Көріпкелдер болашақ Президенттер туралы қандай болжамдар айтуда?

01.04.2019
Қаралды: 1164

Еліміздің саяси сахнасында орын алған кешегі өзгерістер қанша жылдан бері бір сарынмен келе жатқан Қазақстан халқын ойландырып қойды. «Енді не болар екен?» деп елеңдеп отырғандар аз емес. Сан мың халықтың көкейінде сан түрлі сауалдар пайда бола бастады. Болжамшылар да бұл жағдайдан тыс қалған жоқ.

 

Шетелдік  астрологтар, тарологтар, көріпкелдер де өз жорамалдарын жасап үлгерді. Олардың арасында Қазақстанның тағдырын айтып, бүгінгі жағдайды осыдан бірнеше жыл бұрын жорамалдап қойғандар да жетерлік. Осынау жандардың айтқандарына біз де шолу жасап көрдік.

 

Ресейлік психолог, таролог, «Политпрогнозы от Маргариты» каналының авторы Маргарита Базанова Таро картасы арқылы Қазақстанға қатысты болжамдарын бұған дейін  де бірнеше рет жасаған екен. Алғашқысын 2017-жылы желіде жарияланыпты. Онда ол «Нұр­сұлтан Назарбаев денсаулығына немесе жасына байланысты өздігінен биліктен кетеді. Бірақ бұл жуық арада емес. Оның кетуі халыққа күтпеген жайт болады. Одан соң ел басшылығына қо­лында билігі бар, өзіне сенімді, бастаған ісін соңына дейін жеткізе алатын адам келеді. Ары қарай елді гүлдену, биікке көтерілу, қалыпты және бақуатты өмір күтіп тұр», – деген болатын.

 

Ал 2018-жылы ол алдағы үш жылға таро-болжам жасапты. «Нұрсұлтан Назарбаевтан соң Президенттікке жас ер адам сайлануы мүмкін. Мұндағы «Маг» картасы «жастық», «энергия», «белсен­ділік», «жаңа идеялар» дегенді көрсетеді. «Жрица» картасы  – бақылауды біл­діреді, яғни Назарбаев билік тізгінін өзі ұстамаса да сырттай бәрін бақылап отыратын болады. Ол тып-тыныш тақтан кетеді», – деді.

 

2018-жылы жасаған тағы бір болжамында ол былай депті: «Болашақта Қазақстандағы өмір 100 пайызға жақсарып кетеді деп айта алмаймын, бірақ өзгерістер күтіп тұр. Ел экономикасына оң әсерін беретін жаңа заңдар немесе заңға түзетулер енгізілуі мүмкін. Бұл істе әйел адам үлкен роль атқарады. Ендігі келетін жаңа басшыны халық жақсы қабылдайды. Ол бұрынғы басшының маңайындағы адамдардан емес, мүлдем жаңа адам болады. Жаңа Президенттің Ресеймен байланысында оң өзгерістер орын алып, жақсы нәтижелер мен же­тістіктер байқалады. Ол елдегі қалыптасқан жағдайды өзгертуге тырысқан, тәуекелге бел буған адам болады».

 

Үстіміздегі жылдың 21-наурызында Маргарита Базанова кезекті болжамын жасады. Ол Елбасы тақтан кеткеннен кейін өзіне Қазақстанға байланысты көптеген сұрақтардың келіп түскенін айта келе, картаны жайып, біршамасына жауап та берді. Онда былай делінеді:  

 

Дариға Назарбаева Президент бола ма?

 

Әрине, оны осы қызметке жылжытып әкелуде, бірақ мұның бәрі өз қалауы­мен жүзеге асып жатқан жоқ. Алдағы уақытта бәрі оның өзінің шешіміне байланысты болады. Бірақ бұл лауазымды иеленуді оның өзі қаламай тұрғаны анық.

 

Қазақстанның келесі Президенті әйел адам бола ма?

 

Картаға ер адам түсіп тұр. Өз ісінің шебері, белсенді, жас, өршіл (амби­циозный). Ол – өзінің не қалайтынын білетін, тез шешім қабылдай алатын адам.

 

Жаңа басшы келген соң Қазақстандағы өмір сүру жақсара ма?

 

Түскен карталар жаман емес. Елдегі өмір күрт өзгереді. Көп нәрсе бұрынғыдай болмайды. Заңға да толықтырулар, түзетулер енуі мүмкін. Жаңа бастамалар, сәттілік картасы түсіп тұр. Бұл оң өзгерістердің орын алатынын көрсетеді.

 

Экс-Президенттің ары қарайғы тағдыры не болмақ?

 

Мұндағы байлық картасы оның әл-ауқатының жоғары деңгейде екендігін көрсетіп тұр. Сондай-ақ ауыр жүкті, шаршаңқылықты білдіретін карта түсті. Ол өзіне міндеттелген жүктен әлі де түгел арылған жоқ. Өзін-өзі таныту, жаңа мүмкіндіктер мен бастамалар картасы түсіпті. Бұл оның өзін-өзі таныту ниетінің әлі де бар екендігін байқатады.

 

Келесі карта адал ниетті, достықты, адал көмекшілерді білдіреді. Ол жақын адамдарының, достарының арасында отыр. Жалпы, жаман ешнәрсе көріп тұрғаным жоқ».

 

Сондай-ақ Маргарита осы болжамында «Астана қаласының атауын Нұр­сұлтан деп өзгертуі мүмкін бе?» деген сауалға да: «Өзгеріс картасы түсіп тұр. Бұл бәрі де мүмкін деген сөз. Бірақ адамдардың мұны қатты қалап тұрғанын көріп тұрған жоқпын. Адамдардың қа­лауы­нан тыс жүзеге асуы мүмкін. Бұл мәселе талқылануда және бұған қатысты жұмыстар жасалуда», – деп жауап беріпті.

 

...Қазақстанға байланысты төмендегі келесі бір болжамды АҚШ елінің көріп­келі жасапты. Оны кім және қашан айтқаны бізге әзірге беймәлім.

 

«2020 жылға дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына жасы одан кіші, бірақ анау айтқандай жас емес ер адам келеді. Оған халықтың көңілі толмайды. Ол Президенттікте бір жылдан артық отырмайды. Содан соң оны бұл орында одан да аз уақыт отыратын әйел адам алмастырады. Елде толқулар мен хаос орын алады. Бірақ мұнда азаматтық соғыс немесе Украинадағы секілді жағдайлар болмайды. Бір жылдан соң бәрі тынышталады.  Халық елде әділ сайлаудың өтуін талап етеді және соған қол жет­кізеді. Ел басшылығына бұрынғы би­лікпен байланысы, Назарбаевтың жанұясына қатысы жоқ жас ер адам келеді. Сол келген сәттен бастап елдегі экономика мен өмір сүру деңгейі жоғарылай бастайды», – деп тұспалдапты.

 

...Атырау қаласынан шығатын «Алтын ғасыр» газетінде де қызықты бір жорамал жүр. Газеттің 2019-жылдың 15-наурызында шыққан нөмірінде «Көріп­кел: «Қазақстанда 2019 жылы екі президент ауысады» деген тақырыппен мақала жарық көріпті. Авторы – Айқын Төремұратұлы. Бұл болжам ағымдағы жылдың қаңтарында айтылған көрінеді. Онда автор Ресейдің Орынбор қаласында тұратын көріпкел татар келін­шекпен арадағы болған әңгімені жет­кізеді.

 

Қазақстанның экономикасы, елдегі саяси және әлеуметтік жағдайлар туралы ол әйел: «Елдің экономикасы бұл жылы да өрлемейді, әлі де төмендейді. Сыртқа тәуелді болудан әзірге құтылмайсыздар. Қазақстанның экономикасын көтеруге шетелдік компаниялар ынталы емес. Олар салық төлеуді, жергілікті халықты жұмысқа алуды азайтады. Кейбірі Қазақстаннан кетеді. Саяси және әлеуметтік жағдайлар шиеленісе түседі. Көп өзгерістер болады. Осы қыс аяқталмай тұрып, Үкімет ауысады. Үкімет басшысының орнына оның орынбасары отырады. Полицияның министрі одан бұрын ауысады. Қыста бірнеше қайғылы оқиғалар орын алады да, соның салдары халықтың наразылығын тудырады.

 

Қазақстанда 2019 жылы бір емес, екі Президент ауысады. Көктемнің бірінші айында қазіргі Президенттеріңіз өз ер­кімен орнын орынбасарына береді. Бірақ екінші Президент ол лауазымда тым аз отырады. Жаздың не күздің соңғы айында еліңіздің үшінші Президентін көрулеріңіз мүмкін. Бұл ең жоғарғы ла­уазымға үміткер екі адам – туыстар. Біреуі әйел де, екіншісі погоны бар жас жігіт. Екінші Президент бірінші Прези­денттің атын барлық қалалардағы көшелерге, елдің астанасына береді, ескерт­кішін тұрғызады», – деп айтыпты.

 

...Әйел Президент сайлануының мүм­кін екендігін танымал экстрасенс Камрян Самедов та «Talk Lіke» интернет-шоуының өткен жылғы түсірілімінде айтып кетіпті. «Нұрсұлтан Назарбаев мәң­гілік Президент болып қалады. Ол мем­лекетті құрды. Назарбаевтан соң әйел адам елде уақытша Президент болуы мүмкін. Бірақ сайлаудан соң билік басына ер адам келеді», – дейді ол. 

 

Сондай-ақ, Ресейдегі «Битва экстрасенсов» бағдарламасының финалына жетіп, 3-орынды иеленген Кажетта (Екатерина Ахметжанова) есімді экстрасенс 2015-жылы «Литер» газетіне берген сұх­батында 2019-жылдың Қазақстан үшін ең ауыр жыл болатынын айтып кеткен екен. Сонымен қатар мемлекеттің бұл қиындықтан шығатынын және 2022-жыл­ға қарай елдің материалдық және рухани тұрғыдан дамитынын да қоса жет­кізіпті.

 

...Әрине, мұның бәрі болжам, жорамал ғой. Қайсысының өмір шындығына айналарын алдағы уақыт көрсетер.   

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ