Бұл бақсының емі мүлде өзгеше

02.04.2019
Қаралды: 1457

Күні бойы компьютерге тесіліп, бір орында «шегеленіп» отырғаннан ба, сегізкөз тұсы тызылдап, шыдатпай бара жатқан. Сәл жүріп қайтайын деп орнымнан тұра бергенде бір апай кіріп келді. Амандық-саулық барысында бақсы екенін естідік. Қолындағы қобызына қарап, қалай емдейді екен деп ойлана бергенім сол: «Арқаң құрысып, ашып ауырып тұр ә? Бірақ жаныңа ол емес, беліңнің ауырғаны батып жүр», – деді. Оны қалай сезгенін сұрадым. Ары қарай әңгіме тиегі ағытылып жүре берді.

 

Назым Төленованың бақсылық қасиетті қабылдап, түбегейлі осы жолға түсіп, ем жүргізе бастағанына он жылдан асыпты. Айтуынша, алдындағы адамның қай жері ауырса, қаңқаның сол тұсы оған қарайып көрінеді екен. Содан кейін сыздағаны, қақсауы немесе құрысуы өз бойына беріліп, қалай ауырғанын сезетін көрінеді. Ал емдеу тәсілі мүлде өзгеше.

 

Қобыз сарынының құпия күші

 

«Адам бойындағы қарайып тұрған жер ауру аймағына қарай үлкен немесе кішкентай болып көрінеді. Кейбіреуі көк түсті дақ болады. Ол адамның емі дәрігерден деген сөз. Тек дем салып, жолындағы байлауды шешу керек. Сонда ем жақсы жүреді. Ал ауырған жер қарайып тұрса, онда бойын тазалаймын. Отбасылық қиындықтарға кезіккендерге бақсылық ем-тәсілдерін қолданамын» дейді Н.Төленова.

 

Ауруға алақан жылуын жібереді

 

Кейіпкеріміз емді адам бойын тазалаудан бас­тайды екен. Тазалау дегені – қобыздың үнімен адамның санасын, жан сарайын жуып-шаю. Біресе сыңсыған қыз үніндей сызылып, сәлден кейін күңіренген қарияның даусына ұқсап, бара-бара ақырған аң патшасының айбатына айналатын сарынды тыңдаған адам әуелде әдемі әуенге елітеді дейді. Қобыз сарыны күшейген сайын емделушінің тұла-бо­йын түршіктіріп, тітіркенгендей әсер береді. Осы бойдағы негатив, жаман энергиядан тазалану барысында кейбіреу егіліп жыласа, енді біреулер күрсініп, әрі-сәрі күйге түседі. Жан сарайы «жуылған» адам сәлден кейін бойы жеңілдеп қалғанын сезінеді. Осыдан кейін емнің екінші сатысы басталады.

 

«Бауыр тұсы солқылдайтын, бүйрегі сыздайтын, асқазаны қыжылдап, ас батпайтын, жүрегі тарсылдай соғатын адамдарға, жатыры суықтаған, бала көтере алмай жүрген әйелдерге дем салып болғаннан кейін алақаннан жылу жіберемін. Біреулерге бес минуттық биоток жеткілікті. Ал енді қатты ауырып тұрған адамға тиісінше көбірек қуат жіберу керек. Ол ем барысында белгілі болады. Бүйрек, өт, қуықта енді құм түзіліп жатса, оны биотокпен кетіруге болады.

 

Тізесі ауыратын адамдарға шырғанақтан дәрі жасап беремін. Бұл рецепттің тиімділігін талай адам көрді. Тұрақты жағып жүрсе, көп ұзамай тізенің қақсауынан құтылады.

 

Денесін сулы жара басып, жазылмай жүрген адамдарға алма сірке суы қосылған май әзірлеймін. Бетіндегі безеуге инфекция түсіп, ол суланып, іріңдеп кеткен бір келіншекті кездестірдім. Өзі дәріхана сатушысы. Жақпаған дәрі қалмады дейді. Тез арада керек құрамдарын алдырып, майды әзірлеп, дем салып бердім. Бірнеше күн өткенде ол мені іздеп келді. Рахметін айтып, қуанып тұр», – деп еске алады ол.

 

Әсіресе ең алғашқы емделушісі есінде ерекше қалыпты. Ақтау қаласынан хабарласқан кісі ұлы мен қызының өзге діни ағым жетегінде жүргенін айтыпты. Шақыртумен сол жаққа барған бақсы Құран сүрелері, қобыз үні, алақан жылуын қолдану арқылы 17 күн ем жасадым дейді. Емі нәтижелі болып, бүгінде ұл-қызы өз алдына үй болып кеткен әлгі отбасымен әлі күнге дейін жақсы араласып тұрады екен.

 

Жылқының қаны мен құйрығын қолданады

 

Осыдан кейін Н. Төленоваға құмар ойындарға тәуелді туыстарына көмектесу туралы өтініш айтатындар көбейіпті. Агрессияға беріліп, ата-анаға бағынбайтын, үйден безіп кететін, өмірден түңілген, терең күйзелістегі жандардың бетін бері қаратқан кезі көп көрінеді. Бірнеше рет маскүнемдікке салын­ған адамдарды араққұмарлықтан арылтқанын айтады.

 

«Араққа салынғандарды емдеуді Ай толғанда бас­таймын. Содан ай кішірейіп, таусылғанша күнде кешке тиісті дұғаларды оқимын. Ол үшін маған суретін әкелуі керек. Бәріне бірдей ем болады дей алмаймын. Бірден тастап кетеді десем де дұрыс болмас. Ем үш сеанс­қа, яғни Айдың үш рет толуына дейін созылуы мүмкін. Дегенмен азайтып барып, тастап кетіп жат­қандар бар.

 

Ата-анаға бағынбайтын бала, ұратын еркек, есірткіге еліткен жандар, отбасынан безген адам­ға жылқының қанымен жасалатын бір амал бар. Бұл бақсылар ғана жасайтын, сонау ежелден келе жатқан көне тәсіл. Жылқының қанына күкірт шиін батырып, ақ параққа тиісті дұғаны жазамын. Әлгі адамның бойын тазалаған соң жаңағы парақты түн ортасында өртеу керек. Сол сияқты бар мүлкін ұтыс­қа тігетін жандардың жаман әдетін байлау деген тәсіл бар. Ол аттың он тал құйрығымен жасалады.

 

Жалпы, ауру түрі, ауыртпалық деңгейі, мазалайтын мәселеге қарай қолданатын ем-шара мен тәсіл де әр түрлі болады», – дейді Н. Төленова.

 

Тәжірибесінде церебралды сал ауруымен ауыратын, мүлде отыра алмайтын екі жасар баланы 10 күн биоток арқылы емдеген кезі болыпты. ДЦП – жүз пайыз жазылуы қиын, тіпті мүмкін емес деуге болатын туа-бітті ауру. Соның ауыр түріне тәуекел еткен бақсы бірнеше сеанстан кейін әлгі бала отыра алатын болды деп қуанады. Қасықты өзі ұстап, ас ішуге жарағанын айтады.

 

Ем 3-7, жын қаққан, үй ішіне тыныштық бер­мейтіндердің емі 9-11 күнге созылатынын айтады. Емдеу ақысын сұрадым. Адамдағы ауыртпалық пен оған жұмсайтын күш-қуатына және жан садақасы, тән садақасы, мал садақасына қатысты болатынын айтып, қысқа қайырды. Әңгімемізді осы жерден аяқтап, бақсымен қоштастым. Сергіп қайту туралы ұмытып та кеттім. Себебі сегізкөздің тартылып ауыруы басылып қалған еді.

 

Е. ЕРКЕЖАН.

 

Редакциядан: Назым Төленованың байланыс нөмірі – 8-702-241-23-45, 8-707-522-43-12.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ