Алып мешіт салуға қарсы емеспін, бірақ...

26.03.2019
Қаралды: 309

Кеше теледидардан Астанада Орта Азиядағы ең үлкен мешіт салынатыны туралы естідім. Оны мақтана айтып жатты. Жалпы, бұл дұрыс та шығар. Өз басым ондай мешіт салынуына қарсы емеспін. Бірақ мені мына жай ойландырады.

 

Бүгінде елімізде жалғызбасты, көпбалалы аналардың аз еместігі, баспанасы жоқтары да бар екендігі белгілі болған жоқ па? Әр балаға 21 мың теңгеден жәрдем­ақы берілетіні айтылғалы бері солар үміт­теніп, тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр. Бірақ сол ақшаның өзі жаппай емес, отбасының кірісіне қарай бе­ріледі екен.

 

Ал үлкен қалаларда қаншама жастар пәтер жалдап тұрып жатыр десеңізші! Студенттерге жатақхана жетіспейді. Бұдан басқа да әлеуметтік-тұрмыстық проблемалар түгел шешіліп болған жоқ қой.

 

Елімізде керемет ғимараттар салуға қаржы жетеді екен, неге соны халықтың осындай проблемаларын реттеуге бағыттамасқа? Мемлекеттің ең басты құндылығы – адам, еліміздің ертеңі – жастар деп сайраймыз ғой, қаржыны сол адамның, жастардың қарапайым ғана тұрмыстық жағдайларын түзеуге жұмсауға неге болмайды? Бір жағымыздың жарқырай көрінгені дұрыс та шығар, бірақ кей жеріміздің «жылтырай» көрініп жатқаны да өтірік емес қой.

 

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ