Үйлерінде бір мезетте жиырма шақты адам жүрген екен

05.04.2019
Қаралды: 343

Соңғы кездері тұрмысы төмен, тауқыметі бір басына жетерлік көпбалалы отбасылар туралы жиі жазып жүрміз. Бұл еліміздегі жанұялардың барлығының да жай-күйі нашар дегенді білдірмейді. Арамызда жан сүйсінтерлік ісімен үлгі боларлық отбасылар да жоқ емес. Солардың бірі – Жұрынбаевтар жанұясы. Ерлі-зайыпты Ерлан мен Мәншүк бүгінде төрт баланың ата-анасы.

 

Отағасы Ерланның негізгі мамандығы заңгер, қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. Оның «Facebook» желісінде жарының туған күніне арнап жазған әзіл-шыны аралас жазбасы бар. Онда ол: «Біздің үйде біреудің сыртынан ғайбат сөз айтпайтын, өсек-аяңға жақын емес, бала сияқты тез сенетін де, соңынан алданып қалатын да, өзі өте-мөте се­зімталдау бір қыз бар. Үйімізде мектепті кезек-кезегімен бітіріп келген 15 сту­денттің, тіпті бір жылдары үлкенді-кішісі бар 18 адамның бізбен бірге тұрған кездерінде әрбірінің қысылмай, еркін жүруі де осы қыздың арқасы-ау. Ақшаны қара бастың қамына жұмсайық демей, жеті туысыма үй салатын жер алып, алты ағайынға көлік мінгізіп, бес іні-қарындасқа той жасап беріп, олардың қанаттары қатайып, буындары бекіп кеткенше көмектесуіме қарсылық танытпай, жанымда бірге жүгіріп жүргеніне қарағанда, жақсы адам болуы керек. Оқыған кітабы мен көрген киносының әңгімесін үш сағат шай ішіп отырып тыңдаймын деп артық салмақ қосқаныма да осы қыз кінәлі», – деп жазады.

 

«Кінәлі қыз» Мәншүк Шымырбайдың өзімен әңгімелесу барысында оның мамандығы журналист екенін білдік. «Хабар» агенттігінің жаңалықтар саласында жұмыс істейді. Қазір декреттік демалыста. Еңбек жолын «З1-арнадан» бастаған ол телевидение саласында 19 жылдық тәжірибесі бар екендігін айтады. Мәншүк ханымнан кезінде бір үйде 18 адамның қалай бірге тұрғандығы туралы сұрадық.

 

«Мен 1996-жылы ауылдан арман қуып, Алматыға келдім. ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің студенті атанып, сабағымыз жаңадан басталып жатқан күз мезгілі еді.  Бірде жатақханадағы бөлмелес құрбым Гүлбағыш өзінің Ерлан есімді бөлесінің бізге қонаққа келетінін айтты. Ол Қазақ мемлекеттік заң академиясының студенті екен. Сол кезден бастал­ған таныстық алдымен достыққа, соңы махаббатқа ұласты. Сөйтіп, 2002-жылы отау құрдық.

 

Үйленген соң жолдасым үлкендерге салмақ салмайын деген оймен тойды өз күшімен жасады. Тойымыз да ерекше өтті. Ата-анасының келісімімен тойды Алматы қаласында жасайтын болдық. Ал тума-туыстардың барлығы да демалып, қонақ болып отыруы керек деп шештік. Сонымен барлық жауапкершілік өзімізге жүктелді. Алдымен өте ықшамды етіп, той бюджетін есептеп шығардық да, шақыру билетіне әдемі лебіздер жазып, 140-тай адамға тараттық.

 

Алматыдағы үлкен тойханаларда той жасау біз секілді жаңа үйленген жастардың қалтасына салмақ болатыны белгілі. Біз оның да жолын таптық. Той күнін әдеттегідей сенбі-жексенбіге емес, әде­йілеп сәрсенбінің сәтті күніне жоспарлап, бір мейрамхананың бос тұрған ішкі залын жалға  алдық. Бірақ дастарханға қойылатын ас мәзірін түгелдей өзіміз дайындауымыз керек еді. Бұл кезде де көп ойланған жоқпыз, достарымыздың көмегіне жүгіндік. Бір топта оқыған, бүгінде аты көпшілікке белгілі Жұлдыз Әбділда, Назым Дүтбаева, Гүлбағыш Бостан, сондай-ақ сол кездегі өзіміз мүше болған «Азамат» дебат клубындағы Лаура Жақсылық, Риза Исаева секілді қыздар салаттар мен басқа да тағам түрлерін дайындауға көмектесті. Оның барлығын ҚазҰУ-дің бесінші жатақханасында түні бойы пісірдік.

 

Қыздардың жартысы таң азанымен мейрамханаға барып, дастархан дайындап жатты. Жолдасым бірнеше студенттермен келісіп, олар  даяшы болатын болды. Екі кәсіби аспаз жалдап, олар ыстық тамақпен айналысты. Қазіргі таңдағы белгілі ақын Саят Қамшыгер – асаба, Шынар деген қызымыз – әнші,  «Қазақстан» ұлттық телеарнасының бүгінгі белді журналисі Азамат Дүйсенбі – оператор, «Түркістан» газетінің қазіргі таңдағы тілшісі Гүлбиғаш Омар фотограф болды. Осы процестің барлығын Ерланның өзі бақылап отырды. Осылайша достарымыздың жабылып қызмет етуінің арқасында тойымыз ерекше форматта, керемет өтті. Өзімізден кейінгі іні-сіңлі­леріміздің тойын жасағанда бұл бізге әжептеуір тәжірибе болды.  

 

Осы тойдан түскен қаржыны мұртын бұзбай банкке салдық. Екеуміз де ол кезде жас маман едік, жұмыс істейтінбіз. Түскен табысымызды үнемдеп, артылғанын үй аламыз деп жинай бердік. Бір жылдан кейін Алматының шетіндегі Тұз­дыбастау ауылының тұрғыны атанып, баспаналы болдық. Үйді үлкейтіп, екінші қабатын көтердік. Екі қабатты үй болған соң бөлмелері де жеткілікті еді. Содан кейін бірінен соң бірі оқу іздеген іні-сіңлілеріміз бізді жағалап келе бастады. Ерлан да, мен де бір үйдің тұңғыштарымыз. Оның артынан ерген төрт бауыры, менің үш бауырым, ағайын-тумалардың балалары келе бастады. Арасында үйленгендері де болды. Жұмыс іздеп келген қайнағаларымыз да, тұрмысқа шыққан  сіңлім де жолдасымен, балаларымен біздің үйде тұрып жатты.

 

Бір кездері бала-шағалы қайным мен келінім де біздің үйде еді. Абысынымның оқуы мен жұмысы бар болғандықтан бала күтуші қыз да үйге келіп жай­ғасқан болатын. Осылайша көп адамның басы кешкісін бір жерге түйісіп, бір дастарханнан үпір-шүпір ас ішіп, таңертең біріміз сабағымызға, біріміз жұмысымызға кететін едік.

 

18 деп нақтылай алмаймын, кейде одан аз адам болдық. Бірақ бірде үш отбасы, бірде төрт отбасы болып бір шаңырақтың астында тұрған сәттеріміз де жоқ емес. Бұл кезеңдерді мен қиыншылықпен қабылдадым деп айта алмаймын. Оған өзімнің көпшілдігімнің де әсері болған шығар. Оның үстіне қайын­сің­лілерім мен қайныларым бала қарауда, үй шаруашылығында әрдайым өзіме қолғанат болып жүретін.

 

Кейде Жаңа жыл, Наурыз секілді мерекелерде студенттеріміз үйлеріне, ағаларымыз отбасына қайтып, екеуміз ғана қалушы едік. Сондай сәттерде үйдің іші тым-тырыс боп қалатын.  Сол кездері осы күндердің уақытша екенін, қасымызда жүргендердің барлығы да қанаттары қатайып, өз қолдары өз ауыздарына жеткеннен кейін бізден бөлектеніп кететінін түсіндім. Сөйтіп бұл жағдайға түсініс­тікпен қарап, бәрімен де тату-тәтті тұруға тырыстым.

 

Сол кезде кейбірі: «Ұрыспайсыңдар ма?» – деп сұрап жататын. Жас болғаннан кейін іні-сіңлілеріміздің, келіндердің іс-әрекетінен олқылықтар орын алып жатса, жолдасым да: «Үлкені ретінде неге айтып түсіндірмейсің?» – деп қалатын. Бірақ барлығын да «Ертең олар бөлек кеткен соң менің ашу үстінде артық айтып қойған дүниелерім естерінде қалып қояды. Тоқсанына шыдап, тоғызына шыдамасам, тоқсан күндік төзімім түкке тұрғысыз болып қалар. Бәріне қалыпты дүние деп қарағанымыз дұрыс» деген бір ойдың аясына сыйдырдым. Соншама адамның бір шаңырақ астында тату өмір сүруінің бір сыры осында шығар деп ойлаймын», – дейді ол. 

 

...Мәншүк Астанаға көшіп келген соң біразға дейін жеке тұрып жатқандарына үйрене алмай, тамақты да көп жасап қойып жүргендігін айтады. Осындай әсерлі әңгімеден соң маған бұл отбасыда ұрыс-керіс мүлдем орын алмайтындай көрінді. Сөйтіп, бақытты отбасының сырын білуге тырыстық.

 

«Отбасы болған соң бәрі де болады. Бізде де ауа райы құбылып тұрады. Бірде бұлтты, бірде жаймашуақ. Негізі Ерлан екеуміздің мінезіміз өте ұқсас. Ол да лап етіп тез ашуланғанымен бес минуттан соң қарқылдап күліп отыра береді. Өзі әзілге өте жақын, қалжыңқойлық қа­сиеті басым.

 

Дәл сондай мінез менде де бар. Бірдеңені көтермей, бұрқ ете қалатын, ойыма келгенді сарт еткізе салатыным рас. Бұған екеуміз де үйренгенбіз. Сондықтан да өкпе-ренішті ұзаққа сақтап, сөйлеспей, кектеніп жүретін күндеріміз болған емес.

 

Дегенмен де бақытты шаңырақ деген ұғым бір ғана нәрседен емес, бірнеше мезеттерден тұрады дер едім. Тұрмыс құруға шешім қабылдаған, содан соң бас құраған, ең алғаш сәбилі болатыныңды білген, балапандарды бауырыңа басқан, жақындарыңды қуант­қан, алғашқы отауыңдағы қоныс тойыңды өткізген сәт – мұның бәрі де адамға керемет қуаныштар сыйлайды емес пе?! Тек осының қадірін дер кезінде білу керек. Жарыңды бағалау, кемшілігі болса, кемшілігімен қоса қабылдау, қиындықтардан бірігіп жол табу – бұл да бақытты отбасының бір бөлшегі. «Құрған жанұямды сақтап қаламын, бұдан да жақсы етемін» деп тырысқан ерлі-зайыптылар сол мақсатына жетпей қоймайды», – дейді Мәншүк.

 

Қанатымен су сепкен қарлығаштай бауырларына қолғабыс етіп, қиын сәттерде жанашырлық танытып жүрген, бәріне түсіністікпен қарап, жетістікке тек өз еңбектерімен жетуді мақсат тұтқан Ерлан мен Мәншүк секілділер басқаларға үлгі. Мұның арғы жағында да асқан ақыл, үлкен төзім мен шыдамдылық секілді мінездер жатқан шығар, бәлкім. Қоғамды да осындай мерейлі отбасылар ұстап тұрады. Бұл мақаланы жазудағы да мақсат сол, бақыты баянды отбасылар көбейе берсе екен деген тілек біздікі.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ