Ең кедей Президент

05.04.2019
Қаралды: 554

Уругвай – Латын Америкасындағы экономикасы едәуір дамыған мемлекеттердің бірі. Мұнда 3,5 миллионға жуық халық өмір сүреді, испан тілінде сөйлейді. Қазіргі Президенті – 2015-жылы сайланған Табаре Васкес.

 

Ал Уругвайдың бұрынғы Президенті Хосе Альберто Мухика Корданоны «Ең кедей президент» деп атайды. Оның ел арасындағы екінші есімі – Эль Пепе.

 

Ол президенттікке келмей тұрып, он төрт жыл түрлі түрмеде отырып шыққан. Саясатқа келген соң ол 2005-2008 жылдары Мал, жер, балық шаруашылығының министрі, одан соң сенатор, 2010-2015 жылдары Уругвай мемле­кетінің Президенті болды. Ол мемлекет бас­қарған кезде елде көптеген жетіс­тіктер орын алды. Атап айтсақ: 

 

- Президент Уругвайдағы білім алу мен медицина қызметін ақысыз етті. Сондай-ақ оқушылар, студенттер, мұғалімдер мемлекеттен тегін планшет немесе компьютер ала алады. Халықтың сауаттылық көрсеткішін 97 пайызға дейін арттырды.

 

- Елдегі қылмыс деңгейі өте төмен. Мәселен, адам өлтіруге қатысты қылмыс саны Ресей мемлекетінен 70 пайызға аз.

 

- Ескі көліктер мен мотоциклдерге салық төлеу міндеттелмеген.

 

- 2013 жылы Уругвай осы Президенттің арқасында «Жыл мемлекеті» атанды.

 

- Ол марихуана есірткісін заңдастырды. Марихуананы қол жетімді еткен соң героин мен кокаинның өтімділігі төмендеп, есірткі сатумен айналысатындар елден кете бастады. Сөйтіп, есірткінің астыртын жолмен таралуына кедергі келтірді. Мұнда марихуананы әркім өз ауласында өсіре алады және оны біреуге сатуға қатаң тыйым салынған. Осыдан соң кей елдер мұны өздерінде де қолдана бастады.

 

- Жалпы ішкі өнімді 40 миллиард доллардан 57,5 миллиард долларға дейін көтерді. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім Ресейден екі есе артық.

 

- Кедейлерге қолдау жасап, олардың санын 39 пайыздан 11 пайызға дейін азайтты. Кедейлер үй салу мақсатында мемлекеттен көп мөлшерде жәрдемақы мен көмек алады.

 

- Елге сырттан келетін инвестицияны 400 пайызға дейін көтерген. Осы жылдары мемлекет ауыл шаруашылық өнімде­рімен бірге электр қуатын да экспортқа шығара бастады.

 

Сонымен қатар Хосе Мухика өзінің жалақысының 90 пайызын қайырымдылыққа жұм­сап отырған. Ол осылайша бес жылда 550 мың доллар көлеміндегі қаржыны қайырымдылыққа беріпті. Ай сайын алатын 12 мың 500  доллардың 1250 долларын ғана өзіне қалдырады екен. Зейнет жасына жеткен соң да зейнетақыдан бас тартқан.

 

Осындай оңды саясатының арқасында Эль Пепе халық батырына айналды. Көрген жерде оған: «Сен өмірбақи Президент болуың керек. Уругвайдың ең зор Президенті!» – деп халқы қошемет білдіріп жатады.

 

Оның сенатор әйелі де кірісінің жартысын қайырымдылыққа жұмсайды. Сол үшін де жергілікті халық оны ерекше құрмет­тейді.

 

Хосе Мухиканың Президент кездегі ірі кө­лемде сатып алған ең құнды заты – бағасы 2000 долларға жуықтайтын «Фольксваген Жук» автокөлігі. Оның банктерде ешқандай есепшоты да, қарызы да жоқ. Ол галстук тақпайды. Оның гардеробынан қымбат костюм табылмайды. Ұялы телефоны да, банк картасы да жоқ. Меншігінде трактормен өзі жыртатын бір гектар ғана жері бар. Сөйте тұра ол өзін кедей санамайды. «Осыған дейін де жалғыз матрасымның болғаны үшін өзімді әлемдегі ең бақытты жан сезінетінмін», – дейді бұрынғы Президент.    

 

Хосе Мухиканың үйі Уругвайдың астанасы Монтевидеоға жақын маңда орналасқан. Өздері үй шаруасына тұтынатын суды ауладағы құдықтан өзі тасып әкеледі.

 

...Әлемде осындай да қарапайым ел басшылары бар екен. Ел үшін еңбек еткен деп осындай жандарды атауға болатын шығар.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ