Әйелдер Әбдірахымовқа тағы да жолыға алмады

19.03.2019
Қаралды: 119

Шымкент қаласының көпбалалы аналары 12-наурыз күні тағы да жиналды. Олардың наразылық білдіруіне себеп  болған жайт – мемлекет тарапынан бала басына беріледі деген 20 мың 789 теңге жәрдемақы мәселесі. Тәуке хан даңғылы бойындағы әкімдік ғимаратының алдына жиналған әйелдер әкімнің келуін және осы жайтқа қатысты барлық сұрақтарға жауап беруін талап етті. Ал аналардың арызын тыңдауға әкімнің орынбасары Гүлжан Құрманбекова келді.

 

Датын айтам деп жиналғандардың қатарында Нағима Өтенова да бар. Ол  – 4 баланың анасы, оның біреуінің мүмкіндігі шектеулі. Аналар наразылығының себебін білмек ниетте оны сөзге тарттық.    

 

«Бізді толғандырып жатқан – өкімет береді деген 20 мың 789 теңге жәрдемақы. Ол туралы бізге дұрыс мағлұмат бермей, түрлі-түрлі етіп бұрмалап жатыр. Біз жинал­ған жерге әкімнің, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлерінің келуін талап еттік. Аналар ашын­ғаны сондай, Тәуке хан көшесінің бойындағы жолды жабамыз деді. Жан-жақтан журналистер мен полиция қызметкерлері келді. Бізді ғимарат ішіндегі «Адалдық алаңына» кіруге көндірді. Содан соң Шымкент пен қаланың төрт ауданы әкімдерінің орынбасарлары, қалалық жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар бөлімінің адамдары келіп, сұрақтарымызға жауап беруге тырысты. Бірақ нақты ештеңе айтқан жоқ. Тек жоғарыдан бұйрық келмегенін, аналардың әлеу­меттік карталары жасалынып жатқанын, жұ­мыс­тар істелініп жатқанын түсіндірді.

 

Өзімнің мүгедек қызым бар. Оны тасып жүрген ескі көлігім бар еді, оны да «арестке» алып қойған. Себебі банкте өтелмеген несием бар. Кәсіп ашамын деп банкке үйімді кепілдікке қойып, несие алған едім. Мұны мен мұқтаждықтан, жетіспеушіліктен жасадым. Бірақ жұмысым дұрыс жүрмеді де, аяғы банкрот болдым. Қазір банкке 5 жарым миллион теңге берешегім бар. Оны төлеуге менің жағдайым жоқ. Сот орындаушылар наурыз айының соңына дейін үйді босатуымды талап етіп отыр. Мүгедек қызыма берілетін 31 мың теңге жәрдемақыны қайда жеткіземін?» – дейді Нағима.

 

Ашынған аналар көшін бас­тап жүрген көп балалы аналардың бірі Кәрима Хайдарбекова да өз ойын жеткізді.

 

«Кеше қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне әйелдер барып, жәрдемақы жайлы сұрапты. Ондағылар: «Қаласаң ай сайын немесе үш ай сайын, қаласаң, алты ай сайын бе­реміз», – дегенді айтыпты. Елбасының тапсырмасы бо­йынша ай сайын берілуі керек емес пе еді? Ал біздің Шым­кенттегілер оны бұрынғы «Өр­леу», қазіргі атаулы әлеуметтік көмек түріне қосып қойды. Ал оны біреу алады, біреу алмайды. Неге өйтеді, ай сайын деді ме, ай сайын берсін. Назарбаевтың бұйрығы әлі күнге дейін келмегеніне біз сенбейміз. Айтылған соң дұрыс­тап бермей ме? Біз мемлекеттің жағдайына қарап жатырмыз ғой. Шетелдіктер сияқты миллиондап сұрап жатқан жоқпыз. Осыған да қанағат деп отырмыз. Шындап келгенде 21 мың теңге де жетпейді. Қазақстанда бас көтеріп, сөзімізді тыңдаған бір ер басшы болмады ғой.

 

Ешкім бізге тумаңдар деп айта алмайды. Себебі халық санын көбейту керек. Туыңдар деді ме, жағдай жасасын. Ажырасу не үшін көбейіп кетті? Бәрі осы жетіспеушіліктің кесірі. Қазір еркектерде де тұрақты жұмыс пен табыс жоқ», – деді ол тілшілерге берген сұхбатында.  

 

Сонда аналарымыз осылай шыр-пыры шығып, табанынан тозып қашанғы жүрмек?

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ