Қиын жағдайдағы көпбалалы ананы үйдің кезегінен шығарып тастапты

30.03.2019
Қаралды: 223

Жуырда редакциямызға Хадиша Ахметова есімді зейнеткер хабарласты. Көпбалалы ана ретінде 53 жасында зейнетке шыққан ол қазір 55 жасты ал­қымдапты. Сегіз баланың анасы. Үш қызын ұзатып, бір ұлын үйлендіріп, бес немеренің әжесі атанып үлгерген бұл кісі әлі күнге дейін үйсіз-күйсіз жүр. Ол кісі Ордабасы ауданының басшыларына қапалы. Оның себебін Хадиша апайдың өз аузынан тыңдасақ.  

 

«2009-жылы Шардара ауданынан Ордабасы ауданындағы Көктөбе елді мекеніне туған-туысты жағалап көшіп келген едік, – дейді ол кісі. – Ол кезде бала-шағам кішкентай еді. Үйсіз-күйсіз жүрген соң балаларымды Ордабасы ауданындағы мектеп-интернатқа өткізіп, жұмысқа жарайтын үлкен екі ұлыммен қырға кеттім. Сол жақта байлардың малын бақтым.

 

Әрине, интернатта да балаларымның жағдайы мәз болған жоқ. Тамақтары да керемет емес еді. Балаларымның бәрі де сол жерден ауру тауып шықты. Бір қызым таяқ та жеді. Амал жоқ, оқыды. Онда жібермейін десем, өзім күндіз-түні малдың басындамын, ол жерде мектеп жоқ. Әлі 6 және 10-сыныпта екі балам оқып жатыр. Дегенмен қазір бұрынғыдай емес, соңғы уақытта бұл интернаттың жағдайы дұрысталды.

 

Сөйтіп неше жыл сауда саласында жүрген адам едім, бір күнде малшы болып шыға келдім. Осы электр жарығы жоқ қойшы ауылда келінім мен балам екі немереммен әлі күнге дейін мал бағып отыр. Олардың да жағдайы керемет емес. 

 

2011-жылы мен үй кезегіне тұрған едім. 2015-жылдың тамыз айында маған әкімдік  тарапынан үйдің кезегі келгенше уақытша тұрақтай тұруға Қараспан ауылынан баспана берілді. Онда айына 3 мың теңге төлеп, жалға алушы ретінде отырдым. Бұл – төрт қабырғасы түгел демесең, әбден тозығы жеткен, алқаш та, басқа да түнеп жүрген, әркім бір тұрып кеткен үй. «Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отаудың» нақ өзі. Біз келгенге дейін мұны бір дәрігер келіншекке берген екен, біраз отырған соң бас тартып, ол келіншек те көшіп кетіпті. Мен келгенде мұнда электр жарығы жоқ еді. Алты ай қараң­ғыда отырдым, содан соң әупірімдеп жүріп, 40 мың теңге тауып төлеп, жарықты қостырдым. Сонда да жағдайы нашар, су кірмеген, оны 200 метр жерден әркімнің үйінен бір тасып ішетінбіз. Не жылу жоқ, пеші істемейді. Едені бетондалған. Интернаттағы балаларымды әкелейін десем, мектебі жердің түбінде. Ортада көлігі ағылып жатқан үлкен трассасы тағы бар.

 

Үйдің сыртын әктеп, кей жерлерін шамам келгенше жөндедім. Менің де жағда­йым қайбір оңып тұр? Су, жылу мәселесін әкімдікке айтқанымда бес рет қатарынан комиссия келіп, тексеріп кетті. Көздері жеткен соң: «Пешін жөндетіп береміз, хабарын айтамыз», – дейді де, сол бойы хабар-ошарсыз кетеді. Менде «демеушілер арқылы үйіңіздің шатыры ауыстырылады, едені жасалады» деп жазып беріп кеткен қағаздары да бар. Әйтеуір құрғақ уәдемен қатырып жатыр. Қаражатым болса, өзім-ақ жөндетіп алар едім.

 

Бір қыс бала-шағамызбен жаурап-жасынап шықтық. Интернаттан келген балаларым шетінен ауырумен болды. Содан соң есігін құлыптап, қалаға кеттім. Заттарым әлі де сол үйде тұр. Қазір Шымкент қаласынан 35 мың теңгеге пәтер жалдадық.

 

Мұнда келуімнің себебі тек ол ғана емес. 27 жастағы балам қалада базарда сауда жасайтын. Бір күні тісі ауырып, оны «Самал» мөлтекауданындағы жекеменшік клиникалардың біріне барып жұлдырады. Соның кесірінен ұлым дәрігердің құрал-саймандары арқылы гепатит ауруын жұқтыр­ған. Барып айтқан кезімде олар мойындамады. Бұл да маған оңай тиіп жатқан жоқ. Қазір ұлым ем қабылдап жатыр. 2014-жылдан бері дәрі қабылдап келеді. Күннен-күнге кері кетуде. Шидиіп, қу сүйегі ғана қалды. Ай сайын қан тапсырып отырады. Ауа жетпей, әлсірей беретін болған соң «жедел жәрдемді» жиі шақырамыз. Оның қиналғанын көргенде жүрегім езіледі.  Өзі де: «Неге менің өмірім осындай болып кетті? Сізге салмақ болдым-ау... Шаршадым...» – деп жылайды.

 

Балам ішімдік ішіп, темекі шеккен емес, жастайынан еңбекке араласып, жаныма жалау болып еді. Осы баламның жайын ойлап, қалаға келген едік. Содан дәрігерлер балаға таза ауа қажет деген соң көктемге дейін болайық деп баламды Шұбарсудағы інімнің саяжайына уақытша әкелгенмін. Мұнда екеуміз ғана, аман-есен қыстап шықтық. Ал қаладағы пәтерде екінші ұлым тұрып жатыр. Ол баламның да жасы 25-те. Кішкентай кезінде қуығы суықтаған. Содан өсе келе оған қуықасты безі аденомасы (аденома простаты) деген диагноз қойылып, ол асқынып кеткендіктен екі рет ота жасаған. Өтірік айтқаным емес, дәрігерлер «еңбекке жарамсыз» деген қағаз берген. Қазір жеңіл жұмыстарды ғана жасап, жанын күтуге мәж­бүр.

 

Осы жағдайлардың барлығы жаныма батып жүргенде әлгі үйді желеулетіп,  әкім­діктегілер мені үй кезегінен алып тастапты. Өзім 55-ші кезекте едім. Осы қыста әкімдікке барып: «Менің жағдайым жоқ. Баламның дәрі-дәрмегіне жеткіземін бе, интернаттағы балама киім-кешек әперем бе, қырдағы балама қарайлаймын ба – 53 мың теңге зейнетақым қай жыртығыма жамау болады?» – деп пеш құрып берулерін өтінген болатынмын. Сол кезде кезегімді тексертіп қарасам, мені тізімнен алып тастапты. Себебін сұрасам: «Сіздің әзірге үйіңіз бар, сондықтан кезекте тұруыңыз заң бойынша негізсіз болады», – дейді. «Сіз сол жерде тұрып жатырсыз, қағазға қол қойғансыз», – деп менің үйді жалға алушы ретінде қол қойғанымды алға тартады. «Онда үйді жарамсыз деп актілеп, менің меншігіме беріңдер, оны 1-2 миллионға сатып, күн көретін жақтан жер учаскесін алайын», – десем, ол да мүмкін емес екен. Маған пайдасы жоқ үйдің не керегі бар? Ол жақта баламның жайы болмайды ғой.

 

Менің тілегім сол – кезегімді қайта қалпына келтірсе екен. Әлгі Қараспандағы үйден бас тартайын. Аудан орталығы Те­мірланнан баспана берілгенін қалаймын.  Маған көпбалалы ана ретінде және баламның жағдайына байланысты Шымкент қаласынан үй берілсе қуанар едім. Бірақ ол да әзірге мүмкін емес сияқты. Менің көргенімді ешкімнің басына бермесін. Бұл да Алланың сынағы шығар.

 

Аудан әкімі қайта-қайта ауысады, әкім­дікке барсам, ондағылар мені жақтырмайды. «Сіз сияқтылардың талайы жүр» деп өзіме дүрсе қоя береді. Олардың құрғақ уәдесінен шаршадым. Әкім емес, соның маңайындағылар ғой бәрін құртатын. Мені бірнеше жылдан бері тұрған кезегімнен алып тастауға қандай хақылары бар?» – деп ашынады ол кісі.

 

Хадиша Ахметова 19-наурыз күні Ордабасы ауданының жаңадан тағайындалған әкімінің  қабылдауында болыпты. Жаңа әкім мәселенің мән-жайына қаныққан соң 26-наурыз күні Қараспан ауылындағы үйге комиссия жіберетінін және олар үйге жүр­гізілетін жөндеу жұмыстарының сметалық құнын анықтайтынын айтыпты. Енді көп балалалы ана мұның да ақырын күтпек. Десе де ол кісі құрғақ уәделерге сенбейтінін және шаршағанын айта келе, еш нәтиже болмаса сотқа арызданатындығын да жасырмады. 

 

Хадиша Ахметованың айтар арызы осы. Жанын ауыртқан жағдайын жеткіземін деп арасында бірнеше рет жылап та алды. Онсыз да тағдыры аямай сынаған бұл ананың мәселесі оңынан шешілсе екен дейміз.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ