Қазақ қызы Элизабет сенсация жасады

01.04.2019
Қаралды: 76

Қазақ қызы, 19 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Жапонияның Сайтама қаласындағы жарыста сенсация жасады. Әлемдік чемпионат 18 – 24-наурыз аралығында «Супер Сайтама» аренасында өткізілген болатын. Қазақстанның атынан шыққан спортшы қыз бұл жарыста «төрттік сальхов» деп аталатын секірудің ең қиын түрін орындап, өнеріне әлемді тәнті етті. Бұл жарыста күміс жүлдені иеленген Элизабеттің есімі ересектер арасындағы төрт айналыммен секіруді ресми жарыста қатесіз орындаған тұңғыш спортшы қыз ретінде  тарихта қалды. Көпшілік оның бұл ісін турнирдің басты сенсациясына айналған тарихи оқиға деп таныды. Спортшы бұл жеңісі үшін жаттықтырушысы Этери Тутберидзеге алғысын білдірді.

 

Бұл ғана емес, осыған дейін де Элизабет бірнеше рет күміс жүлдеге қол жеткізген болатын. Ағымдағы жылдың 2 –12-наурыз аралығында Ресейдің Красноярск қаласында өткен универсиадада еліміз еншілеген 4 күмістің бірі осы Элизабеттің жетістігі еді. Сондай-ақ осы жылдың 5 – 10-ақпан аралығында АҚШ-тың Анахайм қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткізілген «Төрт құрлық чемпионатында» тағы да күміс медальды қанжығасына байлады.      

 

Элизабет Тұрсынбаева Ресейде туып-өскен, отбасымен Мәскеу қаласында тұрады. Оның Элизабет атануы «Клеопатра» фильмінде басты рольді сомдаған Элизабет Тейлор есімімен байланысты екен. Анасы Падишахан әлгі фильмді сүйіп тамашалайтын болғандықтан шетелдік актрисаның атын қызына беруді ұйғарыпты.

 

Падишахан Сұлтаналиева Қырғызстанның Ақсы ауданының тумасы, қырғыз ұлтының өкілі. Ал әкесі Байтақ Тұрсынбаев – Қызылорда облысынан, қазақ. Заңгерлік оқу бітірген ол жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Элизабеттің спортта жетістікке жетуіне бірден-бір себепші болып жүрген де осы ата-анасы. Мәскеу қаласында танысқан олар үйленген соң да сол жақта тұрақтап қалған. Элизабеттің ағасы Тимур да мәнерлеп сырғанаудан спорт шеберлігіне үміткер, бірнеше жарыстардан жүлделі орындар иеленген. Бірақ жарақат алуына байланысты бүгінгі таңда жаттығуын тоқтатуға мәжбүр болыпты.

 

Мәнерлеп сырғанаушы қыздың отбасы бірнеше жыл Канадада болып келіпті. Ол жақта Элизабет Брайан Орсер атты жаттықтырушыдан сабақ алады. Одан соң олар Мәскеуге қайта оралып, спортшы қыз жаттықтырушысы Этери Тутберидзенің командасында жаттыға бастайды.

 

Элизабет бірнеше жылдан бері жарыстарда Қазақстанның атынан өнер көрсетіп келеді. Осыдан біраз уақыт бұрын әкесі Байбақ бұған қатысты «Sports.kz» сайтына берген сұхбатында былай деген:

 

«Бұған дейін Элизабет пен Тимурды Қазақстанның қалаларында өткізіліп жатқан барлық турнирлерге өз есебімнен әкеліп, қатыстырып жүретінмін. Соның арқасында Элизабеттің Ресей құрамасынан Қазақстан құрамасына өтуі психологиялық тұрғыдан жеңіл болды. Әрине, жаттықтырушыларымен аздаған түсініспеушіліктер орын алды. Бірақ біз оған жұмыс барысында орын алған ұсақ-түйек дүние деп қарадық. Біз әрдайым Элизабетті Қазақстанның атынан өнер көрсететін болады дейтінбіз. 2013-жылы Элизабетті Ресей құрамасына ендірді. Осыдан соң отбасымызбен ақылдаса оытып, Элизабет бұдан бұлай Қазақстанның, соның ішінде Қызылорда облысының атынан шығатын болады деп шештік. Біздің бұл шешімімізді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев та қолдады.

 

Элизабет Қазақстанды жақсы көреді. Ел астанасының әдемі қала екендігін айтады, осында тұрғысы келетінін де жасырмайды», – дейді ол кісі.

 

Элизабеттің жеңісіне қырғыз ұлтының өкілдері де қуанып жат­қан көрінеді. Тіпті ондағылар оны қырғыз қызы деп те таниды екен.

 

Түрлі жарыстардан жүлделі орындар алып жүрген ол 2018-жылы әлемнің ең үздік мәнерлеп сырғанаушыларының «ТОП-15» тізіміне енген. Онда Элизабет 14-орынды иемденіпті. 

 

Элизабеттің ендігі арманы әлемдік аренада қазақ күйінің әуеніне өнер көрсету екен. Қазір мұнымен канадалық және ресейлік хореографтар жұмыс жасап жатқан көрінеді. Қазақ өнерін паш еткісі келетін қазақ қызымен біз де мақтанамыз. Оның әлі де көптеген жетістіктерге жететініне, биік белестерді бағындыратынына, сөйтіп, еліміздің көк туын биікке көтеретініне сеніміміз мол.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ