Сәбиге қайнап тұрған сумен клизма жасапты

06.04.2019
Қаралды: 140

Шымкент қаласында кішкентай бүлдіршінге медбике ыстық сумен клизма жасапты. Бұл оқиға осы жылдың 28-нау­рыз күні Шымкент қаласында орын ал­ған.

 

25-наурыз күні бір жасар Нұрислам Тасполат ыстығы көтеріліп, құса бастаған соң анасымен бірге «жедел жәрдеммен» Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Диагнозын «жедел-респираторлық вирустық жұқпа» деп тапқан дәрі­герлер оған бірнеше күн ем жасаған соң баланың денсаулығы жақсара бастайды. Кейіннен үш күннен бері үлкен дәретке шықпаған Нұрисламға клизма жасауды дәрігер медбикеге тапсырады.

 

Медбике балаға клизма жасап жатқанда ол аяғын сермеп, шарылдап жылапты. Шашыраған су тамшысы анасының аяғына тамып кеткен соң ол медбикеге судың ыстық екенін айтқан. Баланың терісінің күйіп қалғанын көрген анасы үрейі ұшып, дәрігердің ка­бинетіне жүгіріп барады. Алайда дәрігер де: «Мед­бикені шақыр», – дегеннен аспай, орнынан тапжылмастан отыра берген.

 

Ыстық клизманың кесірінен бала үлкен дәретке шыға алмай, қан кетіп қиналған. Осы жағдайдан соң анасының да жүйкесіне салмақ түсіп, денсаулығы сыр бере бастапты. Дәрігерлерге сенімі қалмаған әкесі оларды Елордадағы «Ана мен бала оңалту» орталығына ауыстырмақ көрінеді. Ал аурухананың екі медбикесі мен аға медбикесі тергеу аяқталғанша жұмыстан шеттетіліпті.

 

Нұрисламның әкесі полицияға осы іске байланыс­ты арыз беріпті. Бұл дау Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың да құлағына жеткен. Ол кісі бұл мәселе бойынша арнайы тексеру болатынын, жағдайды бақылауында ұстайтынын  айтып отыр.

 

...Осыған ұқсас жағдай былтырғы жылы Башқұртстанда да болыпты. Ишимбай қалалық ауруханасының медбикесі жаңылысып, үш жасар балаға аммиак ерітіндісімен клизма жасаған екен. Сол үшін кінәлі жандарға қатаң шаралар қолданылыпты.

   

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ