Айзаны әлем «Мұз ханшайымы» деп атайды

04.04.2019
Қаралды: 119

Қазақстанның атын әлемге паш етіп жүрген Элизабет Тұрсынбаева секілді тағы бір аруымыз бар. Оны көбіне «Мұз ханшайымы» деп атайды. Ол – 20 жастағы қазақстандық Айза Мамбекова.

 

Айза мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның спорт шебері, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, төрт дүркін Қазақстан чемпионы. 2017-жылы Жапонияның Саппоро қаласында  және 2018-жылы Кореяда өткен қысқы Олимпиада ойындарының, 2019-жылы Красноярскіде бол­ған қысқы Универсиада ойындарының қатысушысы. Осы жылы Исландияның Рейкьявик қаласында өткен халықаралық жарыста және Шымкент қаласында өткен ІІІ Жастар Ойындарында да жүлделі орынды иеленді. Үш рет күміс жүлдегер атанған. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясының 3-курс студенті.

 

Мұзға тұңғыш рет төрт жасында келген спортшы қыздың мәнерлеп сырғанаумен айналыс­қанына 16 жыл болыпты. Ол кездегі алғашқы жаттықтырушысы Айгүл Қуанышева екен. Одан кейін Галина Маслюк, Елена Сухецкая, Құралай Узурова,  Алексей Мишин секілді тәжірибелі бапкерлерден сабақ алып келеді. 

 

Айзаның басқа мәнерлеп сырғанаушылардан өзіндік ерекшелігі бар. Ол шетел аренасына шыққанда қазақ классикалық әуенінде өнер көрсетеді. Көпшілігі мұны Айзаның «фишкасы» деп таниды. Ол туралы оның өзі былай дейді:

 

«Қазақша әуен таңдап, қазақ биін қойып жат­қанымызға он жылдың жүзі болды. Әу баста бұл әкемнің идеясы болды. Әуендерді де өзі таңдап береді. Алғаш рет 2010-жылы Парижде «Ұлытау» тобының орындауындағы Құрманғазының «Адай» күйіне өнер көрсеткен едім. Содан бері Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», «Аққу», Дәулеткерейдің «Көроғлы» және Түркеш Қалайұлының «Көңілашар» күйлеріне билеп келдім.

 

Жалпы, қазақ музыкасы өте бай, таңдау көп, деңгейі де күннен күнге өсіп келе жатыр деп айта аламын. Шетелдіктердің қазақша музыканы алғаш рет естіп тұрса да оны ерекше қошеметпен қабылдайтынын байқаймын. Кос­тюм­дерімді де әуенге сәйкестендіріп, қазақи нақышта тіктіремін. Үлгісін бапкерлеріммен, әкеммен бірге ойластырамыз. Мен спорт саласында же­тістікке жетсем, оның бәрінде де әкемнің үлесі бар. Ол кісінің тарапынан қолдау басым. Менің бұл спорт түріне келуіме де әкем себепші бол­ған.

 

Қандай сұхбат берсем де тек қазақша сөйлеу­ге тырысамын. 1,5 жасымнан қазақ балабақшасына барғанмын, қазақ мектебінде оқыдым. Қазақ тілі мен үшін өте маңызды. Спортшылар елдің атынан шығатын болғандықтан мемлекет­тің тілін насихаттауы керек деп ойлаймын. Сонымен қатар тілімізді құрметтей де білуі керек», – дейді ол.

 

Айзаның әкесі Евфрат Мамбеков мәде­ниет­танушы, педагогика ғылымдарының кандидаты, 30-ға жуық ғылыми еңбектердің авторы екен.

 

Жалпы, Айза ән айтқанды, билегенді ұнатады және домбырада да жақсы ойнайды екен.  Оның алға қойған арман-мақсаттары жетерлік. Сол жолда тынбай еңбектеніп келеді. Еліміздің атын шығаруға құмар осындай спортшыларымыз лайым көп болсын дейміз.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ