66 жастағы апа 44-тегі мүгедек ұлымен пәтерден пәтерге көшіп жүр

05.04.2019
Қаралды: 407

«Замана» газетінде әлеуметтік мәселелер жиі жарияланатындықтан болар, редакциямызға жай-күйін айтып келетіндер аз емес. Солардың қатарында шымкенттік Аманқыз Отарбаева есімді 66 жастағы ана да бар. Оның қиналып жүргенін байқаған Түркістанда тұратын абысыны Рыскүл Досыбекова бұл кісіні редакциямызға өзі ертіп келіпті. Алдымен сөзді Рыскүл апаның өзі бастады.

 

«Шалым осы Шымкент қаласындағы ауруханалардың бірінде ем алып жатыр. Екі күннің бірінде осындамын. Мына Аманқыздың жайы жаныма батқан соң «Замана» газетіне барайық, жағдайыңды айтайық, халықтан жәрдем сұрайық деп ертіп келіп отырмын. Өз басым «Замана» газетін 4-5 жылдан бері үзбей оқимын. Әр апта сайын аламын. Шалым да, мен де бұл басылымды өте жақсы көреміз. Күтіп жүріп, әр сенбіде ерінбей базардан барып сатып әкелеміз. Бұл газетке алғысым шексіз. Төңіректе болып жат­қанның бәрін қамтып отырады. Оқырманы көп газет қой», – деп барып тоқтады ол кісі. Содан соң Аманқыз Отарбаеваны сөзге тарт­тық.

 

Аманқыз апаның жолдасы 2016-жылы өмірден озыпты. Зейнеткер апа алты перзенті бар екендігін айтады. Қолындағы баласынан басқасынан бәрі де отбасылы болып, өз жөнімен кетіпті. Өзімен бірге тұратын бұл ұлы екінші топ мүгедегі екен. Қазір екеуі Шымкент қаласында пәтер жалдап тұратын көрінеді. Өздері Отырар ауданы, Көксарай ауылынан 2005-жылы көшіп келіпті. Қалаға қарай жақындайық деген ниетпен ауылдағы үйлерін сатып, Шымкент қаласына келген бұл отбасы қолдағы қаржыға баспана ала алмай қалады. Содан бері пәтерден пәтерге көшіп күнелтіп жүр екен.

 

Апаның өзі 65 мың теңге болатын зейнет­ақыдан басқа кірісінің жоқ екенін айтады. Оның 25-30 мыңы пәтерақыға, 29 мыңы осыдан бір жыл бұрын алған несиесіне төленеді екен. Несие уақытының аяқталуына әлі үш жылдай бар көрінеді.

 

Аманқыз апаның таяққа сүйеніп жүретінін көріп, одан денсаулығы туралы сұрадық. 

 

«Дәрігерлер жүрегіңде ақау бар дейді. Емделіп, дәрі қабылдап жатырмын. Осыдан бір ай бұрын оң аяғыма ота жасаттым. Қазір бұл аяғым жақсы. Жүректің емі біткен  соң құжат дайындап, портал арқылы екінші ая­ғыма ота жасатпақпын. Балаларым дәрі-дәрмегіме қарасқанымен олардың да жағдайы анау айтқандай емес. Өздері де пәтер жалдап күн кешіп жүр. Қолдағы ұлымның мүгедек­тікке байланысты алатын азын-аулақ ақшасы өзінің ем-домынан, дәрі-дәрмегінен артылмайды. Жасы – 44-те. Оның жанұясы да, жұмысы да жоқ. Қазір мені баспана мәселесі қинап тұр», – деді ол. 

 

Бұл кісі көп сөйлемейді екен. Сауалдарымыздың жауабын Рыскүл апа беріп  жатты.  

 

«Аманқыз бір баспаналы болса екен дей­мін. Әйтеуір ел арасынан жәрдем ететін жомарт жандар табылады ғой деп ойлаймын. Сауап жинағысы келетіндер де арамызда көп емес пе? Ол адам біреуге берсе, оған Құдай береді. Халық ішінен бір жанашыр табылар деген үмітім бар. Бұлар үкіметтен үй ала алмайды, кезекке тұрғанымен кезегі жуық арада келмейді. Қазір балапан басымен, тұрымтай тұсымен болып кеткен заман ғой. Ағайындар да қайсыбіріне жәрдем бере береді? Әйтеуір бір мүмкіндік туып, Шымкент қаласының маңынан кішкентай ғана баспанаға ие болса, сол да жетер еді.

 

«Өз үйім – өлең төсегім» деген сөз бар. Әркімнің өз үйі болғанға не жетсін! Қазір бұлар біреудің бір бөлмелі ескі «времянкасында» отыр. Әзірге жағдайы осы», – деді тағы да ол кісі.

 

Жағдайымды жұртқа жеткізіңдерші деп редакциямызға көмек сұрап келген апалардың  өтінішін көпшілікке жария етуді жөн санадық. Аманқыз апаға қол ұшын созып, жәрдем бергісі келетін қайырымды жандар үшін ол кісінің «Kaspі Goіd» картасы жұмыс істейді. ЖСН нөмірін (530214401820) теру арқылы кез келген сомада қаржы аударуға болады.

 

М. ӘМІР.

 

Аманқыз Отарбаеваның байланыс телефоны: 8-705-272-05-80.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ