Қасым-Жомарт Тоқаев туралы не білеміз?

20.03.2019
Қаралды: 1408

19-наурызда Президент Н.Назарбаев халыққа өзінің өкілеттігін тоқтататыны туралы мәлімдеді. Осыған орай Конституцияға сәйкес, Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі келесі Президент сайлауына дейін Мемлекет басшысы болып табылады. Яғни ол уақытша Президент міндетіне кірісті. Ал Парламент Сенатының депутаттары оның орнына, яғни Сенат спикері қызметіне Дариға Назарбаеваны сайлады.

 

Қ.Тоқаев бұл лауазымды елімізде 2020-жылы желтоқсанда өткізілуі тиіс кезекті Президент сайлауына дейін атқаратын болады.

 

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кезінде екі мәрте (1994 – 1999 және 2002 – 2007-жылдары) еліміздің Сыртқы істер министрі, 1999 – 2002-жылдар аралығында Үкімет басшысы болғаны белгілі. Сондай-ақ ол Парламент Сенатын да 2007 – 2011, 2013 – 2019-жылдары, екі мәрте басқарды.

 

Ол кісі халықаралық деңгейде де қызметтер атқарған, 2011-жылдың наурызынан 2013-жылдың қазан айына дейін Біріккен ұлттар ұйымы Бас хатшысының орынбасары болған еді. Ол қазақ тілінен бөлек, орыс, француз, ағылшын, қытай тілдерін еркін меңгерген.

 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасы қазір 65-те, ол 1953-жылы 17-мамырда Алматы қаласында өмірге келген. Зиялы қауым өкілдерінің отбасында өскен, әкесі Кемел Тоқаев – жазушы, қазақ әдебиетінің белді өкілдерінің бірі, кезінде Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің мүшесі болған.

 

Кемел Тоқаевтың ата-анасы 1930-шы, ашаршылық жылдарында қайтыс болған, қарындасы да сол жылдары өрттен көз жұмған. Кемел мен ағасы Қасым жетімдер үйінде өскен, Шымкент қорғасын зауыты жанындағы әке-шешесі жоқ балаларға арналған мектеп-интернатта оқыған. Кейін ағайынды екеуі де Ұлы Отан соғысына алынған. Кеңес армиясының офицері Қасым Тоқаев май­данда қаза тапқан.

 

Кемел Тоқаев соғыстан аман оралған. Қазақ Мемлекеттік университетін бі­тір­ген, өмірін шығармашылыққа арнаған. Ол – көптеген кітаптардың ав­торы. Бүгінде Үшарал қаласында Кемел Тоқаевтың атында мектеп бар, сондай-ақ оның атындағы қайырымдылық қоры жұмыс істейді.

 

Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың анасы Тұрар Шабарбаева Алматыдағы шетел  тілдері институтында ең­бек еткен.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы №25-мектепті бітірген. Мәскеу қаласындағы КСРО Сыртқы іс­тер министрлігіне қарасты халық­аралық қатынастар институтында, Ресей­дің дипломатиялық академиясында оқыған. Кейін Қытайда, Сингапурде дипломатиялық қызметте бол­ған. Сая­сат ғы­лым­дарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты.

 

Қ.Тоқаевтың әйелі Надежда – орыс ұлтының өкілі, Қарағанды қаласында туып-өскен, Мәскеуде тарих-мұрағат институтын бітірген. Олардың 1984-жылы өмірге келген Тимур есімді ұлдары бар. Ол Мәскеуде, Швейцарияда білім алған, ғылым жолын қуған, саясат ғылымдарының кандидаты. Т.Тоқаев атасы Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорын басқарады.

Пікір қалдыру

1000 символ