Әйелдердің зейнетке шығу жасын қайта қарау қажет дейді

04.04.2019
Қаралды: 96

Елімізде әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы әр жыл сайын 6 айдан қосылып, бірте-бірте ерлердікімен (63 жас) теңелетін болғаны белгілі. Бұл жөнінде заң қабылданып, күшіне енген. Дегенмен осы мәселе көпшілікті қатты тол­ғандырады, ел ішінде оған қатысты әңгіме әлі де толастаған жоқ. Мысалы, таяуда бір әйел әлеуметтік желі арқылы мынадай мазмұнда аудиожазба таратты:

 

«Құрметті әйелдер, аналар, әсіресе зей­неткерлік жасқа жетіп қалған, жетем-ау деп үміттеніп жүргенде зейнеткерлік жасын 63 жасқа ұзартуды естіп, көңілі түсіп жүрген әйел­дер қауымы! Біз осылай отыра береміз бе? Неге жоғары жаққа өз мұңымызды, ренішімізді жеткізбеске?

 

Жоғарыда, Парламентте, басқа да бас­қару орындарында отырған біз сияқты әйелдер, аналар неге ауылда, елді мекенде тұратын әйелдерді түсінбейді? Өйткені олардың мұрнына ауылда тұратын әйелдердің тұрмыс-тіршілігінің иісі де бармайды. Оларда бәрі дайын – ыстық су, мұздай су үйінің ішінде, әжетханасы үйінің ішінде, кір жуатын автомат, ыдыс жуатын автомат бар. Тамақ пісі­руден басқа қандай жұмыс бар оларда? Жұмысқа барады, жылы жерде отырады, үйлеріне машинамен қайтады.

 

Ал ауыл әйелдері таңғы сағат 5-те тұрады, сиыр сауады, малды өріске айдайды, еріне, бала-шағасына шай береді, баланы мектепке жібереді, ыдыс жуып, төсек-орынды жинаймын дегенше түс болады. Түскі тамақ, оның ыдысы, бала-шағаның кірі, кешкі ас дайындау, мал жайғау, тағысын-тағы, толып жатқан күйбең тірлік түннің бір уағына дейін таусылмайды.

 

Ертеңіне – тағы сол. Сондықтан жылдар бойы осы күйбең тіршілікпен айналысқан ауыл әйелдері 50-ден асқасын шаршап, қартайып, саудасы бітеді. Арасында әр әйелдің басынан өтетін қилы оқиғалар болады. Жұмыс істейтін әйелдер жұмысын қоса алып жүреді. Қысқаша айтқанда, 60 жасқа ауыл әйелдері тозып, қартайып, денсаулығы құрып әзер жетеді. Осынша бейнетінің зейнетін көре алмай өмірден өтіп жатқан әйелдер қаншама?

 

Анау жоғарыда отырған әйелдерді ауылға бір аптаға әкеліп, осы ауыл әйелдерінің істеп жүрген тіршілігін істетіп көрсінші, бір-ақ күнде қашып кетеді.

 

Сондықтан, қымбатты әйелдер, осы әңгі­мені құптаңыздар, әрі қарай таратуға атсалысыңыздар! 58 жасты қалдырсын, болмаса әйелдерді екіге бөлсін: ауыл әйелдері зейнетке 58 жаста немесе 55 жаста, ал қала әйелдері 63 жаста шығатын болсын. Мүмкін қалада тұратын, қызмет істейтін әйелдер үйінде тірлігі жоқ болғасын жұмыс істеп жүре бергісі келетін шығар, қаласа істеп жүре берсін. Ал ауылда тұратын әйелдер 63 жас­қа дейін жұмыс істей алмайды».

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ