Конгодан келген Моника қазақтан бала туған ба?

08.04.2019
Қаралды: 130

Елімізде өткізілген «ЭКСПО» көрмесі кей адамдардың тағдырының өзгеруіне себеп болғандай. Оған дәлел ретінде конголық Моника Камукенж Канганза оқиғасын айта аламыз. Осыған дейін ол: «Мен қазақ жігітінен жүкті болдым, қызымның әкесі – қазақ» деп жарияға жар салып келген болатын. Моникамен байланыссыз кеткенін естіген кей жұрт әлгі жігіттің атына ауыр сөз айтып та жатты. Оқырманға түсінікті болуы үшін оқиға барысын ретімен баяндасақ.  

 

27 жастағы Моника Камукенж Канганза сонау Конго жерінен Қазақстанға 2017 жылы келген. Ол «ЭКСПО»-ға қатысып қана қоймай, әрі жұмыс істеп, әрі ақша таппақ ниетпен елімізге ат басын тірепті. Мұнда келген соң Моника «Қазақстаннан жұмыс тауып беремін, ақша табуға мүмкіндік бар» деп өзін шақырған, осыған дейін тек ғаламтор арқылы ғана сөйлесіп келген адамды таба алмай қалған. Сөйтіп ол өзінің «ЭКСП»-да бір күн де жұмыс істемегенін айтады. Тек француз тілінде ғана сөйлейтін шетел азаматшасы үшін басқа жұмыс табу қиындық тудырған.

 

Осыдан соң Моника елімізде тойларда би билеп, ән айтып, сол арқылы нәпақа тауып жүрген африкалық әртістерден жасақталған шоу-группаның құрамына қабылданады. Әу баста «Коко Джамбо», кейіннен «Там-там» деп өзгертілген топ небәрі бір жылдай ғана жұмыс істеген екен.  Қазақстан қалаларын аралап, өнер көрсетіп жүрген 5-6 африкалық жігіттің басын қосып, топ ретінде жасақтаған Мақсат Хасенов атты азамат болыпты.

 

Сондай өнер көрсетулердің бірінде топпен бірге Павлодар қаласына барған Моника 31 жастағы Мәулен есімді қазақ жігітімен танысады. Таныстық достыққа ұласып, ақыры Мониканың жүкті болуымен аяқталады. Ол Мәуленге хабарласып, жаңалығын жеткізбек болған екен, бірақ ол телефонын мүлдем сөндіріп тастаған көрінеді, сол бойы байланысқа да шықпаған.

 

Аяғы ауырлаған соң Моника тойларға шығуды жалғастыра алмаған. Босануына бір ай уақыт қалғанда «Қорғау-Астана» деп аталатын дағдарыс орталығына орналасып, соның қамқорлығында болады. 2018 жылдың тамыз айында ол Блессинг-Маша есімді қызды дүниеге алып келеді. «Қорғау-Астана» орталығының заңгерлері арқылы қызының туу туралы куәлігін рәсімдейді.

 

Қазіргі таңда Моника бас қаладағы «Аналар үйінде» тұрып жатыр. Мұнда ол қазақ, орыс тілдерін ақырындап үйреніп келеді. Уақытында еліне қайтпағаны үшін салынған айыппұлды да осы орталық төлепті. Осыған дейін көптеген журналистерге сұхбат беріп үлгерген ол анасын, інілері мен сіңлісін сағынғанын, сондай-ақ өзі бөтен елде қиналып жүрсе де Блессингті өмірге әкелгеніне еш өкінбейтінін айтады. Мониканың елге кіруіне рұқсат беретін визасының да мерзімі аяқталғаны қашан.

 

Дегенмен Мониканың Конгоға қайтқысы жоқ. Ол Қазақстан азаматтығын алып, осында жұмыс істегісі келеді. Бірақ Қазақстан заңына сәйкес, елдің азаматтығын алу үшін Моника Қазақстан азаматына тұрмысқа шығуы тиіс. Ал босқын мәртебесін алу мақсатында бірнеше рет арыз беріпті, бірақ заң талабына сәйкес келмегендіктен өтініші қанағаттандырылмапты.

 

Блессингтің Конго елінде туылмауы себебінен Моника Конго заңына сәйкес, өз мемлекетіне кіре алмайтынын, шекарада қиындықтар туындайтынын айтады. Қазіргі таңда оған Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының заңгерлері көмек беруде. Дегенмен Моника азаматтық ала алмаған жағдайда еліне қайтарылады.

 

Жоғарыда біз келтірген ақпараттардың барлығы Мониканың журналистерге берген сұхбаттарынан белгілі болған жайттар. Оның рас-өтірігін нақтылай алмаймыз. Бірақ оның қызының Мәулен есімді қазақтан екендігін «КТК» арнасының журналистері теріске шығарып отыр. Моника 2018 жылдың 17-тамызында босанған, яғни оның жүктілігінің алғашқы айы 2017 жылдың қараша айына түсуі тиіс. Ал оның төлқұжатында Қазақстанға 2017 жылдың желтоқсан айында келгендігі көрсетілген. Осылайша оның Қазақстанға келмей тұрып жүкті болғандығын «Астарлы ақиқат» бағдарламасының тілшілері дәлелдеуге тырысты. Дегенмен Мониканың өзі мұнымен келіс­пейтінін айтып, осында қалуға ел-жұрттан көмек сұрап отыр. Елінен шақырту түссе, амалсыз кері қайтатынын да жеткізді.

 

Жалпы, 77 миллионнан астам халқы бар Конго республикасын 2014 жылы Халықаралық валюта қоры экономикалық деңгейі ең төмен мемлекеттер қатарына жатқызған екен. Соған қарағанда, халқының кедейлігі мен елдегі жағдайдың тұрақсыздығы Мониканың «ЭКСПО»-ны желеу етіп, Қазақстанға бас сауғалап келуіне себепші бол­ған да шығар? Мониканың ары қарайғы тағдырының не болары әзірге белгісіз. Ендігісін заң шешеді. 

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ