Ардагерлер шаттанып, сыр шертіскен күн болды

25.03.2019
Қаралды: 233

Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыздың құрметіне орай 19-наурыз күні Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Жұлдыз» тойханасында ардагерлерге арналған Наурыз мерекесі өткізілді. А.Асқаров қорының төрағасы Дәуренбек Сандыбаевтың демеушілігімен бол­ған бұл шараға 100-ден астам қала ардагерлері қатысты. Құрметті қонақтар үшін арнайы жайылған дастархан басында құран оқылып, бата берілді. Шара барысында ақсақалдардың біразы сөз алып, жиналған қауымға өздерінің игі тілектерін білдіріп жатты.

 

Аталған шара кезінде Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай мырзаны сөзге тартқан едік. 

 

«Біз Шымкент қаласында тұратын зиялы қауым өкілдері мен ардагер ақсақалдарымызға Наурыз шайын берсек деген ниетпен ол кісілерді осында шақырған болатынбыз. Дәуренбек  ініміз жылда осы мереке қарсаңында ақсақалдарға арнап дастархан жаюды өз мойнына алған. Мұндағы мақсат біреу-ақ – зейнетке шыққан қарт кісілеріміз үйде отырып қалмасын деген оймен оларды түрлі шараларға көбірек шақыруға тырысамыз, қоғаммен, бір-бірімен өзара араласып жүрсе екен дейміз. Сондай-ақ өнегелі қарттарымызды білім ордаларына апарып, патриоттық, рухани тәрбие беру мақсатында жастармен кездесу ұйымдастырып та жатамыз», – деді Исамудин Нәштайұлы.

 

Әсем әуенге билеп, ән салып та үлгерген ата-апаларымыздың көтеріңкі көңіл-күйіне қарап, мерекелік шараның көңілдерінен шыққанын байқауға болады. Жиналған арда­герлердің қатарында 81 жастағы ақсақал Изатулла Ибадуллаев ақсақал да бар.

 

«Мұндай шараларда жұртпен араласып, көңіліміз көтеріліп, бір сергіп қаламыз. Жақсы әңгімелер айтылады. Енді үйде де бұл мереке жалғасын табады. 22-наурыз күні бала-шағамызбен жиналамыз. Өзімнің туған ауылымда да мейрам күні тұрғындармен бас қосып, мерекелейтін боламыз», – деген қария сөз арасында «Замана» газетін үзбей оқитынын да айтып қалды.

 

Ал бүгінде жасы 70-ке таяған қажы апа Зәмзәгүл Әжіметова былай дейді: «Өз басым 22-ақпаннан бастап жыл туды деп есептеймін, сол күннен наурызкөже жасауға кірісемін. Бір күні көршілерге, бір күні аға­йындар-туыстарға, бір күні  балаларға, одан соң немерелерімнің мектебіне де наурыз­көжені өз қолыммен дайындаймын. Оны да­йындауда ешкімге сенбеймін, арнайы сақтаған сүр ет пен езілген құрттың арқасында ерекше дәмді көже жасаймын. Оны келіндерге де үйретемін. Жалпы, Наурыз – «жаңа күн» дегенді білдіреді, яғни енді  жаңа күн, жаңа ай басталады. Осы жылда елімізде тыныштық болсын, жерден өнсін, аспаннан жаусын, нағыз қой үстінде бозтор­ғай жұмыртқалаған керемет заман тусын!  Еліміз көркейсін, ел іргесін ұстап жүрген азаматтарымыз аман жүрсін, молшылық, тоқшылық болсын!» – деп ыстық ықыласын жеткізді.

 

Аталған шарада Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Ақ тілек» әжелер тобы да бірнеше ән орындап, жалпы қала халқын Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатты.

 

Осындай оңды шараға демеушілік жасаған Дәуренбек Сандыбаев мырзаны да сөзге тартқан болатынбыз.

 

«Қарттарымыз дастархан басында бірін-бірі көріп, қауқылдасып, наурыздан наурызға аман-есен жеткендерін, өзара шынайы тілектерін айтуда. Бұл мерекенің басқаларға қарағанда жөні бөлек. Наурызда тілеген тілек қабыл болады деп жатады. Сондықтан өніміміз мола­йып, жайлауымыз малға, қамбамыз астыққа толсын, ұрпағымыз көбейсін деп тілейміз.

 

Біз кәсіпкер ретінде тек дастархан жайып қана қоймай, көпбалалы аналарға, жетім-жесірлерге қол ұшын беруді де естен шығармауға тырысамыз. Былтыр Төлеби ауданында, «Қайнар» саяжайында көпбалалы отбасыларға баспана салып берген едік. Соны айта келе осындай игі істерге басқа да кәсіпкерлерді шақырамын. Бірігіп, ынтымақтасып, жетім-жесірлерге қол үшін беріп отырайық. Наурыз құтты болсын!» – деді ол кісі.

 

Мереке ән және бимен жалғасын тапты. Бұйырса, бұл дәстүр келесі жылы да өз жалғасын табады деген сенімдеміз.  

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ