Серікжан Біләшұлының жағдайы не болып жатыр?

01.04.2019
Қаралды: 469

Қытайда қысым көріп жатқан қазақтардың құқын қорғап, олардың басындағы жайдан әлем жұртшылығын хабардар еткен «Атажұрт еріктілері» ұйымының басшысы Серікжан Біләшұлының Алматыдан Астанаға жеткізіліп, екі айға «үй қамағына» алынғаны туралы біз газетіміздің таяудағы нөмірінде жазғанбыз. Бүгінде бұл істің барысы қандай бағыт алып отыр?

 

Біз осы және басқа да сұрақтарды аталған ұйым жұмысының Астана қаласы бойынша үйлестірушісі Міллетхан Айтқалиұлына қойдық.

 

– Серікжан Біләшұлының жағдайынан хабарларыңыз бар ма? Оның тергеуінде не туралы айтылып жатыр? Адвокаты не дейді?

 

– 19-наурыз күні сағат 15.00-де тергеуі болады дегесін адвокаты Айман Омарова келген. Біз де бірнеше адам болып сол жерге бардық. Содан Серікжан мен адвокаты ішке кіріп кетті де, бір сағаттай уақыттан кейін шықты. Айман Омарованың айтуынша, ондағылар Серікжанды Астана қаласының бір тұрғынының «жиһадқа шақырды» деген тұрғыда берген арызы бойынша ұстадық депті.

 

Серікжан отырған үйді сыртынан сақшылар күзетеді. Осының алдында ол жерге «жедел жәрдемненбіз» деп екі-үш адам барған екен, тексереміз деп басқа жерге әкетпекші болыпты. Серікжан бармаймын деп бас тартқан. Сол жердегі жігіттердің бірі: «Сендерді кім шақырды?» – десе: «Білмейміз», – депті. Сосын оларды шығарып жіберген. Адвокат тергеушіге соны айтқан екен, ол: «Оны біз тексереміз, анықтаймыз», – деп уәде беріпті.

 

Сол күні Айман Омарова Серікжанның ендігі тергеуі үш-төрт күннен кейін болатынын айтты деген. Кейін телефон арқылы хабарласып, тергеудің 29-наурызда болатынын айтыпты.

 

Естуімізше, содан арада екі күн өткесін Серікжан отыратын бөлмеге үш сақшы кіріп, біреуі: «Жүр, үстіңгі қабатқа көтерілеміз», – депті. Сол үйдегі жігітке алдымен сен шық деген. Бекзат деген жігітіміз баспалдақпен шығып бара жатып, артына қараса, әлгілер бір-біріне ымдасып, асхана жақты көрсетіп жатыр дейді. Бекзат: «Сендер не істеп жүрсіңдер? Біреуің ғана емес, үшеуің де кіріпсіңдер. Не айтып жатырсыңдар?» – деген екен: «Болды, болды, біз қазір шығып кетеміз», – деп үйден шығып кетіпті.

 

Қазір бір түсініксіз жағдайлар болып жатыр. Үйге аты-жөндерін айтпай бір-екі адам кірген, тергеушімен бірге Серік­жаннан үш-төрт видеосұхбат алыпты. Әбләзовқа көзқарасы туралы сөйлетіпті, адвокат Айман Омаровадан бас тартасың депті. Соның біреуін өздері жариялаған. Айман Омарова сол туралы айтып: «Халықаралық заң бойынша ондайды жазғызбауы керек еді ғой. Заңды кім бұзды? Сендер неге  олай еттіңдер?» – десе: «Оны біз тексеріп, оған жауап береміз», – деп айтты дейді.

 

– Серікжан Біләшұлының отбасының жағдайы қалай?

 

– Серікжанның отбасы Алматыда ғой, сол жақтағы жігіттер хабарласқанда әзірге жағдайлары жаман емес екенін жеткізіпті. Бірге тұруға рұқсат берсе, барамыз ғой де­ген екен, бірақ әзірге оларға ол туралы ештеңе айтылған жоқ.

 

– Оның ішіп-жемін кім жеткізеді?

 

– Сол үйдің иелерімен бірге тамақтанады. Олар кіріп-шығып тұратын болып келіскен. Үй иесі – бізге көмектесіп жүрген жігіт жағдайын біліп тұрады.

 

«Атажұрт еріктілерінің» жұмысы не болып жатыр?

 

– Алматыдағы кеңсенің кілтін әлі де бермепті. Енді олар тағы да сұратып көреміз деп отыр.

 

Ал бізге Астана көлемінде және Орталық Қазақстан, Солтүстік, Батыс Қазақстан өңіріндегі адамдардың біразы келіп, арыз беріп жатқан болатын. Мына жағдайдан кейін тоқтап қалған еді, кешегі күннен бері қайтадан келе бастады. Дегенмен көпшілік қорқынышта жүр.

 

– Ал Қытай жақтан не естіп-білгендеріңіз бар?

 

– Ол жақтағы жағдайды туысы қысым көрген, сотталған адамдардың берген арызы бойынша нақты дәлелдерімен Серікжан жоғарыға жеткізіп отырған еді. Серікжан ұсталғалы бұрынғы саяси лагерьден босатылған адамдарды қайтадан шақырып, енді ішкі Қытайдағы за­уыттарға жұмысқа барасыңдар деп тіркеп жатыр дейді. «Оған бармағандарды қайтадан «Саяси үйрену мектептеріне» жібе­ріп жатыр, ел үмітсіз күйге түсті» деген хабарлар жиі-жиі келіп жатыр.

 

– Жалпы, Серікжан Біләшұлын қа­мату кімге керек болды деп ойлай­сыздар?

 

– Қандай да бір тапсырыспен ұстап отыр ма, жоқ «жиһадқа шақырды» деген жаланы жауып, уақытша ұстай тұрмақшы болды ма, әлде басқадай бір себеп­тері бар ма – бұл жағы бізге беймәлім. Негізінде бұл мәселеде бәрі ашық болуы керек еді. Енді 29-ын күтеміз. Адвокатымыз сол күні білгендерін бізге жет­кізетін болды.

 

– Енді беталыс қалай болады деп ойлайсыздар?

 

– Біз Секең ақталып шығады деген үміттеміз, оған сенеміз. Оның үлкен кісілерден бастап, кішкентай балаларға дейін көңілінде орын алғаны, Қытайда зардап шегіп жатқан қазақтардың 60-70 отбасын асырап отырғаны белгілі. Серік­жанның ұлттың тұтастығы, мемлеке­ті­міз­дің ертеңі үшін еңбек етіп жүргенін ай­тып, қалың ел ара түсу туралы видеожазбалар жіберіп жатыр. Мемлекетіміз елмен, халықпен санасатын шығар. Оны көп ұзамай босатады деп ойлаймыз. Бір ай, екі ай деп соза бермей, Қытайда ту­ыс­тары зардап шегіп жатқан, кешегі жағдайдан кейін үрейленіп, сенімсіздік жай­лап отырғандардың жүрегін орнына түсіру үшін Серікжанды тезірек босатса, ол ел, халық үшін жұмысын жалғас­тырса, біз бәріміз бірігіп жұмыс істесек екен деп тілейміз әрі соны өтініп жатырмыз.

 

Серікжан – жұртқа үнемі мемлекеттің заңы аясында жұмыс істеуді, тәртіп бұз­бау­ды айтып жүретін азамат. Оның сол деңгейдегі лекциялары халыққа үнемі естіліп тұруы керек. Біз мемлекеттің ер­теңі үшін Секеңмен бірге жұмыс істеуіміз керек. Халықтың сенімін орнықтыру үшін Секеңді тезірек босатса дейміз. Біз оның үстінен шағымданған адамдармен де, оны ұстап, қамап қойғандармен де есеп­тесіп жүргенше, жұмысымызды ары қа­рай жалғастыруымыз керек. Біз, Қытайдан келгендер – елдің патриотымыз.

 

...«Атажұрт еріктілері» ұйымының мү­шесі осылай дейді. Жалпы, Серікжан Біләш­ұлына араша түсіп жатқан тек олар ғана емес. Бұған қатысты бірқатар зиялы қауым өкілдері де өз пікірлерін білдірді.

 

«Ұлт жанашыры, нағыз қазақ екенін білдім»

 

Биылғы қаңтар айында бір топ зиялы қауым өкілдерінің жоғарыға хат жазғаны белгілі. Онда Қытайда қорлық көріп жатқан қазақтарды мемлекетіміздің өзі қорғауы керектігі сөз болып, бұл  шаруа­мен осы уақытқа дейін айналысып келген ұйымның ісіне қатысты кейбір жайсыз пікірлер де айтылып кеткен еді.  «Атажұрт еріктілері» ұйымының өкілдері таяуда осы хатқа қол қойған азаматтардың бірі – ақын Темірхан Медетбектен сұхбат алды.

 

«Серікжан Біләшұлы деген азаматты мен бір мәрте тыңдадым, – дейді онда ақын. – Жалғыз өзім емес, «Қазақстан» мейрамханасына көп адам жиналды. Ішінде Қабдеш Жұмаділов, Серікболсын Әбділдин, Рысбек Сәрсенбайұлы, Әмір­жан Қосанов сияқты белгілі азаматтар болды. Солармен бірге мен Серікжанды сонда көрдім.  Маған ең қатты ұнағаны – ол бүкіл мәліметтерді, дәйектерді, дә­лел­дерді терең біліп, оқиғаны жүйе-жүйесімен айтты, Қытай қазақтарының зорлық-зомбылық астында қалғанын жіктеп, тағы да оны жай сөздермен емес, сол жерде нақты адамдарды көрсетіп, аты-жөндерін айтып тұрып, лагерьлерде қандай жұмыс істететінін жүйелеп айт­қанда жүрегіме қатты батты, көңілім алай-дүлей болды. Соншалықты терең білетін азамат, өзінің қанына – қазағының қанына соншалықты жаны ашитын азамат екеніне менің көзім жетті. Одан кейін оның сөзінің дәлелі ретінде ана жақта отырғандардың ішінен біреуі әкесі­нен, біреуі ағасынан, біреуі әйелі­нен, біреуі қарындасынан, баласынан айырылып қалған адамдар зар илеп сөйлеген кезде, сондағы балалардың жылағанын көргенде жұрттың сай-сүйегі сырқы­рады. Біреулердің айтып жүргеніндей құр босқа айқайлап, арандатып жүрген Қытайдың шпионы емес, ол – нағыз ұлт жанашыры, қазақтың нағыз керемет азаматы екенін мен сонда көрдім. Соған араша түсіп, халықты жұмылдырып, сонау Біріккен Ұлттар Ұйымына, Еуропа Парламентіне, басқа да тиісті жерлердің бәріне  9 тілге аудартқызып жеткізіп жат­қан адамның, қазақты қорғайық деген адамның үстінен қылмыстық іс жүргізу деген – ұят нәрсе, жаны ашымастық. Қа­зақты қорғағаны үшін оны айыпқа тартады, бұл не деген сұмдық?! Бұл біздің азаматтығымызға, мемлекеттігімізге ұят қой. Осыны ойлау керек.

 

Қазір басқа да әрекеттер жасалып жатқанын көріп, естіп, біліп отырмыз. Қу­ғын-сүргіндегі адамдарды қорғап жүр­ген жанды қорғаудың орнына үстінен қыл­мыстық іс қозғағаны, әлдебір қылмыс­керді ұстағандай болып отырғаны, мем­ле­кет­тің оған күш көрсетуі, айыптауы – ұят нәрсе.

 

Серікжанды босату керек. Жұмысын ары қарай жалғастыра берсін. Өзінің жеке басының емес, қазақтың жұмысы, қазақ ұлтының жұмысы. Біз оған қолдау көрсетуіміз керек».

 

...Ақын Темірхан Медетбек осылай дейді. Ол өзіне қойылған сұраққа орай өткендегі 17 адамның атынан жазылған хатқа мәселенің мәнісін білмей қол қойып жібергенін айтты.

 

«Серікжанды босатуға мәжбүр болады»

 

«Атажұрт еріктілері» ұйымы мүше­ле­рінің Серікжан Біләшұлының қамауға алынуына байланысты таяуда «Ютубта» жариялаған жазбасында  белгілі саясат­та­нушы Әзімбай Ғали туралы да ай­­тылғаны белгілі. Яғни онда Ә.Ғали өзін полицияға алдыртып, С.Біләшұлының үс­тінен арыз жаздырмақ болғанын айт­қан, бұл жөнінде бейнежазбадан үзінді кел­тірілген болатын. Осыған орай «Атажұрт еріктілері» ұйымының өкілдері саясаттанушының өзінен тағы да сұхбат алып, оны әлеуметтік желіде жариялады.

 

«Менің ойымша, Серікжан Біләшті қамаудан босатады, – дейді осы сұхбатта Ә.Ғали. – Өйткені Қазақстан өзінің Батыс елдерімен ара қатынасын бұзғысы келмейді. Бірақ Қытай жағы талап етіп отырғанға ұқсайды.

 

Мысалы, мені ішкі істер бөлімінде 8 сағат ұстағанда айтқаны – Біләштің үстінен бірдеңе жаз деді. Тергеу кезінде мен басқаша айтамын, ал хаттамада бас­қаша толтырған екен. Қол қоярда мүл­де басқа, айыптау сөздер жазылғанын көрдім. Сөйтіп мен хаттаманы үш мәрте қай­та жазғыздым. «Куәлік келтіріңіз. Сізді де жамандапты ғой, намысыңыз бар ма?» – деп қайрады. Сол кезде Серікжанды қамамақшы екен ғой деп ойладым. Бірақ хабарласуға менде оның телефон нөмірі болмады».

 

Әзімбай Ғали осылай дейді. Ол: «Се­рікжан Біләшұлының Қы­тайда қысым көр­ген қазақтардың құқын қорғаудағы еңбегі үлкен», – деген пікір біл­дірген.

 

«Оның қысым көрген қазақтарды құт­қаруда еңбегі зор, – дейді Ә.Ғали. – Бұл бағытта Үкімет те, Сыртқы істер минис­трлігі, саяси билік те жұмыс істеп жатыр. Бірақ Қытай диктатурасы менсін­бейді, құлақ салмайды. Осы жағдайда Серікжан Біләштің әрекеті, қайраткерлігі зор. Енді АҚШ Қытайға адам құқықтарын бұзғаны үшін санкция салады. Экономикасы құлдыраса, халық көтеріліп, билікті төңкеріп тастауы мүмкін. Қытай жағы осыны біледі. Қамалғандарды босатуға мәжбүр болады.

 

Серікжан Біләш халықаралық деңгей­дегі адам құқын қорғаушы ретінде белгілі болды. Франция, Германия, АҚШ оны біліп отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары жазып, консул біліп отыр. Ешқандай да қылмыскер емес, халықаралық дәрежедегі құқық қорғаушы қамалды. Оған кінә артушылар бір сөзге жабысып тұр, бірақ ол басқа контексте айтылған. Бұл жала жабуды АҚШ консулы да көріп-біліп отыр. Дэвид Брайан маған да келді. Бұл жөнінде мәселе көтеремін деді».

 

Саясаттанушы Әзімбай Ғали Серік­жан Біләшұлының төңірегіндегі дауға қатысты осылай дейді. Сондай-ақ ол Қытайдың қазіргі басшылығының Мао, Сяопин кезіндегідей көзқарасқа беттеп бара жатқанын, экономикасының дағдарыс алдында екенін, егер адам құқықтарын бұзғаны үшін санкция қыспағына түсер болса, жағдайының мүшкілге айналарын айтады.

 

...Қысқасы, кей саясаттанушылардың болжамынша, Қытайдағы аз ұлттарға жасалып отырған қысым түбегейлі жойылмаса да едәуір жұмсаратын сияқты. Дегенмен бұл жағы енді Қытайдың өзіне, ішкі саясатының қалай бағыт алмағына байланысты. Ал Қазақстандағы Серікжан Біләшұлы төңірегіндегі мәселе тығырыққа келіп тірелген сияқты. Жұрттың көңілі күпті.

 

Адвокат Айман Омарова не дейді?

 

Кешегі аптада Серікжан Біләшұлының адвокаты Айман Омарова әлеуметтік же­ліде тікелей сұхбат берді.

 

«Мен өзіме қойылған сұрақтарға алдағы екі-үш күн ішінде жауап беремін. Заң бойынша не істеу керегін клиентпен кеңесіп шешуім керек. Рұқсат болса, айтамын, болмаса, айтпаймын. Айту-айтпау мәселесін алдын-ала сөйлесіп алуым керек», – деді А.Омарова.

 

Айтуынша, Серікжан Біләшұлының үстінен арызды Астананың Тұрабаев деген тұрғыны өткен 20-ақпанда берген көрінеді. Қылмыстық іс соның негізінде қозғалды деп айтылған. Адвокатқа ол жазды деген арызды көрсетіпті.

 

Айман Омарова Серікжан Біләшұлын қамауға алу кезінде жасалған әрекеттерді заңсыз деп отыр. Өзіне қойылған сұрақтарға орай мынадай пікір білдірді:

 

«Оған қысым көрсетілгені заңсыз. Құ­қық қорғау органдарының адамдары – офицерлердің Алматыдан Астанаға ұр­лап әкеткені де заңсыз.

 

Қылмыстық Кодекске сай, қылмыс қай жерде жасалса, сол жерде тергелуі тиіс. Тергеу Алматыда болуы керек. Ұстап әкеткені, адвокатын жібермеуі, Астанада тергеуге мәжбүрлеп әкетуі де заңсыз. Біз осының бәрін айтып, шағымданып жатырмыз».

 

А.Омароваға «үй қамағында» отыр­ған С.Біләшұлын біреулердің видеоға түсіріп, жариялауының қаншалықты заңды екені жөнінде де сұрақ қойылды.

 

«Тергеу кезінде видео түсіру, көрсету болмауы керек. Ол да заңсыз, дұрыс емес. Жалпы, жарияланған видеоны кімнің, қалай түсіргені белгісіз. Оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары істеді ме, ол жағын да білмейміз. Негізі олардың «үй қамағында» отырған адам­ға баруына болмайды», – деді адвокат.

 

Осылай деген А.Омарова тергеу барысы жайлы өзінің алдағы екі-үш күн ішінде нақты айтатынын білдірді. Оны қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарияламақ екен.

 

Мәселе БҰҰ мен Еуропарламентте қаралмақ

 

Серікжан Біләшұлы ісіне байланысты «Ютуб» желісінде жарияланған тағы бір бейнежазбада мынадай жайлар жөнінде айтылады:

 

«Серікжан Біләш ісі Біріккен ұлттар ұйымы мен Еуропа Парламентінде қаралады. Дәл осы күні Еуропадағы адам құқықтарын қорғау ұйымының бөлімі және Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа Парламенті декларация дайындауда. Бұл Еуропа басылымдарының бастамасы болып табылады.

 

Ұйымның мақсаты – азаматтық коалиция құрып, мұсылман қауымдары мен босқын мигранттардың құқын қорғау, оларға қарсы қауіпті жойып, құқын қалпына келтіру, нәсілшілдік пен  азаматтық топтар арасындағы жеккөрушілікті тоқтату және оның алдын-алу. Бүгінде осындай қауіптердің өсуі елді алаңдатып отыр. Оларды тоқтату керек.

 

Жиында Жаңа Зеландиядағы лаңкестік әрекет туралы айтылады. Сондай-ақ Серікжан Біләшқа негізсіз жала жабылып, құқы тапталғаны басты назарда болады. Осы мәселеге байланысты Қазақстанның құқық қорғау орындарына арнайы хат дайындалып, жіберілді деп айтылды.

 

Аталған жиында Қытай мұсылмандары мен Исламға қарсы жүргізіліп жат­қан астарлы саясат талқыланады. Жиын қорытындысы кейін Біріккен Ұлттар Ұйымына, Женеваға жіберіледі».

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ