Нағашыбай Есмырзаның қазасы жұртты неге шулатты?

19.03.2019
Қаралды: 437

Күні кеше келместің кемесіне тағы бір қазақ мініп кете барды. «Өмір бар жерде өлім бар», сондықтан бұл заңдылықтан ешкім аттап кете алмайды деп қоя салуға болар еді. Бірақ...

 

Бірақ бұл өлімнің соңында біраз шу қалды. Тіпті наурыздың бесі күні  өмірден өтіп, қырық күндік асы әлі беріліп үлгермеген азаматтың жаназасы шығарылған жоқ деген де қауесет таралды. Жаназасы «шығарылмаған» қай азамат? Бұл қазаға  қазақ неге дүрлікті? Енді осыған тоқталайық.

 

Әлеуметтік желі белсендісі болатын

 

Әңгіме қоғам белсендісі Нағашыбай Есмырза жайлы. Әлеуметтік желі бел­сендісі парақшасында өзгеше ойларымен ерекшеленетін. Қазақтың ұлт болып ұйысуы туралы тақырыпта делебесі қоза дүбірге қосылатын ол үнемі Гитлер­ді насихаттаушы еді. Оның «Елін, ұлтын сүй­ген әрбір адам Адольфтай болсын», – деген ойы көпшілікке ұнай қоймады. Бірақ Нағашыбай Есмырза Гитлерді ұл­тын өрге сүйреген, халқына адал қызмет еткен аңызға айналған ұлы тұлға деуінен танбады. Тіпті оның «Майн кампф» кітабын бірнеше қайтара оқып, оны қазақ тіліне аударуды армандайтын.

 

Нағашыбай Есмырза телеарналардағы түрлі түсірілімдерге де жиі шақырылатын. Ұлттық мәселе қозғалған бас қосу, жиындардан да қалмайтынынан хабардармыз. Оның әр жексенбіде шұбат ішуге баратынын да жұрт жақсы біледі. Өзі «Шұбат-пати» атап кеткен бұл күні таныс-біліс достарымен кездесіп, әңгіме-дүкен құрғанда да Гитлерді аузынан тас­тамайтын көрінеді.

 

Алыс-жақын жердегі үлкен-кішіге танылған осы азамат наурыздың 5-і күні жүрек талмасынан көз жұмды. Бұл қаралы хабар көпшілікті әрі-сәрі етті.  Әлім­сақтан өлген адамның соңынан жаман сөз айтпайтын қазақ осы қазаға келгенде қақ жарылғандай: «иманды болсын» деген жандарға «Құдай жоқ деп айтатын атеист адамға олай айтуға болмайды» деушілер кездесті. Тіпті мәңгілік мекеніне аттанған марқұмның жаназасы шығарылмайды дегендер де табылды. Осы сөзді растағандай, артынша әлеу­меттік желіде тікелей хабар таратқан бірнеше азамат бір уыс топырақ сала алмағандарын айтып, жаназасы шынында да шығарылған жоқ деген күдік тудырды.

 

Нағашыбай Есмырзаның жаназасы шығарылмағаны рас па? Оның «Құдай жоқ» деуіне не себеп? Біз мұны мар­құмның досы, белгілі кинорежиссер Еркін Рақышевтан сұраған едік.

 

Немісті неге пір тұтты?

 

«Осыдан 10-15 жыл бұрын біз Нағашыбаймен ұлттық мәселе бойынша жиындарда кездесетінбіз. Содан жақын араласып кеттік. Ол ерекше жаратылған адам еді, өзіндік ой-пікірі бар, тың ойларды ашық айта алатын азамат болатын. Оның өзгелерден ерекшелігі – доссың ба, атақ-дәрежең үлкен бе, прези­дентсің бе, басқасың ба, оған қарамайды, өзі қалай ойлайды, ойын тап олай айтатын. Достардың көңіліне келіп қалады деп қарамайтын.

 

Ақиқатты бөліп-жармай айтатын міне­зі үшін «Фейсбукте» де, өмірде де оған көп адамдар ренжіп, ұрысып қалатын. Бірақ артынан сөзінде зілі, ойында арам пиғылы жоқ, ниеті ақ, көңілі таза екенін білген соң қайтадан достасып жататын.

 

Нағашыбайдың елден ерекшелігі – ұлтшыл ретінде Гитлерді көп дәріптеді, соны оқыңдар деп үнемі айтып жүретін.

 

Нағашыбай неге олай деді?

 

Біз, қазақ Гитлерді жауыз деп елес­тетеміз, кезінде немістермен соғысқандықтан оны жек көріп қалғанбыз. Бұл – Батыстың идеологиясы. Негізінде Гитлер­дің адамзат баласына жасаған үлкен жақсылығын ұмытып қала береміз. Мұны Нағашыбай былай айтатын: «Кеңес үкі­меті билікке келген кезде олардың алдындағы басты мақсаты – коммунистік-больше­виктік идеяны бүкіл әлемге тарату болды. Сөйтіп Коминтерн деген құрылды. Әлемнің көптеген елдерінде больше­виктік партиялар құрылып, олар билікке жақындай бастады. Большевиктер би­лікке келсе, арты қандай қасіретке алып келетіні түсінікті. Себебі билік ауысатын кезде Ресейде, Кеңес үкіметінің өзінде миллиондаған адам өлді. Азамат соғысы болды. Соңы ашаршылыққа алып келді, қазақтың жартысы қырылып қалды.

 

Кеңес үкіметінің басшылығы бүкіл әлемде сондай жасамақшы болды. Осыны түсінген Батыс елдері бұған жол бермеу үшін Гитлерді Кеңес үкіметіне қарсы дайындады. Сөйтіп Гитлер Кеңес үкіме­тінің әлемді жаулап алу жайлы басқыншылық саясатын тоқтатқан. Бұл – Гит­лердің адамзат баласына сіңірген үлкен еңбегі. Өкінішке орай, мұны біздің еш­қайсымыз білмейміз. Білсек те айтуға батпаймыз».

 

Осыны Нағашыбай қорықпастан,  батыл да ашық айтып жүрді.

 

Ұлтшыл мен ұлтжандының айырмасы қандай?

 

Гитлердің бір сөзі бар. «Көп адамдар ұлтшыл мен ұлтжандылықтың айыр­масын ажырата бермейді. Олар ұлтына қызмет етсе мен ұлтшылмын деп шығады. Жоқ! Ұлтшыл мен ұлтжандылықтың айырмашылығы жер мен көктей. Ұлтжандылық деген – ұлтыңды жақсы көру, Отаныңа қызмет ету, ұлтыңды сүю. Ал ұлтшылдың одан айырмашылығы – ұлты үшін, Отаны үшін жанын беруге даяр болу. Басын бәйгеге тігетін адамды ұлтшыл дейді», – деп Гитлер ара жігін ажыратып кеткен. Нағашыбайдың сен ұлтшыл емессің, ұлтжандысың деп көп адамдармен айтысып жүретіні де сол еді.

 

Нағашыбайдың өзі нағыз ұлтшыл болатын. Қазақ еліне Гитлердей ұлтын жанымен сүйетін адам келуі керек дейтін. Өзі де ұлт үшін басын талай бәйгеге тікті. Оның қолына ту ұстап, «ОМОН»-ның сарбаздарына қарсы жігерленіп, айбаттанып тұрған, ғаламторда кең тараған атышулы бір суреті бар ғой. Сол кезде оны билікке қарсы күш көрсеттің деп тумен қоса қол-аяғын байлап, қамап тастауы мүмкін еді ғой. Ол соны біле тұра өзінің емес, ұлтының мүддесін ойлап, осындай әрекетке барды.

 

Ол шындыққа, ақиқатқа тура қарайтын ержүрек азамат еді.

 

Мен Нағашыбаймен жақын араластым. Кейінгі кездері жүрегі аздап ауырып жүрген. Дүйсенбі күні кездесетін болғанбыз. Содан, өкінішке орай, сол дүйсенбі күні «Атажұрттың» сотына барғанда жүрек талмасы ұстап құлайды. Мұны маған бір жігіттер хабарласып айтты. Бәрін тастадым да, зуылдап бардым. Барсам, «жедел жәрдем» әкетейін деп жатыр екен. Соңдарынан  ілесіп ауруханаға бардым. Жанымда Ринат Рафкат деген жігіт болды. Нағашыбайды «жедел жәрдем» көлігінен түсірмеді. Сол жерде жан тапсырыпты. Көп ұзамай қызы, күйеу балалары, інілері келді. Досымыздың осындай ауыр қазаға ұшырағанын, қаралы хабарды оларға мен естірттім.

 

Жаназасыз жерленгені рас па?

 

Жаназасы жайлы алыпқашпа сөз көбейіп кетті ғой, ашығын айтайын. Сағат 2-де жаназасы шығады деген. Өкі­нішке орай, оны жерлеуге үйден ерте  алып шығып кеткен. Ағайын-туыстары оның екі себебі болды дейді. Біріншісі – ваххабистер ол атеист болған, егер оған жаназа шығарылатын болса, төбелес шығарамыз депті-міс. Екіншісі – «Діни басқарма: «Ол – Құдайды жоқ деп айт­қан адам. Сондықтан біз жаназа шығарылуына қарсымыз, оған имамды жібер­мейміз. Оған қандай да бір имам баратын болса, оны жұмыстан шығарып жібе­реміз» деп айтты» деген қауесет.

 

Әйтеуір ағайын-туыстары сағат 2-ні тоспай, досымыздың жаназасын үйде ертерек  шығарып, жерлеуге алып кетеді. Сағат 12.30-да жерлеуге алып кетті деген соң тездетіп бейіт басына барып, топырақ салып үлгердім. Бейіт басында құран оқылды.

 

Мен бұл жердегі басты себеп басқада деп ойлаймын. Біреулер Нағашыбайдың беделі үлкен екенін көріп, түсініп, жаназаға өте көп адам жиналатынын білді. Ол жерде түрлі наразылықтар болуы мүмкін деп қауіптеніп, сақтанды деп ойлаймын. Бірақ өздерінің көлеңкесінен қорқып, Діни басқарманың халықтың алдындағы онсыз да әлсіз беделін, абыройын одан әрі түсіріп, жер қылды.

 

Нағашыбай туралы тағы айта кетер болсақ, ең бастысы, ол – қазақ. Біздің арғы аталарымыз Тәңірге табынған. Нағашыбай да аталарымыздың ұстанымына берік болайын деп аздап тәңіршілдікті қолдап жүрді. Бірақ ол қалай болғанда да мұсылман, сондықтан оның жаназасын шығарып жерлегені дұрыс болды. Досымыздың жатқан жері жайлы болсын, иманды болсын!

 

Оның Құдай жоқ деп жазуына не себеп болды? Нағашыбай қоғамда болып жатқан әділетсіздіктерге өте қас еді. Cөйлеген сөздері бір басқа, істері бір басқа имамдарға ашуы келетін. Қоғамдағы кейбір әрекеттер жанын күйдіретін. Ол соған күйінетін. Солай күйінгеннен ашумен Құдай жоқ деп бір-екі рет жаз­ған шығар. Ал негізі ол халықтың мұң-мұқтажын жоқтаушы нағыз ұлтшыл азамат болды», – дейді Е.Рақышев.

 

Діни басқарма өкілі не дейді?

 

Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының жаназа шығарылуына қарсы болғаны рас па? Бірнеше күннен бері көпшілік көкейінде жүрген сұрақты біз осы басқарма имамы Мырзахмет Жүзейге қойдық.

 

«Мен ол кісінің асына бардым. Сәл кешігіп қалыппын. Асты ерте беріп жіберді ғой, содан жұрт тарап жатқан кезде барып, соңғы құранға қатыстық. Дәмханадан шығып, үйіне барып, онда кешкі 7-ге дейін әңгіме болды, құран оқып отырдық.

 

Алматыда, бір қалада тұрғандықтан не айқай-шу болып жатыр, білейін дегенмін. Өйткені әлеуметтік желі шулап кетті ғой. Сондықтан көзбе-көз сөйлесіп, барлығын өз ауыздарынан естиін дедім. 

 

Бұл шаңырақпен мен сол күні таныс­тым. Қарапайым кісілер екен. Үлкен әулет көрінеді. Әпкесі болды. Екі інісі, екі қарындасы бар. Өзі үйінің екінші перзенті екен. Құранға  ағайын-туыстарынан бө­лек, группаластары, кластастары да қатыс­ты. 

 

 Қызы мен күйеу баласы намаз оқиды. Өзі де әйеліне: «Бір Құдайдың барына сенемін ғой», – деп айтып отырады екен. Айыбы намаз оқып үлгермеді демесек, Құдайға сенетін, жаны қарапайым азамат. Тек кешегі бес баланың қазасынан кейін қатты күйінгенде интернетте «Құдай қайда қарап отыр?!» – деп жазып жіберген ғой. Сол жазбаны алып, адамдар ушықтырып жіберген.

 

Бұл қаза оларға ауыр тиді. Нағашыбай ағаның шешесі ауырып жатыр екен. Ақтөбе облысының адамдары ғой. Анасы сол жақта, ауылда тұрады. Сексеннен асып қалған кісі, хал үстінде жатыр дейді. Олар апа әне-міне кетіп қалады деп жүргенде осылай болған. Апаға ауыр тиеді деп естіртпепті.

 

Жұрттың көңіліндегі сұрақ менде де болды. Себебін сұрадым. Әулеттің үлкені – ағайынды ағасы бар, сол кісінің шешімі екен. Бесін намазына қалмайық деген көрінеді. Бір жағынан қайғы-қазаның үстінде көп сұрақ қою әбестік болар еді. Сондықтан басқа ешнәрсе сұрай алмадым.

 

Мен ғылыми жұмыспен айналысып жатырмын. Пәтуа беру мәселесіне мен араласпаймын. Сондықтан басқа еш­қандай пікір білдіре алмаймын. Білетінім – екі інісі болды, шариғатпен жуындырып, шариғатпен кебіндеп, есік алдында намаз оқылды деді. Екі кіші бауыры жерге қойған. Бәрі шариғатқа сай жасалды деп айтты», – дейді Мырзахмет Аманқұлұлы.

 

...Иә, Нағашыбай Есмырза талайдың қытығына тие қыңыр сөйлейтін. Бұл оның жігері жасыған жанның намысын қайрайтын тәсілі секілді еді. Көзі тірісінде оғаш пікір, өзге көзқарасымен жұртты шулатып жүретін әлеуметтік желі белсен­дісінің қазасы да осылай шулы болды. Оның мінезі мен ұстанымын түсіне алмай кеткен көпшілік уақытынан ерте шық­қан жаназасының сырын да ұға алмай қалды. Бір ауыз сөзінің өзі пікір қайшылығын тудырып, қып-қызыл айтысқа айналатын азаматтың қазасы да айтыс-тартыс туғызғаны рас.

 

Ол алпыс жасқа қараған шағында өмірден өтті...

 

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ