«21 мың теңгенің» жолында жылап жүргендер өте көп

29.03.2019
Қаралды: 590

Өткенде Астанада болған, өрт кезінде бір отбасының бес перзентінің өмірі қиылған қайғылы оқиғадан кейін көпбалалы әйелдер ашынып, үкіметке талап қойғаны белгілі. Содан көпбалалы отбасылар­ға мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындалып, баспана берілетін болып, тағы басқа мұқтаждықтарын өтеуге үкімет білек сыбана кіріскендей еді. Алайда шу басылды ғой деді ме, әлде басқалай себептері бар ма, осы салаға жауапты тараптар көпбалалы аналарды жүре тыңдай бастаған сыңайлы.

 

Үйі «арестте», мекен-жай анықтамасын ала алмай отыр екен

Бұл тақырыпты жазуыма осы ақшадан үмітті болып, құжат туралап жүгіріп жүрген бірнеше түркістандық әйелдердің салы суға кетіп, өзімсініп айтқан сырлары себеп болды. Аттарын әйгілеп, суреттерін жариялауға бәрі қарсы. Алайда шын жәрдем беруге ниеттілер табылса, біз олардың телефон нөмірлерін беріп, өздерімен таныстыра аламыз.

 

Бірінші әйелдің төрт баласы бар. Пәтерден пәтерге көшіп қиналып кеткен соң үш банктен қатар несие алып, 1 миллион теңгеге Түркістаннан «времянка» үй сатып алған. Ол кезде күйеуі де, өзі де жұмыс істеп тұрған, төлеп тастаймыз ғой деп үміттеніпті. Алайда кейін аяғы ауырлап, одан құрсағындағы 4 айлық шаранасы шетінеп, оны дәрі­герлер операциямен алып тастайды. Осылайша балаларына қарап үйде отырған күйеуі де, операцияға түсіп, өзі де жұмыстарынан айырылып қалыпты. Одан кейін көп ұзамай тағы құрсақ көтеріп, босанады да, сол күйі үйінде отырып қалады. Күйеуі қайта жұмысқа тұрғанымен жұмысы бірде болып, бірде болмай, берекелері қашып, несие төлемек тұрмақ, күнкөрістерінің өзі қиындап кетеді. Ал бұл кезде банк бұларды несие төлемегені үшін құжаттарын коллекторларға өткізіп жіберіп, олар үйлерін «арестке» қойып тастайды.

 

«Банк арестке қойған кезде база құлыптанып қалады екен де, меншік иесі деген анықтама шықпай қалады екен, – дейді ол. – Ал бұл анықтама болмаса біз балаларымызды үйге тіркеуге қоя алмайды екенбіз. Бұрын тіркеуде өзімнің ағамның үйінде тұрғанмын. Оның да алты баласы бар, ең кішкентайы іштен «Даун ауруы» және жүрегінде тесігі бар болып туылды. Бұған дейін тұрғылықты мекен-жай анықтамасын сол үйде тұрады деп алып келгенбіз. Енді мына ақшаны алар кезде әрқайсысымыздың «пропискамыз» әр жақта болып шықты. Өз үйімізге жинақталып тұрайық десек, жоғарыда айтқандай бір ғана анықтамаға тіреліп тұр­мыз. Ағамыздың үйіне тұрайық десек, үй иесін ертіп келіңдер дейді. Ал үй иесі – әкеміз 2009-жылы қайтыс болып кеткен. Біз автоматты түрде анамыздың атына өтеді екен деп жүрсек, оны өзіміз аударуымыз керек екен. Оны жақында ғана білдік. Сөйтіп ағамның үйі де, біз де бұл жәрдемақыға құжат жинақтай алмай отырмыз. Әкімдіктегілерге бұл мәселені де айтып көргенмін. Бірақ олар банк ісіне араласа алмайтындарын айтты.

 

Жақында бір танысыма «ЦОН»-да істейтін танысы: «Біз қазір үй-жайы, көлігі бар көп балалыларды бір бөлек, үй-жайы жоқтарды бір бөлек топтастырып жатырмыз», – депті. Соған қарағанда бұл ақшаның бізге ауылы алыс болғаны ма деп күдіктеніп тұрмыз. Осы ақша тисе, ең бірінші несиемнен құтылармын деп қуа­нып едім. Өйткені күйеуімнің мардымсыз табысымен балалардың тамағы мен киіміне жеткізуге, сонымен қатар несиені жабуға мүмкіндік болмай тұр. Ал өзім жұмыс істейін десем, үш жасқа толмаған сәбиім бар. Оған қоса қалған үш баламды мектепке апарып тастап, қайтып әкелудің өзі бір жұмыс. Егер үйде отырып істейтін жұмыс табылса, істер едім».

 

30 мың теңге жалақымен 6 адам күнелтуде

 

Екінші әйелдің әңгімесі былай:

 

«Біз 18-ақпан күні жүз шақты әйел жиналып, Түркістан қаласы әкімдігінің алдына барғанбыз. Әкім сол жерде жиылған әйелдердің тізімін алып, біздің талап-тілектерімізді тыңдау үшін ішімізден он әйелді іріктеп, қабылдауына кіргізді. Біз баспана беруін, азық-түлік, киім-кешек жағынан жәрдем беруін сұрадық. Содан әкім бізге ішіміздегі шын мұқтаждарға бір реттік берілетін 100-200 мың теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік жәрдемақы беруге уәде етті.

 

Шын мұқтаждардың қатарына мен де кіремін. Баспанам жоқ. Осы күнге дейін біресе аурухананың қарауылханасында, біресе біреудің бітпеген үйінде тұрып келдік. Түркістанда жұмыс көп табыла бермейді. Күйеуім қарауыл болып жұмыс істейді. Алатын жалақысы – 30 мың теңге. Осы қаражатпен 6 адам күнелтіп келеміз осы күнге дейін.

 

Бұрын 4 балалы аналарға 10 мың теңге көлемінде әр ай сайын жәрдемақы берілетін. Бірақ мен 4 балалы болған кезде бұл жәрдемақы тоқтап қалды.

 

Әкімге арнайы комиссия құрып, тұрып жатқан жерімізді көріңіздер дегенбіз. Бірақ әлі күнге ешкім келген жоқ. Әр балаға 21 мың теңге беріледі дегенде қуанып қалып едік. Алайда күн өткен сайын оның берілетініне күмәніміз кө­бейіп барады. Себебі мекен-жай анықтамасы керек екен. Ал оны алайын деп барсақ, 1-сыныпта оқитын балам мен кіші қызым жоқ «пропискада». Неге бұлай деп сұрасақ, баламның шығып қалғанын, ал қызымның тіркеуге мүлде тұрмағанын айтады.

 

Балам мектепке барар кезде қыркүйек айында да осылай дегесін мен қайта тіркеткенмін. Ал қызым тіркелмесе мен ол туылғанда берілетін бір реттік жәрдемақы мен жасына дейінгі төленетін ақы­ны ала алмас едім ғой. Сонда тіркеуде бұрын тұрған адамдар енді неге шығып кетеді? Мен осыны түсінбей тұрмын.

 

Сосын 21 мың теңге 1-сәуірден бастап берілетін болыпты дегесін бәріміз асығыс құжат жинап өткізейін деп барсақ, маған «ЦОН»-дағылар: «Сіздің құжатыңыз атаулы әлеуметтік көмекке өтіп кеткен, оны алсаңыз, 21 мың теңгені ала алмайсыз дейді. Атаулы әлеуметтік көмек деген – жоғарыда айтқан жылына бір рет берілетін 100-200 мың теңге көле­міндегі қаражат. Онда мен оны емес, 21 мың теңге аламын деп «отказ» бердім. Ал 21 мың теңгеге әлі құжат қабылдаған жоқ. Мамандар: «Оған Назарбаев әлі қол қойған жоқ. Заңға әлі енбеген. Біз бұйрық күтіп отырмыз», – деп шығарып салды. 1-сәуірден бастап құжат қабылдаймыз деп еді, енді ол 10-сәуірге жылжыды. Сонда бұл өзі берілетін ақша ма, берілмейтін ақша ма? Сандалып қалдық қой».

 

«Бес баламмен әкімдіктің алдына барып жатсам да жәрдем берілмеді»

 

Үшінші әйелдің оқиғасы тіпті аянышты. Оның алты баласы бар. Алты баласымен оған ешкім пәтер бергісі келмейді екен.

 

«Күйеуім бар, – дейді ол. – Бірақ құлағы ауырып, операция жасатып, ми тамырларына зақым келген бе, ақыл-есі кеміс болып қалды. Сонда да жұмыс істеп, нәпақамызды тауып жүр. Кей­біреулер оны жалдап жұмыстарын іс­тетеді де, ақыл-есі кемістігін пайдаланып, еңбекақысын бермей жібереді.

 

Өзім тойханаларда ыдыс жуып, табыс тауып жүргенмін. Бір күні қызым қоңырау шалып үйдің өртеніп жатқанын айтты. Жалма-жан жетіп барсам, көмір жоқ болғандықтан үйді жылыту үшін ток пеш қосып қойған едім, содан от шығыпты. Қайта қызым бауырларын далаға шығарып үлгеріпті. Мен келемін дегенше бір палас пен бір көрпеше жанып кетіпті. Әйтеуір үй мен бала-шағам аман. Соған тәуба дедік.

 

Осы күнге дейін ақша төлемеу үшін  есік-терезесі де, едені де жоқ, сыланбаған, бітпеген үйлерде тұрып келдік. Тіпті алтыншы балама аяғым ауыр кезде әкімдіктің алдында үш күн жатқанмын. Бірақ ешкімнің де жүрегін жібіте алмадым. Уақытша болса да баспанамен қамтамасыз етіңіздерші деген өтінішім орындалмады.

 

«Нұр Отанға» да бардым. Өзіміз­дегілерден қайран болмағасын Шым­кенттегі «Нұр Отанға» барып едім, олар менің көзімше Түркістанға қоңырау шалды да: «Қайта беріңіз, сіздің мәселеңізді шешіп береді», – деді. Келсем, мұндағылар: «Шымкентке неге барасың?!» – деп өзіме ұрысты.

 

Дәл қазіргі уақытта қаланың «Ремзавод» деген жағында тұрып жатырмын. Басында 10 мың теңге төлейтін болып кіргенмін. Кейін жағдайымды айтқан соң қожайыны: «Мейлі, бұл үйді сатуға қой­ғанмын, сатылған кезде босатасың», – деп тегін тұруға келіскен. Қазір үй сатылып кетті, жаңа иесі 20-наурызда босатасың деп еді, ол да сатуға қойды. Әзірге осылай амалдап жатырмын.

 

Шиеттей бала-шағаммен қай күні далада қаларымды да білмеймін. Күйе­уімнің әке-шешесі қайтыс болған, менің анам бар, бірақ жәрдем беретіндей жағдайы жоқ. Алатыным – 10 мың 500 теңге жәрдемақы, сонымен күнелтіп отырмыз. Әбден тарыққаннан кейін ғана жан-жақтан жәрдем сұрап жүгіріп жүрмін. Әйтпесе бес балалы болғанша ешкімге қарап алақан жайған жоқпын.

 

Ал қазір әкімдікке, жұмыспен қамту орталығына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына күн са­йын барамын. Басымдағы мәселеге байланысты облыс әкіміне де шағымдан­ғанмын. Бірақ әзірге ешқайсысынан нәтиже болмай тұр.

 

Үйдің тіркеуіне 2015-жылы 1591-ші болып тұрғанмын. Басқармадағылар кезегіңді күт дейді. Ол кезек қашан келеді? Көшіп-қонып жүргесін балаларымды С.Ерубаев мектеп-интернатына ауыстырдым. Екеуі сонда оқып жатыр. Әкімдіктегілер маған: «Аса мұқтаж отбасылар тізімінде тұрсыз. Енді не дейсіз? Азық-түлік, киім-кешек жағынан жәрдем алып тұрсыз тұрақты түрде», – дейді. Мұны естігенде «шок» болдым. Осы күнге дейін ешқандай жәрдем алған емеспін. Жақында ғана интернатта оқитын екі балама киім әперіпті. Ал азық-түлікті мен алған жоқпын дегеннен кейін ғана үйге әкеліп берді. Қолыма бір қағаз шығарып берді, онда мені азық-түлікті алды деп жазылып тұр. Сонда бұл уақытқа дейін менің балаларыма бөлінген нәпақаны кім пайдаланып келген? Түсініксіз. Айтсаң, сұрастырсаң бәрі жабылып өзіме ұрсады. Не істеу керек? Жағдайымыздың осындай болғаны үшін біз кінәліміз бе? Көмек беретін кім бар? Енді қайда барып шағымдансам болады?»

 

Осылай шарасыз күйде таусыла сөйлеген әйелдің мүшкіл жағдайына жүрегіміз ауырды. Бар тапқанымыз: «Газетке жазсақ, қайырымды адамдар жәр­дем қолын созар, мүмкін Түркістан әкі­мінен бір оң жауап беріп қалар...» – деу ғана болды.

 

...Сонымен, атышулы 21 мың теңгенің «жыры» әзірге осындай болып тұр. Бұған жауапты мамандар не дер екен?

 

Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз. Тағы бір әйел қайырымды азаматтар мен мешіттегі садақаға түскен ақшадан көпбалалы аса мұқтаж отбасы тізімінде тұрғандарға жиі-жиі азық-түлік беріліп тұратынын біліпті. Алайда ол шын мұқ­таждардың қолына тимеген. «Кварткомымыз арзан-арзан вермишель, картоп-пияз сататын. Сонда мұқтаждарға берілген азық-түлікті осы уақытқа дейін сол алып сатып келген бе деген күдігіміз бар», – деген әңгіме айтып қалды. Бұл не мас­қара? Әкімдік­тегілер алдарына көмек сұрап барған әйелдерге ұрсуды білгенде, көмекке деп беріліп жатқан дүниесінің қайда кетіп жатқанын қадағалауға шамасы келмей қалған ба? Әлде өздері мұқтаждық, жоқтық көрмегесін оларға бәрібір ме?

 

Бізге шағымданған әйелдер әкімдік­тегілер қудалап жүрер тағы деп аты-жөндерін жазуымызға қарсы болды. Шарасыз әйелдерді қудалағанша ол байғұстарға тиесілі азын-аулақ дүниені жолдан қағып түсіп жатқан жемқорлардың ізіне түспейсіздер ме дегіміз келеді.

 

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

P.S. Бір тәмсілден оқығаным бар еді. Мағынасы мынадай: «Бір бай кісі базардағы қайыршыны көріп Алла-тағалаға: «Е, Құдай, осындайларды неге жаратасың?» – дегенде, құдіреті күшті Құдайдан: «Ондайлардың несібесін сенің байлығыңа жасырғанмын», – деген әуез келіпті дейді. Айтпағымыз, бай-бақуат тұратын қайырымды азаматтар болса, біздің жазған кейіпкерлерімізге қандай да бір көмек қолын созсаңыздар екен. Әсіресе алты баласымен далада қалғалы тұрған үшінші әйел көмекке қатты мұқтаж екенін ескерсеңіздер дейміз.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ