Әз-Наурызда жақсы амалдар жасаңыз

23.03.2019
Қаралды: 191

Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі. Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанады. Асылында мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Өйткені Алла-тағала қасиетті Құранда «Кешірім жолын ұстан» деп бұйырған.

 

Тасаттық қалай беріледі?

 

Расында да жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік ауадай қажет.  Бірлігінен айырылған елден береке қашады. Осы тұста Наурыз мерекесі кезінде атқаратын бірқатар амалдарды айтып өтуді жөн санаймын.

 

Кейбір жылдары көктем айлары жауын-шашынсыз өтетіні белгілі. Осындай кезде ел болып екі ракат  жаңбыр тілеу намазын оқиды. Мұны қазақ жұртында «тасаттық» деп те атайтын болған. Жауын жаумаса намаз бірнеше күн қайталанады.

 

Бірде Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбарымыз жеріне жауын сұрап, Аллаға мінәжат етуге халқын жинап, далаға келе жатады. Сөйтсе, алдынан кіш­кене бір құмырсқаның аяғынан тік тұрып, екі қолын көкке көтеріп, Жаратқанға дұға тілеп тұрғанын көреді. Құмырсқа болса, «Иә, мейірімді Алла! Біз сенің жаратылыстарыңның ішін­дегі ең кішкене құмырсқасы боламыз. Адамдардың күнәлары мен қателіктері үшін бізді жазалама, ризығымызды кеспе, жауын бер, бұл нәрден жеріміз көгеріп, бізге ризық беріледі», – деп тілеп тұрғанын естиді. Сүлеймен (ғ.с.) барша жануар-жәндіктің тілін ұққандықтан, өз халқына бұрылып: «Кері қайтамыз. Бір құмырсқаның шынайы тілегінің өзі де жеткілікті» – деген екен.

 

Мұса (ғ.с.) пайғамбарымыздың тұсында Жаратқанның рақымының бір тамшысы жерге түспей, бәрі жиылып, тасаттық беріп, жауын тілейді. Алайда жаңбыр жаумайды. Мұның себебін сұрай келген халықтан кейін ол (ғ.с.) Тұр тауына шыққанда оған: «Ол жерге Өзім барамын», – дейді Алла-тағала. Сөйтіп халық ұлан-асыр дайындықпен күтіп отырғанда бір кембағал келіп, нан сұрайды. Халық болса, оның алқам-салқам түрі мен үстіне қарап, қуып шығады. Кешке дейін сарыла күткен халық наразыланып, Мұсаға (ғ.с.) қайырылғанда жиналған халықтың ниетіне қарай жауынның жіберілмейтінін Алла-тағала жеткізеді. Сондықтан тасаттық бергенде ниеттес болғандардың шынайы жүрекпен бірге тілектес болуы – маңызды шарт. Жаратқанның мейіріміне жетіп, жауын жаууының септігі де осында. Қыстың, көктемнің, жаздың, күздің қолайлы болуының да көп себебі – адамдардың ниеті, пейілі, адами қасиеті, Жаратқанға жақындауында.

 

Сыйлық жасау, амандаса білу де керек

 

 Бұл адамдардың арасында достық пен сүйіспеншілікті нығайтады. Әбу Һурайра (р.а.): «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы кө­ресіңдер», – деген хадис жеткізген (Байһақи).

 

Бұл сүннетті орындау үшін аса көп қаражат жұмсаудың қажеті шамалы. Кітапша, орамал, тақия, шапан, гүл, қаламсап сияқты қарапа­йым заттарды шын ықыласпен ата-анаға, әйеліне немесе күйеуіне, аға-ініге сыйға беру олардың көңілін бір марқайтып тастайтыны белгілі. Нау­рызда кәде-сыйлық жасауды ұмытпайық.

 

Дініміз әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Бұл шын мәнінде халықтығымызға, елдігімізге ежелден бері өте жақын мәселе десек, артық айтқандық емес.  Ислам бізден үй ішінен үй тігіуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше, қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мына бір хадисінде: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде-кім жәннаттың дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитән 7).

 

Ал сәлемдесу – Жаратушы Алланың үйреткен есендік сөзі. «Ас-Сәләм» – Алла-тағаланың көркем есімдерінің бірі. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең әлсізі – дұғаға әлсіздік еткені (яғни,қажетін Алла тағаладан тілеу ісіне селқос қарағаны). Адамдардың ең сараңы – сәлемге сараңдық еткені» (имам Табарони және Имам Бәйһақи), – десе, Әбу Заррдан (р.а.) жеткен хадисте: «Расулулла (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) маған: «Шариғат оң көрген әрбір іске, тіпті бауырыңды жайдары жүзбен қарсы алудың өзіне немқұрайлы қарама», – деді» (имам Мүслім).Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Көлікте отырған адам – жаяуға, жүріп келе жатқан – отырғанға, азшылық – көпшілікке сәлем береді», – делінген.

 

Мінеки, мұсылмандық сәлемдесу үлгісі – жай айтылған сөз емес, амандасып тұрған адамға тіршілігінде, әрбір ісінде Алла-тағаладан есендік, амандық, берекет тілеу болып табылады.

 

Бір тал кессең, он тал ек

 

Халқымыздың тарапынан Наурыз мерекесінде адамдарға ғана емес, табиғатқа да ерекше қамқорлық жасалып отырған. Ол жөнінде дана халқымыз: «Бір тал кессең, он тал ек» деген қанатты сөз қалдырған. Мұны Ислам діні ерекше қолдайтын дәстүр деуге болады. Асыл дінімізде табиғатты аялау және оны қамқорлыққа алу жайында Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе және одан бір құс, бір адам немесе жануар жесе, ол адам үшін садақа болып есептеледі» (Бухари риуаяты).

 

Ішімдік атаулыдан аулақ болыңыз

 

Ұлыстың ұлы күнінің өзге ұлттардың жаңа жылынан бір ерекшелігі – тән тазалығына ғана емес, жан тазалығына да үлкен мән беріледі. Яғни Наурызда ішімдікке жол берілмеуі керек. Бүгінде Наурызға қатысты кейбір жиындарда ішімдіктерге жол беріліп жататыны ара-кідік көрініс беріп қалады. Құран-Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып, бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?», – деп бұл жамандық атаулыдан аулақ болуға шақырады («Мәйда» сүресі, 90-91 аяттары.)

 

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) араққа қатысты он нәрсеге лағнет айтты: жасаушыға, жасатушыға, ішкенге, ішкізгенге, көтергенге, көтерткенге, сатушыға, сатып алушыға, сыйға тартушыға, арақты сатып ақшасын пайдаланғанға деп келеді. Сондықтан әз-Наурызда арақ-шарапқа жол беріл­мегені ләзім.

 

Ізгі әдет-ғұрыптың Исламға шеттігі жоқ

 

Қазіргі күндері Наурыз мерекесін «жақсы бидғат» деп тануға бола ма деген сыңайдағы сұрақтар жиі кез­десіп жатады. Ханафи мазхабының шарттарымен Наурыз мерекесін жақсы бидғат деп тануға толық негіз бар. Себебі атақты Имам Ағзам құ­қықтық мектебіндегі үкім берудің жеті қайнар көзінің бірі – «Әдет-ғұрып» болып табылады. Үкім берудің «Әдет-ғұрып» қағидасы бойынша, Ислам жаңадан енген елдің бұрынғы салт-дәстүрлері Ислам негіздеріне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақ­талады, әрі мұсылман құқығының үкімі ретінде қарастырылады. Бүгінгі дәс­түріміздегі Наурыз мерекесінің Ислам­ға ешқандай ала-бөтендігі жоқ. Мәселен, Наурыз мерекесінде дайындалатын наурыз көженің Ислам мә­дениетіндегі «Ашура тәттісімен» мазмұны бір.

 

Нұх (ғ.с.) кемеден қауымымен жерге түскенде дорбаның түбінде там-тұм қалған түрлі дақылдарды қазан­ға салып пісіріп, содан «Ашура тәт­тісін» жасаған. Әрбір жылы мұсылмандар Ашура мерекесі күндері «Ашура тәттісін» жасап, бір-бірін қонақ ете­ді. Қазақтар да Наурыз мерекесінде қыстан қалған дорбаның түбіндегі дән-дақылдан наурызкөже дайындап, бір-біріне дәм таттырады. Яғни қазақтың наурыз көже дайындау дәстүрі Ислам дінінің жоралғыларына негіз­делген.

 

Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Алла-тағаланың рахымына бөлейтін ізгі амалдар екені белгілі. Алла-тағала елімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір, елімізді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен ынтымақты болуын нәсіп етсін. Ұлыс оң болсын, ағайын!

 

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Шымкент қаласы бойынша өкіл-имамының

орынбасары, магистр.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ