«Замана» газетіне шыққан мақала зыр жүгіртіпті

08.04.2019
Қаралды: 412

«Замана» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде «Қасиетті қалада төрт балалы отбасы қарауылханада тұрады» деген тақырыппен мақала жарық көрген болатын. Онда Түр­кістан қаласында тұратын жан­ұяның бір ғимараттың шағын қарауылханасын паналап отырғанын жазған едік.

 

Мақалада аты-жөнін көрсетпеуді сұраған кейіпкеріміз бізге Түркістан қаласының әкімдігіне жағдайын айтып бірнеше рет барғанын, ондағылардан өзін әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тізіміне қосуын сұрағанда «комиссия жібереміз» деп сол бойы хабарсыз кететінін айтқан болатын. Сол жолы ол: «Бара қалсам, «Тағы келдің бе?!», «Асыраушың бар ғой» дегенді айтады, асыраушымның бір айлығы неге жетеді, денсаулығы болса анау», – деп қамыққан еді. Мақалада жолдасының денсаулығының мәз еместігін және оның ай са­йын алатын 30 мың теңге жалақысынан басқа кіріс көзінің жоқ екенін де ашып жазғанбыз.

 

Кешегі аптада бұл келіншек бізге алғысын айтып тағы да хабарласты.

 

«Әкімдік тарапынан адамдар келіп, көмектесіп жатыр. Азық-түлік әкеп берді.

 

Күні кеше қалалық жұмыспен қамту орталығы басшысының алдына кірдім. Енді бізге әлеуметтік жағдайы төмен отбасы ретінде көмек көрсетілетін болды. Ондағылар еш­қандай кедергісіз атаулы әлеуметтік көмекке ілігетінімді жеткізді. Олар: «Замана» газетіне шығыпсыз. Біз мұндай отбасының барын білмеген едік», – деп зыр жүгіріп жүр. Оларға осыған дейін әкімдікке де, жұмыспен қамту орталығына да келгенімді айт­тым. Әкімнің тарапынан «осы отбасыға көмек көрсетілсін» деген тапсырма келіп түскен бе деп ойладым. Әкімдіктен адамдар қоңырау шалып, жуық арада комиссия баратынын хабарлаған. Комиссия да келді, жағдайымызды көрді. Олар атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыруым керегін айтты. Бізде осындай жаңалық болып жатыр. Рахмет, сіздерге Алла разы болсын! 

 

Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері «Замана» газетіне шыққан біз туралы мақаланы қағазға түсіріп алыпты. Соны олар бастықтарына көрсетіпті», – дейді ол.

 

Әрине, көп балалы отбасыға жасалған мұндай қамқорлыққа біз де риза болдық.  Дегенмен бұл отбасыны қинайтыны баспана мәселесі екенін еске салғымыз келеді. Әкім­діктегілер: «Үйге байланысты ештеңе дей алмаймыз, кезегіңіздің нақты қай уақытта келетінін де білмейміз», – деген екен. Сондықтан баспана жағынан жәрдем беретін жомарт жандардан бұл жанұя әлі де үмітті. Әйтеуір қуанышын ұзағынан сүйін­дірсе екен.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ