Анасымен қауышуды армандайды

27.03.2019
Қаралды: 285

Анасы Әдия Мұратқызы 1959 жылы Қытайда дүниеге келген. Ол зейнеткерлікке шыққан соң, 2015 жылы жолдасы және қызымен бірге Алматы қаласына қоныс аударыпты. Дегенмен, Қытай тарапынан өзіне кері әсері тие ме деген оймен келе сала бірден Қазақстан азаматтығын алмайды. Біразға дейін үшеуі де ықтиярхатпен жүрген екен.

 

Бірақ Әдияның зейнеткерлікке шыққанына байланысты қағаз толтырып, қол қою керек деген сылтаумен оған Қытайдан бір­неше рет шақырту келгендіктен 2017 жылдың сегізінші айында ол Қытайға қайта барады. Сол кезде оны «үй қамаққа» алады да, 2018 жылдың үшінші айында саяси үйрену лагеріне қамалады. Сөйтіп, 9 айға дейін отбасымен байланыса алмай, хабарсыз кетеді.

 

«Сол аралықтарда сондағы қызметкерлер арқылы анамның екі айдан бері ауруханада жатқанын білдім. Ауруханадағылар оның мүгедектер арбасына таңылып қалған суретін жіберді. Бірақ әкем екеуміз анамның өзімен байланыса алмай жүрдік. 2018 жылдың он бірінші айында ол түрмеден босады. Шыққаннан соң да, анамызбен бір айға дейін байланысуға тыйым салынды. Оларға басындағы жағдайын айтуға тыйым салын­ған, «көргендеріңді айтпаңдар, бәрі жақсы деңдер» деп мәжбүрлейді.

 

Одан бері анаммен екі рет қана хабарласа алдым. Онда да көп сөйлесе алмаймыз, «бәріне сәлем айта сал» дегеннен ары аспаймыз. Анамның өзі де «болды, артық сөз айтпайық» деп әңгімемізді шектеуге тырысады. Ол өз жағдайын, біз өз жағдайымызды айта алмаймыз. Телефон байланысы тыңдалады, анамның қайда барып, қайдан келгені де бақыланып отырады. Әр отбасыға бір-екі тыңшыдан қойып қойған. Олар не айтылып, не қойылып жатқанның бәрін біліп отырады. Қазақша әңгімені аударып беретіндері де бар», – дейді Дана Нүраш.

 

Әдия қамауға алынған соң жолдасы мен қызы Дана дереу Қазақстан азаматтығына әрекет жасап, екі айдан соң азаматтық ал­ған. Дана анасының заңға қарсы ешбір әрекет жасамағанын, оны Қазақстанға көшіп келгені үшін ғана қамауға алып отырғанын алға тартады. 

 

«Анам сол жақта қытай тілінен сабақ беретін қатардағы қарапайым мектеп мұғалімі болған. Өзі партия мүшесі еді. Бірақ ешқашан сол партияның жаман жағын айтып, қарсылық білдіріп көрген емес, өзі өте жуас кісі. Қазақстанға көшіп кетуін себеп қылып айыптап отыр. Анам зейнет жасына шыққан соң оларға қатысы жоқ қой. Өз өмірі өзінде.

 

Түрмеден шыққан соң анамды көрсем деген мақсатпен әрең дегенде оның суретін алдырдым. Түрін көріп, таң қалдым. Бірнеше жасқа қартайып кеткен. Соңғы рет сөй­лескенімде: «Қызым, менің денсаулығым жақсы емес, соңғы демім ғана қалды. Соңғы тілегім – өздеріңмен бір бас қоссам», – деді. Енді анамның отбасымызға оралуын қалаймыз, сол мақсатта арыз жазып, жәрдем сұрап жүрмін. Анамның аман-есен елге келуіне бір көмек болса екен», – деп көзіне жас алады Дана.

 

Қазір анасы туыстарының үйінде жүр. Туыстары да бізге бір зияны тиіп кетпес пе екен деп үнемі үрейленіп отырады. Оларға да «ана қызға айтыңдар, ешқайда арызданбасын» деп сақшылар келіп кетеді екен. Содан соң туыстары «бізді өлтіріп кетеді, қамап тастайды, сенің мақсатың сол ма» деп Данаға реніш білдіріп, ашуланатын көрінеді.

 

«Олар үшін жүрегім ауырады. Не істей­тінімді де білмей қалдым. Бұл саяси үйрену дегені – түрме, ол жақта ешкімнің ешкіммен хабарласуға да, жүріп-тұруға да, артық сөйлеу­ге де құқы жоқ. Полицияға хабарласып, анамды ұстап отыруының себебін білмек болғанбыз. Олар біздің ол сөздерімізге жауап бермей, телефонды тастай салады, ақыры мүлдем тұтқаны көтермей қояды. Менімен тағдырлас кей кісілердің айтуынша, кей-кейде өздері хабарласып, «арызданбаңдар, өйтсеңдер сотталасыңдар» деп қоқан-лоққы жасайды екен», – деп ашынады ол.

 

Қазір Әдия Қазақстанға өтейін десе «күтіңдер, кезегің келгенде аласың, бастық басқа жаққа кетіп қалған, келсін» деген түрлі сылтаулармен уақыт созып, құжатын бермей отырған көрінеді. Дана анасының түрмеде отырып шыққан соң денсаулығының төмендеп кеткенін жеткізеді.

 

«Осыған дейін анамның денсаулығы өте жақсы болатын. Тіпті, әкем екеуміз тұмауратып ауырып қалсақ, анамыз сап-сау жүре беретін. Түрмеге отырып шыққан соң арбаға таңылып қалды. Себебін сұрастырғанымызда, «аяғы, белі ауырып қалған» деп жеңіл қарап, сылтауратады. Онда неге арбаға отырып қалды деп іштей күйінемін. Анам үйдің ішінде ақырындап жүріп-тұрады екен, бірақ сыртқа шыққанда тек арбамен жүретін көрі­неді.   

 

Анамның өзі елге оралғысы келеді. Бірақ оған қытайлар мүмкіндік бермей отыр. Түрмеден шыққан соң дәрігерге қаралыпты. Олар белінде ревматизм, аяғында сынық, белінде омыртқа жарығы бар деп тауып, қан қысымының жоғары екендігін айтыпты. Оның бәрі уайымнан, қысымнан, қорлықтан болған нәрсе. Әйтпесе дені сап-сау болған анамның аяғына сынық қайдан түсті?!» – дейді тағы да Дана.

 

Дана халықаралық құқық қорғау ұйымына барып, сондағылар анасының жағдайын жұртқа мәлімдеген соң ол түрмеден босапты. Енді анасын елге қайтару мақсатында жан-жаққа арыз беріпті. Ондағылар «халықпен бірге көреміз, күту керек» дегенді айтып отырған көрінеді.

 

Қазақ қандасымыздың сырттағы жай-күйі осылай. Бұл істің ақ-қарасы әлі де анықталады деген ойдамыз. Дананың анасы отбасына оралса екен деген тілек қана біздікі. 

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ