кей елдерде шиеленіс сайлауда кім жеңетініне байланысты болып жатса, бізде ол кімді «жеңімпаз» етіп таңдайтынына байланысты. Жүйе қандай болса, ин­трига да сондай».

 

Тағы бір саясаттанушы, Орта Азиядағы демократия­ны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбе­т­алиева «Азаттық» радиосына берген сұхбатында алдағы сайлаудың әділ өтеріне күмәнданатынын білдірді.

 

«Оны әділ өтеді деп айта алмаймын, – деді ол өзіне қойылған сұрақтарға орай. – Егер жыл соңына қарай, желтоқсанда өтсе, онда әділ болуы мүмкін еді деп ойлаймын. Ал қазір уақыт тығыз. Дегенмен бұл сайлау халықтан, азаматтық сектордан шығатындар­ға жақсы мүмкіндіктер беріп тұр. Бұрын халық сайлауға пассивті түрде қарап келсе, қазір белсенділік бар. Мұндай мүмкіндікті пайдаланып қалған жөн, жұрттың сайлауға қатысуы керек, өз таңдауын білдіруі керек. Менің дауысым бірдеңені шешеді деген ұстаным болуы қажет».

 

Т.Үмбеталиева халықтың арасынан бірне­ше үміт­кердің шыққаны, қажеттілік туса, біріккендері дұрыс болатынын айтты.

 

Ал саясаттанушы Марат Шибұтовтың болжамынша, сайлауға кемінде 4 саяси партия қатысуы мүмкін. Осылай деген ол «Нұр Отан», «Ақ жол», «Ауыл» және Комму­нистік халық партияларын атады. Ол билік партия­сынан Президенттікке Қ.Тоқаевтың ұсынылатынына сенімді. Сондай-ақ қалған үш партия өз басшыларын ұсынуы мүмкін деген пікір білдіріп отыр.

 

Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ