Рухы асқақ Руза апай тіл мәртебесі үшін тіресіп жүр

15.04.2019
Қаралды: 136

Елімізде қазақ тілінің кей жағдайда кейінгі орынға ысырылып қалып жататыны тіл жанашырларын қатты алаңдатуда. Қазақ тілі үшін күресіп жүрген жандардың қатарында қоғам белсендісі, павлодарлық Руза Бейсенбайтегі де бар. Ол кісі барлық қызмет көрсету орындары мен мемлекеттік мекемелерден қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етіп келеді. Олардың қатарында медициналық мекемелер де жоқ емес. Солардың бірі – «Глория-фарм» ЖШС-і. Бұл дәріханалар желісімен болған дау осыдан біраз уақыт бұрын басталған екен. Руза Бейсенбайтегі бізге бұл туралы бастан-аяқ айтып берді.

 

«Осыдан 5-6 жыл бұрын үйдің жанындағы дәріханаға бас сұғып, өзіме қажетті дәрі сұрағанмын, – дейді ол кісі. – Қазақ тілінде сөйлеген маған олар: «По русский говорите», – деді. «Тек по русский Ресей Федерациясында», – деп едім, ашулана бастады. Мен олардың мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін талап ете бастағанымда дәріхана қызметкерлері: «Вы – провакатор, националистка! Вы прекрасно знаете руский язык. Вы – разжигатель межнациональной розни, расистка!» – деп түрлі айыптаулар тағып, күзет­шілерді шақырды. Күзет қызметкеріне бағынғым келмей, барлық іс-әрекетті видеоға түсіре бастап едім, полиция шақырды. Сөйтіп, мені далаға шығарып жіберуге шамалары келді.

 

Ұзын сөздің қысқасы, ырду-дырду болдық. Бірақ сол күні олар менің талабымды орындамады. Содан үйге келдім де, таңғы 4-ке дейін отырып, Денсаулық сақтау министрлігіне хат жаздым. Ол кездегі басшысы Салидат Қайырбекова болатын. Бір қызығы, бірнеше күннен кейін менің қазақша хатыма: «Өзіңіз кінәлісіз, орыстардан қазақша сұрамауыңыз керек» деген мазмұнға саятын орысша жауап келді. Менің көңілім толмай, Салидат Зекенқызын сотқа беретіндігімді айтып, оны әлеуметтік желілерге жарияладым. Оны жеңуімнің екіталай екенін түсініп те тұрдым. Екі күннен соң министрліктен екі адам келді. Олар: «Тексеріс жүргіздік, енді сізге тек қазақ тілінде қызмет көрсететін болады», – деді.

 

Неге маған ғана қазақ тілінде қызмет көрсетуі керек? Олар заңға сәйкес жұмыс істеуі керек емес пе?! Мұндай нәрсе мен үшін тілді кемсітушілік, дискриминация болып саналады. Мемле­кеттік тілде сұрап тұрған болсам, демек, сол тілде ақпарат алуым тиіс. Бұл «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңында да көрсетілген.

 

Біршама уақыттан соң «Глория-фарм» дәріханасы қызметкерін ауыстырып, орнына қазақтілділерді қойды. Әлгі министрліктен келген адамдар да бұдан былай «Глория-фарм» ЖШС-нің қазақша қызмет көрсетінін айтқан болатын. Мен дәріханаға күнде бара бермеймін, бәлкім біраз уақыт солай болған да шығар, бірақ қазір барлығы қайтадан қаз-қалпына келген сияқты. Міне, наурыз айының соңғы үш күнінде қазақ тілінде ақпарат ала алмай отырмын. Мен «Глория-фармның» басқа дәріханасына телефон шалдым. Ондағылар:  «Женщина, говорите на русском языке», – дейді. Бұл – дискриминация, бұл – тілді кемсітушілік, бұл – мені мәжбүрлеу. Бізде мұны заң бойынша қу­далап жатқан ешкім жоқ». 

 

Бұл жөнінде Руза Бейсенбайтегі Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне хабарлапты. Басшылығына барлық дәріхана иелерін жинап, Қазақстан Республикасының Консти­туция­сы мен «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңын көрсете отырып, мемлекет заңдарына сәйкес қызмет көрсетулері тиіс екенін тәптіштеп түсіндірулерін сұраған екен. Әзірге ол өтінішінің орындалмай отырғанын айтады. Енді ол кісі «Глория-фарм» ЖШС заңгері өзін қазақ тілінде қызмет талап еткені үшін сотқа бермек болып отырғанын қоса жеткізді.

 

«Ол: «Мен сізбен сотта кездесемін, сіз дұрыс талап қойып отырған жоқсыз», – дегенді айтады. Мен «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңын негізге алып отырмын. Елімізде мем­лекеттік тілді ешкім алып тастаған жоқ. Оған телефонның бергі жағынан: «Айналайын...» – десем, әлгі Андрей есімді заңгер: «Вы поступаете оскарбительно по отношений ко мне, вы меня называете как маленького ребенка», – дейді. Мен оған «Айналайын» деп үлкенге де, кішіге де айтылатынын түсіндіруге тырыстым», – дейді Руза ханым.

 

Тіл жанашыры Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мырзаға да үндеу жариялап отыр. «Глория-фарм» секілді мекемелердің лицензияларын қайта қарап, Қазақстан Републикасының барлық тілдік заңнамалық нормаларына қатысты баптарын қатаң қадағалау енгізуді талап етемін. Жаңадан берілетін лицензияларға да осындай талап енгізу­ле­ріңізді сұраймын», – делінген онда.

 

Руза Бейсенбайтегінің тілге қатысты оқиғасы тек бұл ғана емес. Биылғы жылдың наурыз айында оны көлік қағып, екі жамбасы сынып ауруханаға түскен. Медициналық қызметкерлер жеке бас мәліметтерді орыс тілінде сұрайды. Ол кісі жаны қиналып жатса да сұрақтарды қазақша қоюын талап еткен.

 

«Бір дәрігер келіп: «Неменеге тіл, тіл деп жатырсыз? Біз сізді қабылдадық, емдейміз, сол үшін рахмет айтыңыз!» – дейді. «Онда мені далаға шығарып тастаңыздар!» – дедім. Сол сөзден кейін ойланды ма, қайдам, олар менімен қазақ тілінде сөйлесіп, маған қазақ медбике келіп, қызмет көрсете бастады. 2-3 күннен соң өз-өзіме келген мен жан-жағыма қарағанда қабырғаға ілінген барлық ақпараттар орыс тілінде екенін байқадым. Жалпы, облыстың қай ауруханасы болмасын, бәрінде 100 пайыз осындай көріністі көруге болатынына сенім­дімін.

 

Таңертеңгі науқастарды тексеру (обход) кезінде келетін медициналық қызметкерлер тек орыс тілінде сөйлейді. Менің талабымды білетін болған соң маған ғана қазақша сөйлеуге тырысады. Осында 9 күн жаттым. Сол 9 күн бойы оларға заңнамалық нормаларды түсіндіріп, намыстарын қайрап жаттым. Мен кететін соңғы 1-2 күн ішінде, бәлкім менің көзімше ғана болар, кейбірі қазақша сөйлей бастады. Әрине, олардың медициналық қызметіне тағар еш мінім жоқ», – дейді Руза ханым.

 

Ол кісі осыған дейін қазақ тілінің тағдыры үшін күресіп, аштық жариялаған. Тіпті өзіне қазақ тілінде жауап бергісі келмеген кондуктор үшін автобустың алдына шығып, жолын бөгеген кездері де болған екен. Жүргізуші қорқытпақ болып, көлік тұмсығымен кеудесінен итерсе де тұрып алған. 2017 жылы Руза Бейсен­байтегі «Тіл жанашыры» сыйлығына да ие болыпты.

 

Тіліміз үшін жанын пида етуге даяр осындай жандар арамызда көп болса, біз тақырыпқа тұздық етіп отырған мұн­дай жағдайлар орын алмас еді-ау.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ