Президент сайлауына кімдер түсе алады?

15.04.2019
Қаралды: 60

Сонымен енді екі айға толар-толмас уақыттан кейін елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтетін болды. Ол 9-маусымға деп белгіленді.

 

Бұл өзі тосыннан жарияланған шешім болғанымен жұрт осындай бір өзгерістің боларын сезіп жүрген. Өткен наурыз айындағы орын алған Тұңғыш Президенттің өз өкілеттігін тоқтатуы, Президент міндетін уақытша атқарудың осыған дейін Сенат төрағасы болып келген Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктелуі, оның орнына Дариға Назарбаеваның бекітілуі, Астана қаласына Нұр-Сұлтан атының берілуі сияқты оқиғалар адам таңқаларлықтай қысқа ғана уақыттың арасында іске асты. Сондықтан ел тұрғындары енді аз уақыттан соң кезекті Президент сайлауы өтетінін естігенде аса таңқала қойған жоқ.

 

Негізі бұрын Президенттікке үміткерлерді ұсыну сайлау болады деп белгіленген күннен 3 ай бұрын басталып, сайлауға 2 ай қалғанда аяқталатын, осы күннен тіркеу басталып, ол сайлауға 40 күн қалғанда аяқталатын еді. Бұл жолы ол жедел түрде өткелі тұр. Орталық сайлау комиссиясы үміткерлерді 10-сәуірден бастап ұсына беру­ге болатынын, ол  28-сәуір күнгі кешкі сағат 18.00-ге дейін жалғасатынын мәлім етті.

 

Саяси науқанға дайындық кезектен тыс Президент сайлауы өткізіледі деп жарияланған күннен-ақ қызу басталып кетті. Ең алдымен елімізде ресми тіркелген 6 партия әрекетке кірісті. Олардың бірқатары шұғыл жиналыстарын өткізіп, таяу арада өз үміт­керлерін ұсынатындарын мәлім етті. Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Назарбаев партия атынан түсетін үміткерді таңдауға тапсырма берді. Саясаттың төңі­регінде жүрген бірқатар елге белгілі азаматтар да (мысалы, Әміржан Қосанов) егер өзіне ұсыныс білдіріп, қолдайтындар шығып жатса, сайлауға қатысуға дайын екен­дерін білдірді.

 

Ал Қазақстан Конституциясы, «Сайлау туралы» Заңы бойынша ел Президенттігіне үміткер адам тумысынан Қазақстан азаматы болуы, Мем­ле­кеттік тілді еркін меңгеруі, жасы 40-тан төмен болмауы тиіс. Оның Қазақстанда тұрып жатқанына кемінде 15 жыл болуы қажет. Мемлекеттік қызметтегі немесе сайланбалы қызметтегі еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы керек. Президенттікке үміткер қандай да бір діни бағыттағы қызметтің өкілі болмауы, оның белсенді сайлау құқы болуы керек. Сондай-ақ ол бұрын сотталмаған болуы тиіс. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сот үкімімен сотталған, сайлауға және сайлануға құқы жоқ деп танылған адамдар Прези­денттікке үміткер бола алмайды. Президент­тікке үміткер азамат медициналық тексеруден өтеді және табысы туралы арнайы анықтама өткізеді.

 

Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерді қоғамдық бірлестіктер, саяси пар­тия­лар ұсынады. Ал жекелеген азаматтардың өзін-өзі ұсынуына 2017-жылы тыйым салынған. Ондай жандар қоғамдық бірлес­тіктердің атынан түсе алады. Прези­дент­тіктен үміткер еліміздегі барлық аумақ, республикалық маңыздағы қала, Елорда сайлаушылары жалпы санының 1 пайызының қолын жинауы тиіс. Ол содан кейін ғана тіркеуге алынады.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ