Басқа елдерде билік қалай ауысқан еді?

20.03.2019
Қаралды: 136

Президент Н.Назарбаевтың өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуы қоғамда көп талқыланған тақырыптың біріне айналды. Осы орайда көптеген сараптау-талдаулар жарияланып жатыр. Біз де ТМД-ның кей елдерінде тәуелсіздіктен бері қарайғы уақыттарда биліктің алмасуы қалай жүзеге асқанына шолу жасап көрдік. 

 

Мәселен, Әзірбайжан мемле­кетінде ең алғашқы Президент сайлауы 1991-жылы өткізілді. Алғашқы Президент билігі Аяз Муталибовтың қолына өтті. 1992-жылдың 25-ақпанында Әзірбайжан оппозициясы Муталибовты Таулы Қарабақ аймағында орын алған әзір­бай­жандар мен армяндардың қақтығысына жол берді деп айыптап, ол осы жылы отставкаға кетуге мәжбүр болды. Президент міндетін уақытша атқарушы ретінде орнына Якуб Мамедов отырды. Дегенмен Мамедов елдегі жағдайды өз бақылауында ұстай алмады. 1992-жылдың 14-мамырында Әзірбайжан Жоғарғы Кеңесі Аяз Муталибовты Президент тағына қайта отырғызды. Бірақ келесі күні-ақ «Народный Фронт» ұлттық-демократиялық саяси партиясының мүшелері наразылық танытып, нәтижесінде осы жылдың 18-мамырында Муталибов республикадан кетуге мәжбүр болды. Одан кейін таққа отырған Абульфаз Элчибей әзірбайжан халқын небәрі бір жыл ғана басқарды, себебі экономикалық және саяси дағдарыспен күресе алмады деп наразылық білдірген әзірбайжан халқының 97,5 пайызы оның отставкаға кетуін талап етіп, оған қарсы дауыс берді. 1993-жылы билік Гейдар Алиевтің қолына өтті. Ол елдегі саяси тұрақтылықты қалыпқа келтіріп, басшылықта 10 жыл отырды. Қазіргі басшы Гейдар Алиевтың ұлы Ильхам Алиев – Әзірбайжан елінің 2003-жылдан бергі 4-ші президенті.

 

Грузияның қазіргі әйел Президенті Саломе Зурабишвилиге дейін бұл елде 7 рет билік ауысуы болған. 1991-жылы сайланған Звиад Гамсахурдиа 1992-жылы тақтан тайды. Грузия тарапынан қуғынға ұшырап, бір жыл көлемінде Әзірбайжан, содан соң Армения, соңыра Шешенстан елдерінде бас сауғалап жүрді. 1993-жылы Грузияға қайта оралған ол сол жылы жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Грузияның екінші Президенті Эдуард Шеварнадзе болды. Ол таққа 1995-жылы отырған болатын. Одан кейін таққа отырған Михаил Саакашвили 2004 – 2007 және 2008 – 2013-жылдар аралығында екі рет Президент атанды. Саакашвилиден кейін ел басқарған Георгий Маргвелашвили де 5 жылдай уақыт билікте отырды. 

 

Ал Қырғызстанда екі рет сайлану саясаты жүрмейді. «Бұл елде бір адам екі рет Президент болып сайлана алмайды» деп жазады ғаламтор бет­те­рінде. Президент сайлауы әр 6 жыл сайын өткізіледі. Президенттікке үміткер болатын адамға қойылатын негізгі талап бойынша, оның жасы 35-70 жас аралығында болуы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік тілді білуі міндетті және ең кемі 15 жыл осы елдің тұрғыны болуы тиіс.

 

Бүгінге дейін Қырғызстан тарихында 5 адам Президент болып сайланған. Алғашқы көштің басын Асқар Ақаев бастаған. Бірнеше рет Президент болып сайланған ол 2005 жылғы халық төңкерісінен соң президенттіктен  кетті. Соның нәтижесінде мерзімінен бұрын өткізілген сайлауда ел басқару мүмкіндігі оппозиция басшысы Құрманбек Бакиевтің қолына өтті. Бірақ мұндай ауыс-түйіс елдегі жағдайды түземеді. Бакиев те 2010-жылғы төңкерістен соң тек биліктен ғана емес, елден де кетуге мәжбүр болды. Одан соң уақытша президенттікке Роза Отынбаева сайланған болатын.  Небәрі бір жылдан соң билігін Алмазбек Атамбаевқа тапсырды. Алты жыл басшылықта отырған Атамбаевтан соң 2017-жылы Сау­ранбай Жиенбеков Қырғызстан елінің Президенті атанды. Оның президенттік өкілеттігі 2023-жылы аяқталады.

 

Түркіменстан елінің ең алғашқы Президенті – Сапармұрат Ниязов. Ол 2006-жылы кенеттен қайтыс болған соң билік басына Құрбанғұлы Берді­мұ­хамедов келді. 2012 және 2017-жылдары қайта сайланған оның енді заң бо­йынша 7 жылға дейін Президент тағында отыруға құқығы бар. 

 

Өзбекстан Республикасында да Президент сайлауы әр 5 жыл сайын өткізіледі. Алғашқы Президенті Ислам Каримов 1991-жылы басшылыққа отырған болатын. 27 жыл қатарынан ел билігін тізгіндеген ол төрт рет қайта сайланып, 78 жасында өмірден озды. 2016-жылы Өзбекстан билігінің тізгіні Шавкат Мирзиёевке берілді.   

 

Біздің елде де Конституция бойынша Президенттің өкілеттік мерзімі 5 жылды құрайды. Сондай-ақ заң бойынша Президенттікке үміткер адамның жасының ең төменгі шегі қырық жасты құраса, жоғарғы шек белгіленбеген. 1991-жылы өткізілген Қазақстан Президентінің алғашқы жалпыхалықтық сайлауында  Н.Назарбаев Президент болып сайланды. Ол одан кейінгі кезекті және кезектен тыс  сайлауларда да жеңіске жетті. Сөйтіп, 2019-жылы өз өкілеттілігін тоқтатты. Яғни осы аталған елдер Президенттерінің ішінде тақта ең ұзақ отырғаны Н.Назарбаев екені белгілі.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ