Шымкентте павловния өседі ме?

26.03.2019
Қаралды: 97

Газетіміздің өткен нөмірінде Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарламасын жариялаған болатынбыз. Онда облыстың Сарыағаш ауданында тұратын Балтабай Құрбанбаев есімді кәсіпкердің павловния деп аталатын ерекше ағаш тұқымын өсіріп жатқаны туралы айтылған еді. Міне, осы азамат келешекте Шымкент қаласына да мыңдаған түп павловния отырғызуды қалайды екен.

 

Павловнияның 15-20 метр биіктікке дейін өсетін ерекшелігі бар. Жапырақтары үлкен, барқытқа ұқсас болады, олар жақсы көлеңке берумен қатар ауадағы көмір қышқыл газын жай ағаштардан 40 есе артық сіңі­реді, оттегін 40 есе артық бөледі екен. Гүлінің хош иісі төңірекке жа­йылып тұрады. «Мұнай мұнарасы» деп те аталып жүрген бұл ағашты құ­­ры­­лысқа, жиһаз жасауға, тағы бас­қа да салаларға пайдалануға болады.

 

Павловния ағашын тұқымынан да, бұтағын кесіп отырғызып та, көшеттеп те өсіруге болады. Тамыр алып кеткенше мұқият қараса болды, ары қарай бой бермей өсіп кетеді. Ол өзінің құрамынан танин деп аталатын зат бөледі, танин оның діңіне паразит жәндіктер түсуіне кедергі. Бұл ағаштың тағы бір қасиеті – ол топырақтың эрозияға ұшырауына жол бермейді, жапырақтары түсіп, шірі­гесін топырақты органикалық, минералдық заттармен байытады.

 

Бұл ағаштың гүліне жайылған арадан өте пайдалы бал алуға болады. Сондай-ақ одан дәрі-дәрмектер де жасалады, халық медицинасында ол бауыр, бүйрек, несеп жолы дерттерін емдеуде қолданылады.

 

Бұл ағаштың Отаны – Оңтүстік-шығыс Азия. Оны Нидерландыға  жет­кізуге күш салған осы елдің патшайымы, орыстың 1-ші Павел патшасының қызы Аннаның (Павелқызы) құрметіне «Павловния» деп атапты. Ал Қытайда оны «Айдаһар ағашы» деп, Жапония мен Кореяда «Ханша­йым ағашы» деп атайды екен. Ғылымда қолданылатын тағы бір атауы «Адам ағашы» деген сөз оның інжірге (тұт ағашының бір түрі) ұқсастығына байланысты қойылыпты.

 

Міне, осындай ағаш болашақта Шымкентте де өсе бастайтын сияқты. Қала көшелеріне павловния егіле бастаса, бұл істі қуана құптау керек шығар. Өйткені Шымкенттің ауасын сауықтыру керек-ақ қой.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ