Біз Айманды білеміз бе?

08.04.2019
Қаралды: 684

Таяуда Талдықорған қалалық сотында Қытайдан келген этникалық қазақ қызы Сайрагүл Сауытбайдың Алматы облыстық көші-қон қызметі басқармасының үстінен түсірген талап арызына қатысты сот отырысы болып өтті.

 

Көп жайлардың беті ашылды

 

Естеріңізге салсақ, С.Сауытбай Қазақстанда тұрып жатқан отбасына қосылу мақсатында шекарадан заңсыз өткен, сол үшін сот оның бас бостандығын 6 айға шектеген еді. Ол қазір Қазақстанда уақытша пана іздеуші ретінде тұрып жатыр, сондықтан Қытайға қайтарылар болса, өміріне қауіп төнетінін айтып, тиісті орындарға өзіне «босқын» мәртебесін беру жөнінде өтініш түсірген болатын. Алайда Алматы облыстық көші-қон қызметі басқармасының жанынан құрылған арнайы комиссия оған мұндай мәртебе беруден бас тартты. Сот кезінде белгілі болғанындай, кейін бұл мәселені Астанада қарағандар да оны мақұлдапты.

 

Сондықтан С.Сауытбай аталған комиссия шешімін қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде сотқа талап арыз түсірген. Талдықорғанда болған сотта осы мәселе қаралды, онда Сайрагүл Сауытбайдың мүддесін белгілі адвокат Айман Омарова қорғады.

 

Жалпы, Айман Омарованы жұртшылық өз ісінің  білгірі, сауатты, өжет, турашыл жан ретінде жақсы біледі. Аталған сот отырысы кезінде де ол өзінің мықты адвокат екенін көрсетті, нақты сұрақтарымен қарсы жақтың өкілдерін тықсырып тастады.

 

Жауапкер жақ соттан Сайрагүл Сауытбайдың шағымын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған болатын. Алай­да олар адвокат Айман Омарованың аталған комиссия шешім шығарарда қандай жайларды негізге алғаны туралы және мәлім болған кей жайлар жөнінде қойған нақты сұрақтарына тұщымды жауап бере алмады.

 

«Көші-қон полициясы, шынын айт­қанда, өз жұмысын нақты істемеген. Мәселеге қалай болса, солай қарағанын көріп отырсыздар. Комиссия мүше­лері бар, Ұлттық қауіпсіздік қызметінен келген адам отырып алған. Не болатынын елден бұрын біледі. Ол – формальды комиссия. Оның шешімдері дайын. Олар негізі ешкімнің қамын ойлап отырған жоқ, заңды ойлап отырған жоқ», – деді адвокат осы сотта сөйлеген сөзінде.

 

Айман Омарова Сайрагүл Сауытбайдың көші-қон қызметі басқармасының үстінен түсірген шағымы қанағаттандырылуы тиіс деп есептейді. Әйтсе де олай боларына күмән келтіріп жатқандар да жоқ емес.

 

«Арызды қанағаттандырусыз қалдырса, апелляциялық шағым түсіреміз, болмаса, Азаматтық сотқа беруіміз мүм­кін. Егер үлкен Қазақстанда кіш­кентай ғана жалғыз әйелге орын табылмаса, онда басқа елден пана сұ­рап көреміз», – деді ол өзіне осыған орай қойылған сұраққа байланысты.

 

Жалпы, Сайрагүл Сауытбайдың арызын қараған Талдықорған қалалық соты жауапкер жақтың келтірген дә­йектерін жеткіліксіз деп тауып, ендігі отырысты 8-сәуірге белгіледі.

 

Жұрт ризашылығын білдіріп жатыр

 

Осы сот барысы туралы тікелей эфир хабарын көрген жұрт адвокат Айман Омароваға алғыстарын жеткізіп жатыр. Солардың бірқатары төмендегідей.

 

Аман Нарымбек: Айман қарындасым, өзіңдей қазағым деп шырылдаған ұл-қыздарымыз аман болсын! Айнала­йын, жолыңда әр уақытта Алла жар болсын, отбасыңа бақыт тілеймін!

 

Гүлбаршын Сахариева: Айман – керемет әділ қорғаушы, патриот. Батыр қыздар, аман болыңдар!

 

Bolachak Erduman: Айман, жарайсың! Қандай мықтысың! Нағыз қазақтың батыр қызысың!

 

Uly Dala: Айман, сізге рахмет, жаным! Қазағым деген жүрегіңнен айнала­йын!

 

Көк бөрі: Айналайын Айман, қазақтың ұл-қыздары Серікжан екеуіңдей болса елімізде әділет салтанат құрар еді.

 

Бауыржан Жоламанаов: Алла сені қолдасын! Батыр бабаларымыздың әруағы қолдап-қорғап, жебеп жүрсін!

 

Qaracogе Ahmed Tegі: Айман Омароваға мың алғыс! Рахмет айтамын!

 

Елбасыға мәселені ашық айтқан

 

Міне, жұрт Сайрагүл Сауытбайды қорғауына алған адвокатқа осындай тілек­терін білдіріп жатыр. Осы орайда біз адвокат Айман Омарованы көпшілікке жете таныстыра кетуді жөн көрдік.

 

Айман Мұратқызы Омарова – Жамбыл облысының тумасы. Үш жоғары білім иесі, кәсіпқой заңгер. Еңбек жолын тергеуші болып бастаған, кезінде елімізде құрылған Мемлекеттік тергеу комитетінің құрылымдарында істеген. Яғни ол кісіні күш құрылымдары саласының жұмыс тәсілдерін жақсы біледі деуге болады. Оның үстіне өте білікті, сауатты, батыл заңгер ретінде танылған.

 

Ол кейінгі жиырма шақты жылдан бері адвокат болып еңбек етуде. Осы аралықта көптеген адамдардың құқын қорғап, өз ісіне мығым, жауапкершілігі, адамгершілігі жоғары маман ретінде танылды. Кей жағдайларда қорғауындағы адамға тегін қызмет көрсететіні де бар. Оның қорғаушылық қызметін әділдік іздеп қиналып жүрген қарапайым адамдардан бастап, саяси сипатта жауапқа тартылған  адамдар да көрген. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді.

 

Айман Омарова таяуда еліміздің сот жүйесінде орын алып отырған келең­сіздіктер жөнінде Елбасы Н.Назарба­евқа видеоүндеу жолдады.

 

«Бізге, адвокаттарға келген халықтың мұңы етек жайып барады, – дейді ол өз үндеуінде. – Сот жүйесінің, полицияның, прокурорлардың, әсіресе Жоғарғы Соттағы Қылмыстық істер жөніндегі алқасы судьяларының жұмысына наразылық артуда. Адамдар, адвокаттар осы сот ал­қасына шағым жазады. Бірақ олар шағымдарға жөндеп қарамайды, «Кассацияға қарауға негізі жоқ», – деп бір-ақ ауыз сөзбен жауап береді. Біз кейде жаз­ған арызымызды оқып көрмегенін де білеміз, ол көрініп тұрады».

 

Осылай деген ол өз сөзіне бірқатар нақты дәлелдер келтірді. Жал­пы, жоғары жаққа сот жүйесінде өзге­рістер болуын халықтың күтіп отырғанын жеткізген еді.

 

Айман Омарованың өз өміріне қауіп төнуі мүмкін кей істерге де тәуекел етіп кірісетіні жұртты сүйсіндіреді. Жұмыс барысында жасалған түрлі қысымдарды көп көргеніне қарамастан ол осы қиын саладан бас тартқан емес, тіпті ер-азаматтар бара алмайтын істердің де бел ортасынан көрініп жүреді. Оның түрмелерге де барып, жазасын өтеп жатқандармен кездескен жағдайлары аз емес.

 

Жалпы, өз жұмыс ерекшелігіне қарай Айман Омароваға түрлі күрделі мәсе­лелердің ортасында жүруге тура келеді. Оған ол өзінің жүрек қалауымен барады.

 

Яғни ол адам құқын қорғаушы деген атына сай әрекет етеді. Осы бағытта батылдығымен танылған. Сол үшін де ол 2018-жылдың наурыз айында АҚШ Мемлекеттік департаментінің адам құқын қорғауда ерекше көзге түскен әйелдерге берілетін «Халықаралық батыл әйелдер сыйлығын» иемденді, Айман Мұратқызына оны АҚШ Президенті Дональд Трамптың әйелі Мелания Трамп көп адам қатысқан салтанатты жиында өз қолымен тапсырды.

 

Зорлық көрген әйелдер мен балаларды қорғайды

 

Айман Омарова – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның сараптама кеңесінің мүшесі. Ол – «Құқық қорғаушы» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы. Зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалардың құқын қорғау мақсатында «Не молчи.kz» қозғалысы қорын құрған.

 

А.Омарова зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалардың құқын қорғау сияқты өте күрделі, қиын істе де өзінің біліктілігін, сауаттылығын, табандылығын, батылдығын көрсетіп жүр. Оның Талдықорған облысының Есік қаласында болған бір топ адамның қыз зорлау оқиғасы кезінде түрлі жолдармен жауапкер­шіліктен бұлтаруға әрекет жасағандардың тиісті жазасын алуына атсалысқанын да жұрт жақсы біледі. Сондай-ақ ол түрмеде зорланған Н.Слекишина деген әйелдің құқын қорғап, оның бостандыққа шығуына көмектескен болатын. Осындай сипаттағы басқа оқиғалар кезінде де өзіне мүдделі жақтардың жасаған қысымына қарамастан жәбірле­нушілердің құқын қорғап шықты, кінә­лі­лердің тиісті жазасын алуына қол жет­кізді.

 

Бүгінде Айман Омарова сотта Сайрагүл Сауытбайдың ғана емес, таяуда қамауға алынған «Атажұрт еріктілері» ұйымының басшысы Серікжан Біләш­ұлының да құқықтарын қорғауда. Оны жұрт батыл, іскер, табанды, адамгершілік қасиеттері жоғары қазақ қызы ретінде біледі.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ