Ондай әже қайда бар?

11.04.2019
Қаралды: 397

Жақында үйде мынадай жағдай болды: Тамақтанып болғасын екі қызым бір-біріне «ыдысты сен жу», «жоқ,сен жу» деп салғыласа бастады. Үлкенім «жұмыстан шаршап келдім» десе, екіншісі «менің жуғым келмейді» деп қиғылық салды.

 

Сол кезде сырқаттанып отыр едім: «Баяғыда апам ыдыс жусаңдар ол сендерге рахмет айтады», – деуші еді. ?зім жуып, ыдыстардың алғысын алайын», – дедім. Кіші қызым орнынан атып тұрып, дастархан жинай бастады да, үлкенім ыдыстарды жууға әкетті.

 

Қыздарым тірліктерін бітіріп келген соң маған қарап: «Күшті екен ғой апаңыздың әңгімесі!», «Тағы не айтатын еді?» – деп сұрасты. Мен оларға апамның әңгімелерін айтып берем деп сонау келмеске кеткен балалық шағыма саяхат жасап қайтқандай болдым.

 

Өте берекелі жан болатын

 

Апам деп отырғаным – нағашы әжем. Мектепке дейін нағашы ата-әжемнің тәрбиесінде болғанмын. Кейін мектепке барып, әке-шешемнің үйіне келгеніммен де ата-әжемнен қара үзіп кетпедім. Әр сенбіде атам үйге келіп, мені көшеде күтіп тұратын. Анадайдан: «Гәпгәп!» – деп айқайлап,  алдымнан шығып, көтеріп иығына отырғызып алатын. Кластастарымнан ұялып, түсемін десем де түсір­мейді. Сол күйі үйге келіп, киімімді ауыстырып, атамның үйіне кетеміз.

 

Каникулды да атамның үйінде өткі­зетінмін. Ол мені «Гәпгәп» деп атайды. Бала кү­німде оның сырын сұрағанымда анам: «Кіш­кентайыңда «гәп-гәп» деп қол шапа­лақ­тап отырушы едің. Атаң соныңды қы­зық көріп, өз сөзіңмен еркелететін», – де­ген. «Гәпгәптан» басқа тағы бір атым «Тілмаш» болатын. Көршілер үйге келсе: «Тілмаш, кім бар үйде?» – деп сұрайды.

 

Әжем бізді есік алдынан күтіп алады. Үшеуміз жақсылап шай ішеміз. Мен мектепте сабақты қайтіп айтқанымды, апайымның қалай мақтағанын, алған «бестіктерімді» айтып мақтанамын. Қы­зып кетсем ортаға шығып, жаттаған тақпақтарымды айтып беремін. Екеуі мәз боп тыңдап, мақтай түседі.

 

Түнде алдымен атамның жанында жатып, ертегісін тыңдаймын. Ол кісі ұйықтап қалғасын әжемнің жанына барып жатамын. Атам кереметтей ертегішіл емес: «Баяғыда мыстан кемпір болыпты...» – деп қор етіп ұйықтап кетеді, мен түртіп оятып: «Ол мыстан кемпір не істепті?» – десем: «Істегені арамдық бопты», – деп қайтадан қорылдап кетеді. Мен қайталап түрте бастаймын. Бірақ бұл жолы атам қайтып оянбайтын.

 

Содан атамды ұйықтатып тастадым деп әжемнің жанына келемін. Әжем – еті тірі, ашық-жарқын, адамдармен тез тіл табысып кететін көпшіл жан еді.

 

Атам мен әжем Түркістанның «Ремзавод» деп аталып кеткен жерінде тұратын. Қала деп аталғанымен жұрт мал ұстап, өріске айдаушы еді сол кезде. Нағашыларым 6 соттыққа жетер-жетпес ауласында қой-ешкі ұстайтын. Бақша егетін. Жүзімдері болатын, помидор, қияр да өз ауламыздан шығатын. Әжем екеуміз қой-ешкі сауатынбыз. Маған қой сауған қатты ұнайтын. Сауған сүтті сүзіп, ыдысқа құйып жатып әжем: «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген, балам. Қойды бақсаң осылай сүтін ішесің, етін жейсің, жүнінен кілем тоқып сатсаң ақша болады», – деп қойдың көл-көсір пайдасын айтып түсіндіруші еді.

 

Күніге дүкенге барып, қойларға қара нан сатып әкелетінмін. Әжем кетерімде: «Менің қызым бір тиынын да жегізбейді», – деп мақтап-мақтап жібереді. Мен шынымен бір тиын «сдачамды» қайтармай қойса, орнына күкірт бер деп тұрып алатынмын. Таңертең көрші тұратын наубайдың үйіне барып тандыр нан сатып аламын. Әжем ол кезде де: «Азатқа айт, асты күйгенін бермесін», – деп дайындап жібереді. Мен солай деп айтып, алған нанның асты күймегенін таңдап, кем шықпасын деп он нанды қайта-қайта санап алатынмын.

 

Үйден қонақ үзілмейтін. Мен қонақтарға тақпақ, ән айтып, би билеп беруші едім. Бәрі менің «өнерімді» тамашалап, әбден мақтайды. Үйде осылай қанша еркелетсе де жұрттың үйіне қонаққа барарда әжем: «Кісінің үйіне барғанда дастарханға өрмелеп, әр нәрсеге қол созба. Жейтініңді алдыңа өзім қоямын», – деп дайындап шығатын. 

 

Наурыздың ішінде екі-үш көшенің тұрғындары жиылып, бір үйде жылы көже беретін. Әжем екеуміз сырлы шелекке түрлі дәндер салып, айран қосып әзір­леген көже құйып апарамыз. Ортада тұрған үлкен қазанға бәрі апарған тамақтарын құйып, әбден араластырғасын үйге кіріп, жылы көже ішеміз. Қайтарда әйелдер шелек түбіне көже құйып бе­реді.

 

Дастархан басында атам мен әжемнің әңгімесін тыңдап отырушы едік. Атам жетім боп жетілгенін айтса,  әжем «ана дүние» туралы көбірек айтатын. Не­мересін тізесіне отырғызып, арқасынан қағып отырып:

 

«Лә иләһа илалла,

Лә иләһа илалла,

Иләллада пайда бар,

Білмеген құлда не айла бар?

Барар жерің қараңғы,

Шамшырағың сайлап ал», – деп әндетіп: «Ертеңгі күні қараңғы көрімізді жарық қып тұратын осы «лә иләһа илалла» екен ғой», – деп отырушы еді. Сосын: «Е, Құдай, жанымды алсаң ал, иманымды алма. Қартайғанда кей адам дүниеге жақын боп қалады, мені ондай дүниеқоңыздықтан өзің сақта», – деп тілеп отыратын. Жатар алдында бір дұғаларды күбірлеп ұзақ айтып, бетін сипап, сосын ұйқыға жататын.

 

Жақсы тәрбие беріп өсірді

 

«Арық сөйлеп, семіз шық, – дейтін еді әжем. – Ешуақытта істеген жұмысыңды міндет қылма, мақтанба. Істеген ісіңе сүйсініп, жұрт сыртыңнан мақтасын. Сөйлеген әрбір сөзіңе абай бол. Кісінің сеніп айтқан сырын басқаға айтпа, біреудің айыбын білсең де ашпа. Айтар әрбір сөзіңді ойланып айт. «Бетегеден биік, жусаннан аласа бол», «Ұлық болсаң, кішік бол». Адам ақылы артып, дәрежесі өскен сайын кішіпейіл болуы керек. Бірақ әр нәрсенің шегі болады.  Ешкімнің өзіңді басынуына жол берме. Өзің де ешкімді басынба!»

 

Әжемнің айтқан осы ақылдары кейін менің өмірлік ұстанымыма айналды, менің мінезім болып қалыптасты. 

 

Әжем өте таза, кірпияз адам болатын. Балықтың иісін өлердей жек көретін. Атам керісінше, балықты жақсы көреді. Әжемнің балық қуыратын қазаны бөлек. Сол қазанға қуырып әкеп дастарханға қояды. Өзі балықтан дәм ауыз тимейді, атам екеуміз ғана жейміз. Әжем кесені сасытып жібересіңдер деп балық жеп отырғанымызда шай бермейтін. Шайды қолымызды сабындап жуып, исін кетіріп, тазартқаннан кейін ғана құятын. Ыдыс жуып отырғанда: «Аяғын көріп, асын іш. Анасын көріп қызын ал» деген. Қызы бардың үйі мұнтаздай таза, ыдысы жалтырап тұруы керек, – дейтін. – Ұстаған бұйымың кірден көрінбей тұрса, олар Құдайға арыз айтып жылап тұрады екен. Тазаласаң бәрі жабылып саған алғысын жаудырады. Алғыс алсаң жаман болмайсың. Ешуақытта істеген тірлігіңді нем­құрайлы, шала-шарпы істеме! Жұмсаған адам артыңнан тірлігіңе риза болып, алғысын айтатын болсын».

 

Әжем алақандай аулада гүл де өсіре­тін. Сол гүлдердің қураған жапырағын алып тастап жүретін.

 

 «Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» деген, – деп жаңа әңгімесін бастады әжем бірде. – Баяғыда әжетхана деген болмаған, адамдар дәрет сындыру үшін ауылдан ұзап, қалың шөптің арасына барып отыратын. Сол заманда кедей ауылдың бойжеткен қызы түзге шығып отыр екен. Жалғыз келмей, сің­лісін ертіп келіп, оны анадай жерге қарауыл етіп қойыпты. Кенет сіңлісі: «Әпке,  біреулер келе жатыр!» – депті. Жалма-жан орнынан тұрған қыз ұялғанынан ба­сындағы бөркін шешіп, дәретін жауып кетіпті. Жолаушы – қалыңдық іздеп келе жатқан байдың ұлы екен. Бойжеткеннің ибасына риза болған жігіт оған құда түсіп, үйленіпті. Жүрген жеріңді тазалап жүр. Малдың болсын, адамның болсын тезегін көрсең, тіке өтіп кетпей, алып таста. Сенен кейін көрген адам жиреніп қалып жүрмесін. «Олақтан – салақ, салақтан олақ туады». Салақ, олақ болмай, тірлігіңе пысық, ұқыпты бол».

 

Қойларды таңертең өріске айдағанымызда есік алдына құмалағын шашып кететін. Әжем екеуміз оны сыпырып, тазалап тастаймыз.

 

Мақалы таусылмайтын әжем тірлік істеп жүріп те, шай ішіп отырып та, көшеде бірге келе жатып та әңгімесін айта береді. Менімен үлкен адамдармен сөйлескендей сөйлесетін.

 

«Қызға қырық үйден тыйым, қала берді, күңнен тыйым» деген, шолжаңдап бара жатсаң, саған есік алдындағы күңнің де тыйым салуға ақысы бар, – дейтін. – Қыз бала кісінің алдында керіліп отырмайды, созылып жатпайды. Көп алдында көсемсіп сөйлемейді. «Шешесі тұрып, қызы сөйлегеннен без» деген, шеше тұрғанда қыз сөйлемейді, үлкен тұрып кіші сөйлемейді».

 

...Анам көп ауыратын. Ауруханаға жатқан кездерінде бізге әжем келіп қарайтын еді. Өзінің денсаулығы жетісіп тұрмаса да кірімізді жуып, үйімізді жинап, бір тынбайтын.

 

Бір күні сабақтан келсем, үйде әжем көрпе көктеп отыр екен. «Инеге жіп өткізіп берші», – деді. Өткізіп беріп, жанына отырдым. Әжем: «Өзіңе өзің ықтият бол, – деді. – Ешкіммен ұрыспа, ешкімді жамандап, жек көрме. Өзің жақсы болсаң – әлем жақсы. Ең алдымен өзің жақсы болуға тырыс. Біреуді ішіңнен жек көріп қалсаң да оған қарап күліп сөйле, жылы сөйле, жұмсақ сөйле, кісінің көңіліне қарап сөйле».

 

«Адам жек көрген адамына қалай күліп сөйлейді?» деп ойлап едім сол кезде. Сөйтсем адамшылықтың үлкені адамды жақсы-жаман деп бөлместен, бәріне бірдей күліп сөйлеу, жылы сөйлеу, көңіліне қарап сөйлеу екен ғой.

 

Осы күнге дейін ойланбастан орашолақ сөйлеп қанша адамның жанын жараладым екен? Білмеймін. Ойланбай сөйлейтіндерден өзімнің де жүрегім жараланды қаншама рет.

 

Осы бір-ақ ауыз сөзімен әжем маған өмір сырын ұқтырғысы келіпті-ау. Ал мен оны тыңдамай, өмірден талай таяқ жеп­пін.

 

Әрдайым жаным жараланғанда әжем­нің «өзің жақсы болсаң – әлем жақсы» деген сөзін ойға аламын. Сөйтіп бо­йымды қайта тіктеймін. Осы күнге дейін әлемім жақсармаса, өзіңіз айтқан «жақсының» дәрежесіне жетпегенім-ау шамасы, әже!

 

Өмірден өтерде түсіме кіріпті

 

Әжем  59 жасында ауруханада жатып көз жұмды. Дәрігерлер: «Жүрегі таза екен, операцияны көтерді. Бірақ уақы­тын өткізіп алдық. Дер кезінде жасағанда аман қалар еді», – депті. Мен ол кезде он екі жаста едім. Өлерін алдын-ала сезді ме: «Ұйқы баса береді топырақ тартып», – дейтін. Сосын ана дүние туралы бұрынғыдан да көп айтатын болды. «Ол жақта көз, құлақ, қол, аяғымыз бәрі өзімізге қарсы шығады екен шуылдап. Аяғымыз: «Менімен барып күнә жасады» десе, қолымыз: «Менімен ұстады», көзіміз: «Қарамайтын нәрсеге қарады», құлағымыз: «Жаман нәрселерді көп тыңдады», тіліміз: «Менімен жаман сөздерді айтты», – деп Құдайға арыз қылады екен. Сонда жалғыз қасымыз ғана: «Мен еш­теңе көрген жоқпын», – деп біздің сөзімізді сөйлейді екен. Сондықтан да ол «Қас» деп аталыпты. Бізге дос болғанымен Құдайға өтірік айтып қас болды.  Егер қастарыңды жұлсаңдар, сөздеріңді сөйлемей қояды», – деп отыратын.

 

Түс көрді ме, әлде басқалай белгі­лерін берді ме, әжем өлімге кәдім­гідей ұзақ сапарға шығатындай дайындалды. Тамақтан тыйылды. Есімде, біз тамақ ішіп отырғанда ол кісі ештеңеден дәм ауыз тимей, үнсіз отырып, ұлдан туған үш-төрт жасар немересінен қалған тамақты жеп, соны қанағат қылатын.

 

Әжемнен айырылып қалған күн осы кезге дейін есімнен шықпайды. Дүние салардан бір күн бұрын кешкі тамақ үстінде әкем: «Апам ауруханадан шыққасын Гүлмираны қолдарына берейік. Бір адам жанынан кетпей қарауы керек қой», – деді. Оны шешем мақұлдады.

 

Сол күні түс көріппін. Түсімде әпкемнің ақ плащын киіп алып, қолыма сары чемодан ұстап, әжемді Түркістанның темір­жол вокзалына шығарып салып тұр екен­мін. Қимай қарап тұрмын. Әжем осы кеткеннен қайтып келмейді екен деймін. «Апа, бармай-ақ қойсаңыз болмай ма?» – деп сұрадым қиылып. Ол кісі басын шай­қап: «Болмайды, күтіп отыр», – деді қыс­қа ғана. Сосын екеуміз вокзалдың іші­­не кіріп, шаштараз бөлмесі екен дей­мін, бір бөлменің алдына келдік. Әжем ішке кіріп кетті де, мен сыртта қалдым. Сөйтіп есік айнасынан сығалап әжемді толықша ақ халат киген орыс әйелдің кү­тіп алып, креслоға отырғызып жатқанын көрдім. Сөйтіп: «Апа, мені тастап кет­пеңізші!» – деп бақырып жыладым. Оян­сам, шынымен жылап жатыр екенмін, кө­з жасым мойныма құйылыпты.

 

Ертесіне сабақта отырғанмын. Бір мұ­ға­лім сабақ өтіп тұрған апайға: «Әшір­бекованы сабақтан босатшы», – деді. Анам ауырып қалды ма деп жүрегім зырқ ете қалды. Бұған дейін анам ауырып қалғанда көршілер осылай сұрап әке­тетін. Дәлізге шықсам, мені көрші әжей күтіп тұр екен. Қатарласып жүре бергенде: «Нағашы әжең өліп қалды дей ме?..» – деді. Оған бажырая қарап қалдым. Бірақ жыламадым. Мектептің дәл жанындағы үйімізге жақындағанда ғана ес жидым ба, еңіреп жылап қоя бердім.

 

Үйге келсем, анам әр затты бір ұстап, есінен танып жүр екен. Көрші-қолаң жиылып қалған, анамды жұбатып жатыр. Әкем жұмыста еді, шешем: «Әкең келсе, тез барсын, сендер үйде отырыңдар», – деп жылап-еңіреп қазаның хабарын айтып келген адамның көлігіне мініп кетіп қалды. Ізін ала әкем келді. Өңі бұзылып кетіпті. «Не боп қалды?! Тыныштық па?» – деді табалдырықтан аттай бере. Бақырып жыладым. «Не болды? Шешең аман ба?» «Апам өліп қалыпты!» «Не дейт?!» «Уһ!» «Не дейт тағы!» «Операция­дан жақсы шықты деп еді ғой...» – деп әкем де біресе ана жерге, біресе мына жер­ге жүгіріп, ақырында кетіп қалды. 

 

...Әжем 1989 жылы 6-мамыр күні 59 жасында қайтыс болды. Одан бері де 30 жылға жуық уақыт өтіпті.

 

Әлі есімде, сол кезде күн күркіреп, нөсер құйған. Өзімнен кейінгі інім де апамның баласымын деуші еді. Мен бір жерде, кішкентай інім мен сіңлілерім бір жерде бүрісіп жылап отырмыз. Ал Ба­уыржан інім құйып тұрған жауынға терезеден қарап:

 

«Айдана, Айдана, Айдана,

Әжесін сүймейтін қай бала?» – деп өлең айтып тұр. Даусында діріл бар. Жы­ламай, неге әндетіп тұр деп ашу­ланған­мын сол кезде. Қазір ойласам, ол әжесін сол әнімен жоқтап тұрған екен ғой.

 

Содан жауын үш күнге дейін тоқтамады. Сонда мен әжемді жоқтап аспан да жылап жатыр деп ойлағанмын.

 

Рухыңыз пейіштің төрінде шалқысын, әже! Өзіңізді  қатты сағындым!

 

Г. ӘШІРБЕКОВА. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ