Ақ Жайыққа жау қайдан келіп тиді?

26.03.2019
Қаралды: 274

Бүгінде Батыс Қазақстандағы Жайық өзенінде болып жатқан жайдан жұрт құлағдар. Онда өткен жыл соңынан бері жүздеген тонна балық қырылып қалды. Жарияланған деректерге қарап отырсаңыз, жүрек шымырлайды.

 

Бекіре тұқымдас балық өсірумен шұғылданатын шаруашылықтардың өзінің шығыны шаш-етектен. Басқа да балық тұқымдары қырғынға ұшыраған. Жұрт өлі балықты тонналап жинап, эпидемия болмас үшін өртеп тастауда.

 

Бүгінде үкіметтік комиссия осы апаттың себебін іздеп, тексеріп жатыр. Оған қатысты қылмыстық іс те қозғалған. Бүгінде өзенге қосылған бірнеше лас су көздері табылған деседі. Балықтың жаппай қырылуына солар себеп болды ма, әлде оның басқадай себептері бар ма – әзірге ол жағы белгісіз.

 

Еліміздің батыс аумағында қазір күн салқын. Бірақ ол ұзаққа созылмайтыны белгілі. Өйткені көктем күшіне мініп келеді. Қырылған балықтың көзін күн жылығанша құртпаса ары қарай не болады?

 

Кей сарапшылардың пікірінше, енді Жайықтағы балық қоры 2018-жылғы деңгейге жетуі үшін кемінде 3 – 5 жылдай уақыт керек болады екен. Бұл аз уақыт емес. Яғни экологияға, экономикаға қыруар шығын келді деген сөз.

 

Елімізде әр кездері болып тұратын осындай жайлар ойлантпай қоймайды. Мысалы, бірнеше мәрте ақбөкен қырылған кездер болған. Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай өлген оқиғасы болды. Кей облыстарда үй жануарларына, құстарға індет тиген кездері бар. Шетелден әкелінген асыл тұқымды сиырлардан індет анықталып, жаппай қырылып, өртелгені де есте. Енді Жайықтағы жағдай мынау. Ақ Жайыққа  жау қайдан тиді екен? Залал зауыт-фабрикалардан келді ме, әлде бұл біреулердің әдейі жасаған қысастығы ма?

 

Сұрақ көп. Осылардың түп-төркіні неде деп ойлайсың. Солар нақты анықталып, кінәлілер кім болса да жазасын алып, бұл жөнінде жұртқа ашық айтылып отырса, мұндай сұмдық болмас па еді?

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ