Әбдімұса Қуатбеков атымен аталады

05.04.2019
Қаралды: 237

Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірі – Қазақстан инже­нерлік-техникалық уни­верситеті енді «Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті» деп аталатын болды. Бұл жөнінде биылғы қаңтар айында Шымкент қалалық әділет басқармасының қаулысы қабылданған. Таяуда университет ұжымы осыған орай арнайы іс-шара өткізді.

 

Бұл жиынға Түркістан облыстық және Шымкент қалалық білім басқармаларының қызметкерлері, мә­слихат депутаттары, мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Онда жұрт­шылыққа университеттің жаңа ата­уы таныстырылды, оның оқу бағдарламасы, ғимараттары, материалдық-техникалық базасы жөнінде мәліметтер берілді, университет ұстаздары ұйымдастырған көрмелер көрсетілді.

 

Аталған университеттің негізін өңірімізге белгілі азамат Әбдімұса Қуатбековтің қалағаны белгілі. Содан бергі 20 жылдай уақыт аралығында бұл оқу орны мыңдаған жас мамандарға білім беріп, тәрбиелеп шығарды.

 

Ә.Қуатбеков – профессор, химия ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының, Нью-Йорк академиясының академигі, П.Капица атындағы халықаралық сыйлықтың иегері болатын.  Ол өзі өмірге келтірген университеттің прези­денті, құрылтайшысы болып еңбек еткен еді. Өткен жылғы қазан айында, 77 жасында қайтыс болған. Енді, міне, өзі негізін қалаған университетке оның есімі беріліп отыр.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ