Атбегі қыз Әйгерім

28.03.2019
Қаралды: 699

Қазақ халқы атбегілік өнерді ерекше жоғары қойған. Атам заманнан бері келе жатқан бұл ұлттық өнер бүгінде көнеріп қалғандай. Десек те жылқы жануарын жаны сүйетін, оның тілін таба білетін жандар арамызда жоқ емес. Солардың қатарында ару қыздарымыз да бар. 

 

18 жастағы Әйгерім Гумарова – Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Аралтүйе ауылының тумасы. Ол бүгінде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алуда. Қазіргі таңда 2-курс студенті.

 

Атбегі қыз алғаш рет атқа 4 жасында отырып, 7 жасында асау тайды бас білдірген екен. Ат ерттеп, жүген салуды әкесінен үйренген ол 11 жасында бәйге аттарына шауып, шабандоздық жолын бас­таған. Айғара, Айқасқа, Тұманторы атты тұлпарлармен облыс көлемінде талай жүлдеге ие болыпты. Сөйтіп жүріп ат баптаудың қыр-сырын үйренген Әйгерім 17 жасынан бері атбегі ретінде бәйгеге жыл­қыларды өзі дайындап келеді.

 

«Қазір салмағымның ауырлауына байланысты атқа шаппаймын. Себебі атқа шабатын баланың салмағы 25-30 келі болуы керек. Неғұрлым салмақ жеңіл болса, соғұрлым атқа да шабуға оңай. Артық салмақ аттың беліне күш түсіреді, содан соң тез шаршайды, аяғына да зиян болады. Сондықтан бәйге атына балалардың отырғаны тиімді. Ал 55-60 келі шамасындағы кісілер алғаш бәйгеге түскелі отырған асау жылқыларға мініп жатады», – дейді ол.

 

Отбасында бір ұл, бір қыз екен. Әйгерім ағасының жылқы затына құмарлығы да, қызығушылығы да жоқ екендігін айтады.

 

Ат баптаушы қыздың Хантөре атты сүйікті тұлпары бар. Есімін де өзі қойған. Бес жасар айғырды өзі былтыр жаздай дайындап, сол жылы күзде бәйгеге қосыпты. Хантөре соның үшеуіне қатысып, екеуінде бірінші орынды иеленіпті.

 

Әйгерімнен атбегіліктің қыр-сыры туралы сұрадық. Ол әр атбегінің өзіндік ат баптау тәсілі болатынын айтады. Сондай-ақ ат баптаудың бір тәсілін бірнеше атқа пайдалануға келмейтінін де түсіндірді.

 

«Көңіл-күйі, дене бітіміне байланысты әр аттың өзіндік баптауы болады. Атбегінің міндеті біреу ғана – әр аттың бабын таба білу. Дегенмен өзімде ат үйретудің ерекше тәсілі бар деп айта алмаймын. Ат баптау, оның терін алу, шапқызу, күнделікті жүргізу секілді түрлі дайындықтардан тұрады. Уақытында дәрумендерін егіп отырамыз.

 

Терін алу деген бәйгеге дейін үш рет болады. Бұл кезде аттарды екі рет дайындыққа алып шығамын. Таңертең жай жүріспен серуен жасатамын, кешкісін ипподромда шабамын. Бірақ дайындық әр күні әртүрлі болады. Алдын-ала бір аптаға жоспар жасап қоямын. Сол бойынша жыл­қы бір күні – 6, келесі күні 8 шақырымға дейін шабады.

 

Ат аламанға, 24-30 шақырымға дейін шабатын болса, кемінде соның 70-80 па­йызын, ал 12-15 шақырымға шабатын болса 9-10 шақырымын бәйгеден 10 күн бұрын шауып өтемін. Бұл арқылы аттың дайындығын байқай аламын. Бәйгеге қосардан 2-3 күн бұрын «қамау тері» деп аталатын соңғы терін аламын. Бұл аттың бойында артық салмақ болмауы үшін жасалады. Жылқының бойында бәйгеге дейін артық тер қалмауы керек. Ат бойында ащы тер қалып қойса, бәйге барысында жылқыға қиындық туғызады. Тері дұрыс алынбаған аттың көңіл-күйі де дұрыс болмай, сылбыр тартып қалады, аяғына да тез зақым келеді. Ал бабына келген ат ойнақшып, бәйгеге сұранып тұрады», – дейді ол.  

 

Әйгерім адамдар секілді аттардың да әрбірінің өзіндік мінез-құлқы болатынын айтады. «Айырмашылығы – тек сөйлей алмау­ында», – деп түсіндіреді атбегі қыз. Кейбір аттар бабына тез келсе, кейбірі ұзақ уақыт бапталатын көрінеді. Сонымен қатар бірі қызуқанды болса, енді бірі байсалды келеді екен. Осының ішінде қызуқандыларын ұзақ шақырымды қамтитын аламан бәйгеге қосуға болмайтынын жеткізді. Себебі олар бар күшін бірден сарқып, соңғы айналымдарда тез шаршап қалады екен. Ал байсалдылары тұла бойы қызғаннан кейін ғана ашылып, желдей есе бастайтынын айтады.

 

Әйгерімнен құрық тимеген жылқыны жеті жасында қалай үйреткенін сұрадық.

 

«Алғаш рет төрт жасымда үйдегі өзі жуас, өзі буаз биеге мінген болатынмын. Әкемнің мал жайғағанын күтіп жүріп мінетінмін. Әкем мені биеге отырғызып, бір сағат, жарты сағат жетектеп жүретін. Сөйтіп жүріп тізгінді өзіме бере бастады.

 

Бір күні ауыл шетінен мал суарып қайтып келе жатқанбыз. Орта жолда бір үйдің иті атып шығып, астымдағы атым үрки жөнелді. Бар шабысқа салып, жөнеп келе жатыр. Әкем болса бар даусымен: «Қызым, аттың басын тарт!» – деп қайта-қайта ай­қайлайды. Мен керісінше, қорқудың орнына аттың шабысына қызығып мәз болып келемін. Сол жолы құламадым да. Содан бастап атқа шабуды тез үйреніп кеттім. 

 

Біздің көшеде балалар асау тайға мініп, үйретіп жүретін. Соларға қызығып, бірде әкеме асау атқа отырғым келетінін айтып едім, ол кісі мені үйдегі бұрын жүген көрмеген тайға отырғызды. Алғашында бойымды қорқыныш биледі. Бірақ әкемнің: «Осы тайдан құласаң, бұдан кейін атқа жоламайтын боласың», – деген сөзі әсер етті ме, қайдам, сол жолы жауырыным жерге тиген жоқ.

 

Сабақтан келген соң өзімнің жүгенім мен қамшымды алып, дереу жылқыға отыратынмын. Жалпы, жығылған кезім болған емес. Көбісі «атқа жабысып қаласың ба, мүлдем құламайсың ғой» деп таңданып та жататын», – деп баяндайды Әйгерім балалық шағындағы оқиғасын.

 

Әйгерімнің атбегілік өнері көпшілікті тәнті ететіні жасырын емес. Нәзік жанды қыздарымыздың ұлттық өнерге қызығушылық танытуы – қуантарлық іс. Бұл басқа да жандарға үлгі болса екен дейміз.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ