Түркістанға түйе керуенімен сапар шеккелі жатыр

19.03.2019
Қаралды: 71

Таяу күндері Отырардан Түркістанға бұрынғы өткен бабалар жолымен түйе керуені сапарға шықпақ. Бұл жайлы білісімен біз осы сапардың идея авторы, өлкетанушы Ерлан Сыздықпен (суретте) байланысып, сұхбаттасқан едік.

 

– Ерлан, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз...

 

– Мен Түркістан қаласында педагогтар отбасында дүниеге келгенмін. Мектеп бітіргеннен кейін Йассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түсіп, «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінен» тарихшы-мұражайшы мамандығын алып шықтым. Оқу бітірген соң түрлі саланың басы-қасында, жастармен жұмыс істедім. Сәтін салып, ХҚТУ-дың жастар ұйымын басқарған сәтте осы аталмыш оқу орнымен қаламыздағы колледж, мектеп оқушыларын ұйымдастырып, жақын жерлердегі киелі орындарға, табиғат аясына тынығуға шығып тұруды жолға қойдым. Уақыт өте келе бұл іс өзіме де ұнай бастады.

 

Түркістанда тұрсам да мен білмейтін жерлер көп екен. Сол орындарды көруге деген қызығушылығым артты. Өлкетануға деген құмарлығым осылай басталған. Бұл бір жағынан нағашының жолын қуу ма деп қаламын. Себебі Қызылорда қаласының тұрғыны, ақын, тарихшы Қалқұл Есмағанбетов нағашым да өзі тәрбиелеген шәкірттерін автобустарға мінгізіп, Түркістан мен «Арыстанбабты» аралатып жүруші еді. Менің де киелі мекендер мен көрікті жерлерді аралатуға жаным құмар.

 

Міне, осы іспен айналысып жүргеніме 12 жыл болыпты. Бүгінде оңтүстік өңірі ғана емес, күллі қазақ елінің кереметтерін аралап көріп, ол жайлы мақалалар жазып, фильмдер түсіріп, елге насихаттап жүрген жайым бар.

 

– Енді негізгі тақырыпқа көшсек. Түйемен сапарға қашан шығасыздар? Оған кімдер барады?

 

– Ауа райына байланысты наурыздың соңында немесе сәуірдің ішінде барамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл ай жауын-шашынды болады деген соң нақ­ты күнді әлі белгілеген жоқпыз. Бірінші өзіміз шығып, күніне неше шақырым жүреміз, кешкі ас қай жерде, қалай болады, түйелер қалай жүреді, ауа райы қалай әсер етеді – осының бәрін тыңғылықты біліп алмақпыз. Бәрі жан-жақты зерттеліп біткен соң бейнефильм жасап, оны бірнеше тілге аударып, оны туризм меке­мелеріне ұсынып, көрмелерге жіберіп, насихаттауды қолға аламыз.

 

Осындай тур-бағыттар жасай аламыз деген жарнама ретінде біз телеарна тілшілері мен блогерлерді, туризм компанияларынан да бір-екі адамды тізімге қосып отырмыз.

 

– Барғысы келетіндер болса апарасыздар ма? Қай жерлерге баруды жоспарлап отырсыздар?

 

– Әрине. Ешкімге неге келдің демейміз. Бірақ әзірге өзіміздің де қатарымыз толық сияқты. Бір жағынан мініске жарайтын, үйретілген түйе саны жағынан аздау болып тұр. Соған сәйкес, оншақты адам жететін шығар деп ойлаймын. Егер осы сапар ойдағыдай өтсе, алдағы уақытта ақылы түрде адамдарды керуенмен алып жүретін боламыз.

 

Тағы бір ойымыз – бұрынғы өткен бабалар жолымен қыздарын түйе керуенмен ұзатамын деушілер де шығып қалар деген үмітіміз бар. Енді бұл алдағы күннің еншісіндегі нәрселер ғой.

 

Бағытымыз: Отырардан шығып, баяғы керуен жолдарымен Отырабат, Алтынтөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан төбе, Құлантөбе, Шойтөбе, Шауғар төбелеріне соғып, Түркістанға, Йассауи кесенесіне барамыз. Егер осы сапарымызда ешкім шаршап-шалдықпай, бәрі ойдағыдай өтсе, онда Түркістан арқылы «Сидақ атаға», сопылар қаласын аттап, Қаратөбе мен Сауранға бет аламыз. Осылай үш-төрт күнге созылса жақсы сапар болатын шығар деп ойлаймын. Мүмкін қызығушылығымыз артып жатса, ӘмірТемірдің Тоқтамыс ханды қуған ізімен Ұлытаудағы Алтыншоқыға да шығып кетерміз. Жол-жөнекей «Жібек жолындағы» қаншама қалашықтарды артта қалдырып, Ұлытау төрінен бір-ақ шықсақ, кәнеки!

 

– Сапардың ұйымдастырушысы кім? Қаржылық жағынан демеушілеріңіз бар ма?

 

– Негізі ішкі туризмді қалай дамытуға болады деген бағытта жан-жақты ізденіп, жинақтаған тәжірибем мен іске асырсам деп жүрген тың идеяларым бар еді. Көптен бері осы тәжірибем мен идеяларымды Түркістан топырағындағы туризмді түлетуге қалай пайдалансам болады деген ойдың жетегінде жүрдім. Өзім барған сапарларымнан фильмдер түсіріп, ол «ТұранТВ» телеарнасынан көрсетілетін. Соны Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы да көріп жүреді екен. Содан сәті түсіп, ол кісінің қабылдауында болдым. Сол кезде әкім Түркістан туризмін түлетуге көмегің керек деп ұсынысын айтты. Мен өз идеяларымды ортаға салдым. Бірақ мұның бәрі қаржыға келіп тірелетіні айтпаса да түсінікті ғой. Бір қуанғаным, әкім қаржы мәселесін шешіп қойыпты. Енді ұрыста тұрыс жоқ, жеделдетіп іске кірісуіміз керек. Яғни бұл сапар тікелей Түркістан қаласы әкімінің қолдауымен іске асады.

 

– Жалпы, сапардың мақсаты не? Сапар барысында ерекше, есте қалатын қызықты нәрселер ұйымдастырасыздар ма?

 

– Негізі туризм деген де азық-түлік ұсынатын дүкен сияқты. Жалпы, ішкі туризм бағытында қандай да бір жетістікке жетем десең, туристерге ұсынатын ерекше, бұрын-соңды қайталанбаған тың идеяларың болуы керек. Бір тамақты жей бергеннен жалығады ғой адам. Туризм саласында да солай. Саяхатшыларды түрлі қызықты нәрселермен баурай алуың керек.

 

Біз бұған дейін туристерге көне кесенелер мен қираған қала орындарын, өзен-көлдерді ғана тамашалатып келдік. Енді не ұсынуға болады дегенде ойыма туристерді түйе керуендерімен «Ұлы Жібек жолындағы» көне қала Отырар арқылы Түркістанға жеткізуді ойладық. Осындай ерекше сапар арқылы туристерді өткен тарихымызбен таныстырып, жол бойы аңыз-әпсаналар­ға қанықтырып, салт-дәстүрімізді қаймағы бұзылмаған қалпында насихаттауды ойладық.

 

Тарқатып айтар болсам, сол көне замандарға сәйкес киінеміз. Арамызда «батыр» да, «қойшы» да болады. Олардың тыныс-тіршілігін көрсетеміз. Түркістанға кіре беріс жерде «дәруіштер» күтіп алады. Қызық болсын деп жол-жөнекей керуенге «қарақшылар шабуылын» ұйымдастырып жатырмыз. Сосын жолшыбай бізді қарақшылардан құтқарған батырдың үйіне түнеп, өзіміздің ұлттық тағамдармен (жаужүрек, бүрме, саусақжалар болуы мүмкін) тамақтанып, садақ тарту, айбалта лақтыру, қылыштасу өнерін тамашалаймыз. Кейін қойшының шаңырағына түсіп, түстенеміз. Ол кезде киіз басу, жүн түту, жіп иіру өнерін тамашалап, табаға піскен нан мен қазанға қуырылған бауырсақпен шай ішеміз. Күбідегі майдан жеп, піскен айран ішіп, құрт жейміз.

 

Мұның бәрін тізіп неге айтып отыр дерсіз? Себебі көшпенділердің өмірі мен салты шетелдіктер үшін әрқашан қызық болған. Біз сапар барысында осыны тамашалатпақ ойымыз бар.

 

– Дәл қазіргі уақытта ешкім түйеге мінбейтін сияқты. Қауіпсіздік шаралары қарастырылған болар?

 

– Дұрыс айтасыз. Басқа жерлерді қайдам, біздің оңтүстікте түйе шаруашылығы болғанмен түйені мінуге үйрете бермейді ешкім. Тіпті мініске жарайтын түйені емге таппайсың деуге де болады. Бірер жыл бұрын да осындай керуен ұйымдастырмақ болғанбыз. Бірақ ол кезде екі-үш түйеден артық таба алмай, сонымен тоқтап қалған. Бұрындары түйені мінуге үйреткендер оны табыс көзіне айналдыра алмағандықтан қайтадан жайылымға жіберіп, арасында бірді-екілісі ғана суретке түсіп, тиын-тебен табуға пайдаланылып жүр. Ал Мысырда туристерді түйеге тегін мінгізіп, түсерде ақысын төлетіп, Ойсыл қарадан да қыруар қаражат табады екен. Ал бізде бұл кәсіп әлі жолға қойылмаған. Түйе бағатындар осыны қолға алса болады.

 

Биыл несібемізге қарай мініске жарайтын оншақты түйе табылып тұр. Бұйырса, сапарға солармен шығамыз.

 

Қауіпсіздік шаралары әлбетте болады. Арамызда түйені баптап, мініске үйреткен жігіттердің бірі керуенбасы, енді бірі қосшы болып қасымызда жүреді. Түйенің мінез-құлқын біле бермейміз, сондықтан ол жігіттердің жанымызда жүргені дұрыс деп шештік.

 

Түйеден бөлек, жылқы мен есек те бар. Қалай болғанда да бұрынғы көшпенді өмір салтымен керуен жасақтамақпыз ғой. Қаласа түйеге, жылқыға не есекке мінуіне болады. Мұндай сапарға алғаш рет шыққалы отырғандықтан көмекші топ жұмыс жасайды. Арнайы көлікпен бірер жігіт алда жүреді. Олар жүктеріміз бен азық-түлікті, бейнекамераларды алып жүреді.

 

– Ендеше, сапарларыңыз сәтті болсын дейміз.

 

P.S. Шыны керек, біздің елде туризм саласын дамытып, одан қаржы табу әлі де жолға қойылмай келеді. Мысалы, көршілес Өзбекстанда тұрғындарының көбі туристерден нәпақасын айырып отыр деуге әбден болады. Олардың бірі күтіп алып, саяхат жасатса, енді бірі үйлеріне жатқызып, ас әзірлеп береді. Атпен, есекпен алып жүру де жолға қойылған.

 

Ерланмен әңгімелескеннен кейін бізге тарихы бай, аңыз бен әпсананың отаны – өз елімізде неге туризм саласын дамытуға әрқайсысымыз өз үлесімізді қоспасқа деген ой келді.

 

Сұхбаттасқан – Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ