Жылан кәуабы, крокодил қуырдағы, маймыл миы...

05.04.2019
Қаралды: 144

«Замананың» таяудағы нөмірінде біз иттің сорпасы мен қуырдағының ерекшелігі жайында жазған болатынбыз. Бақсақ, әлемде бұдан басқа да біз білмейтін түрлі экзотикалық тағамдар бар екен. Аты да, заты да бізге таныс емес осындай ас түрлерінің бірнешеуін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Алдымен мынадай жағдайды көзге елестетіп көрейікші. Бұрын бас сұқпаған шетелдік бір мейрамханаға бардыңыз делік. Сол жерде сізге төмендегідей мәзір әкеліп берді. Осының ішіндегі қай ас түріне тапсырыс берген болар едіңіз?

 

1. Жыланнан жасалған кәуап.

2. Қуырылған қолтырауын еті.

3. Тунец балығының көзі.

4. Маймылдың миы.

5. Жұлдызқұрттар.

6. Саланган құсының ұясынан дайындалған сорпа.

7. Кивиак.

8. Жарқанат сорпасы.

 

Сіз ойлана беріңіз, оған дейін біз сізге тізімде тұрған әрбір ас туралы мағлұмат беруге тырысайық.

 

Жыланнан жасалған кәуап. Қытайда жыланды бізді дәуірімізге дейін де ас ретінде пайдаланып келген екен. Олар оны қуырып та, қайнатып та, тұздап та, тіпті, шикі­лей де жеген көрінеді. Ол кезде бұл таңсық ас емес, байы да, кедейі де тұтына беретін кәдуілгі тағам түрі болып саналыпты. Уа­қыт өте келе жылан жеу үрдісі ақырындап Шығысқа қарай ендеп, кейін Еуропаға да жетіпті. Мәселен, Францияда ХІІІ ғасырға дейін байшыкеш ханымдар ағзаға пайдалы және бет терісінің түсін жақсартады деген оймен тек улы жыландарды жеп, арнайы «жылан диетасын» ұстанып келіпті. Оның етін сатуға тек дәріханалар мен дәрі­герлер ғана құқылы болған екен.

 

Бүгінгі күні қуырылған жылан етін оның отаны саналатын Қытай еліндегі көптеген мейрамханаларда кездестіруге болады. Жылан етін оның уы адам өміріне қауіп төндірместей етіп нағыз аспазшы ғана дайындай алады деген соқыр сенім бар. Кейбір айласын асырған аспаздар осыны пайдаланып, туристерден қалаған соманы алады деседі. Шындығында, оның уы тек басындағы бездерде жиналады екен де, ол жыланның етіне өтпейтін көрінеді. Ал дайындау барысында оның басын кесіп тастап, тамаққа етін ғана пайдаланады екен. Көбіне улы жылан етінен кәуап дайындалады. Оны шампур немесе арнайы тор қысқаштың көмегімен көмірдің шоғына пісіреді. Сондай-ақ, жылан етінен сорпа да жасауға болады.

 

Қуырылған қолтырауын еті. Кей халықтар су жыртқыштарының етін ежелден жеген және олардың етін үй жануарларының етіне қарағанда пайдалы деп қараған. Кейбірінің ағзасында адамға зиянды заттар болатындықтан қолтырауынның барлық түрі жеуге жарамды емес. Десек те, тағам ретінде пайдалануға болатын 10-ға жуық түрі бар.

 

Қолтырауын, яғни крокодил еті Қытай, Филиппин, Үндістан және Жапония елдерінде қолданыста. Мұндағы қолтырауыннан ас да­йындағысы келетін мейрамханалар осы жыртқышты аулауға арнайы лицензия алуы тиіс. Бірақ кейбір елдер мұның да шешімін тауып қойған. Мәселен, Тайланд пен Сингапурда арнайы қолтырауын фермасы бар. 2011 жылы мұндай ферма Ресейдің Екатеринбург қаласында да ашылған көрінеді. Қолтырауын етін ас ретінде пайдалану үшін оның он бес жыл өсу керектігіне қарамастан, шетелде бұл кәсіп түрі өте табысты болып табылады екен.

 

Көбіне-көп қолтырауын етін қуыра немесе бұқтыра отырып даярлайды. Сондай-ақ оның еті тұздауға да, қайнатуға да жарамды деседі. Оның жұмыртқасынан бағасы өте қымбат тұратын омлеттер де жасайтын көрінеді. Ал Оңтүстік-Шығыс Азияның кей ел­дерінде қолтырауынның табанынан дайындалған «Лапа дракона» тамағы ұсынылады екен.  

 

Тунец балығының көзі. Жапонияның Денсаулық Сақтау Қауымдастығы бұл асты ең пайдалы тағамдардың санатына әл­деқашан қосқан. Астың түрі тә­бетті онша ашыңқырамаса да, жапондықтар көбіне көп тунец балығының көзін қуырғаннан немесе буға пісіргеннен гөрі шикідей жеуге кеңес береді. Бұл дели­катестің дәмі өзгеше болғандықтан барлық адамға бірдей ұнай бермеуі мүмкін. Мұндай жеңсік ас аса қымбат емес көрінеді. Оның дәмін Жапонияға саяхаттап барған кез келген турист татып көре алады екен.

 

Маймылдың миы. Маймылдың миын жеу өз алдына экзотика шығар, бірақ оның кереметі тірі маймылдың бассүйегін ашып жеуде болып табылады екен. Маймылды дастарқанға әкелмес бұрын оны алкоголь немесе ұйық­та­татын дәрімен естен тандырады көрінеді. Ал бас сүйегін тапсырыс берушінің көз алдында ашады. Содан соң оны алдын-ала тұздап, арнайы қасықпен жей береді. Ең сорақысы, байқұс жануар сол кезде оянып кетіп, шыңғырып жіберетін жағдайлар да болады екен.

 

Маймылдың миының құрамында көптеген пайдалы заттар бар деседі. Дегенмен, оны ас ретінде тұтыну адамға психология­лық тұрғыдан ауырлық әкелуі де мүмкін. Тірі маймылдың миы Қытай мен Үндістандағы кейбір жабық мейрамханаларда алдын-ала ке­лісім бойынша ғана ұсынылады. Себебі, мұнда бұл асты тұтынуға заң бойынша тиым салын­ған. Бірақ Камбоджа елінде маймылдың миын кез келген жерден келісімен сатып алып, жей беруге болады екен.

 

Жұлдызқұрттар. Мұны Африка, Австралия, Мексика, Қытай елдерінде деликатес ретінде жейді. Қолжетімді болғандықтан бағасы да қымбат тұрмайды. Мәселен, африкалық пигмейлер (Орталық Африкадағы халықтар тобы) тірі жұлдызқұрттарды пальма ағашының жапырағына орап, отқа қақтайды да, қайнап жатқан пальма майына бір қуырып алып жей береді екен. Пигмейлердің ортасында сегіз жыл тұрып, содан соң осы туралы кітап жазған зерттеуші Энн Патнем оның дәмі шаяндікіне (креветки) ұқсас болатындығын да айта кеткен.

 

Сондай-ақ, Мексикада жұлдыз­құрттарды ащы соуспен араластыра отырып қуырып жесе, Қытайда одан сорпа дайындап ішеді екен. Ал Конго елінің тұрғындары тірідей жеуге арналған ұзындығы 10 сантиметр болатын ірі жұлдыз­құрттарды көшедегі сауда нүкте­лерінде көптеп сататын көрінеді.

 

Салангана құсының ұясынан дайындалған сорпа. Бұл Гонконгта бағасы ең қымбат сорпа болып табылады екен. Себебі, салангана ұясының бір келісі 4000 долларға дейін саудаланады.

 

Салангана кәдімгі торғайға ұқсайтын кішкентай құс. Ол өзінің жабысқақ сілекейін пайдалана отырып, өз қауырсынынан ұя салады. Қытайлықтар мұны ас ре­тінде пайдалануды ХІІ ғасырда бастаған көрінеді. Сол уақыттарда «салангана теңіз көбігімен және ұлулардың белгілі бір түрімен ға­на қоректенеді, осыған байланыс­ты сілекейде қалған жартылай қорытылған ұлу талшықтары емдік қасиетке ие» деген пікір қалыптасыпты. Сөйтіп, салангана ұясын қытай ақсүйектері ерекше ұнататын болады. Кейін келе салангананың кәдуілгі құстар секілді шыбын-шіркеймен қоректенетіні бел­гілі болса да, оның ұясынан сорпа қайнату дәстүрі жойылмапты. Айтпақшы, сорпаны құс қауыр­сындарынан тазалап барып қана ішу керек екен.

 

Кивиак. Бұл – солтүстік аймақ халықтарының дәстүрлі тағамы. Кивиакты ешқандай мейрамханаларда ұсынбайды. Мұның дайындалу тәсілі мынадай: басы кесілген тюлень етіне 500-ге жуық өлі шағалаларды қауырсынымен қоса салып, жеті айға жер астына көміп тастайды екен. Шағала мен тюлень етінің өзара әрекеттесуінің нәтижесінде кивиак ірімшікке ұқсас ерекше дәм беретін көрінеді. Бір қызығы, кивиакты жеу үшін Гренландияға арнайы тур ұйымдастыратындар бар екен.

 

Жарқанат сорпасы. Камбоджиялық мейрамханаларда тірі жар­қанаттар салынған торды алдыңызға әкеліп, өзіңіз таңдаған біре­уінен сорпа дайындап бере алады. Ол үшін  жарқанатты тірі күйін­де қайнаған суға тастап, қа­жет­ті дәмдеуіштермен астың дәмін кіргі­зеді. Ал оның дәмі жарқанаттың жеген қорегіне байланысты өзге­ріп отыруы да мүмкін.

 

Иә, естімеген елде көп деген осы шығар... Сырт елге шыққанда алдыңызға әкелген асқа мән беріп қараңыз. Себебі, кейде не жеп отырғаныңызды өзіңіз де білмей қалуыңыз әбден мүмкін.

 

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ