Серікжан Біләшұлы не үшін қамалды?

19.03.2019
Қаралды: 301

Қытайда қысым көріп, қиын жағдайға тап болған қандастарымыз бен олардың отбасы мүшелерінің құқын қорғап, көмек көрсетіп жүрген «Атажұрт еріктілері» ұйымын Қазақстан жұртшылығы жақсы біледі. Міне, осы ұйымның жетекшісі Серікжан Біләшұлын 10-наурыз күні полицейлер Алматыдағы қонақүйде жатқан жерінен түн ішінде тұтқындап, Астанаға алып кетті.

 

Оны бір күн уақытша оқшаулау абақтысында ұстады, сосын екі айға «үй қамағына» жіберді. Құзырлы орындар оның не үшін ұсталғаны жөнінде  бірден айтқан жоқ, кейіннен «ұлт араздығын қоздырды, жиһадқа шақырды» деген күдік келтіріліп отырғаны  туралы мәлімдеді.

 

Ал С.Біләшұлы оқиғасына орай «Атажұрт еріктілері» ұйымының өкілдері «дөңгелек үстел» өткізіп, оны «Ютуб»  арнасында жариялаған болатын. Ол кейін барлық әлеуметтік желілерде жаппай таралды. Міллетхан Айтқалиұлы, Қайрат Байтолла және Ербол Дәулетбекұлы өз пікірлерін ортаға салған бұл бас қосуда мынадай жайлар айтылды.

 

Міллетхан Айтқалиұлы: – Әлеуметтік желіде  Серікжан Біләшұлын Алматыдан Астанаға әкеліп, одан қамап қойып, одан «үй қамағына» шығарғаны туралы біраз жұрттың сұрақтары мен ол туралы тұспалдары жүр екен. Сол туралы айта кетсеңіз, сіз, Қайреке! Бұл өзі қашан, қалай басталып еді?

 

Қайрат Байтолла: 9-наурыз күні біз жұмыста отырған кезде белгісіз бір адамдар «Атажұрт» офисіне қайта-қайта кір­гіш­теп жүр дегеннен кейін жігіттер оларды тауып, суретке түсірген екен. Полиция шақырдық. Жігіттер ішіндегі біреуін сырттан ұстап берді.

 

Сол күні біз кейбір нәрселерден кү­мән­дандық та, Серікжан үйіне бармай-ақ қойсыншы деп ойладық. Жігіттер Алматыдағы «Рахат Паластан» екі күнге нөмір жалдаған. Дәл сол жерге түнде полицейлер басып кіріп, Серікжанды Ас­танаға алып кеткен. Жағдайды ерте­ңіне естіп, біз келдік. 8-қабаттағы 818-бөлме екен, іші, едені – бәрі қан. Орамалда қан дақтары бар, есіктің күршегінің бәрі сынған.

 

Міллетхан Айтқалиұлы:  Әлеумет­тік желіде таралған хабарға қарағанда, түнгі сағат 2-де, не телефонмен хабарламаған немесе есікті қағып, өздерінің по­лицей екенін айтпаған. Есіктен күшпен, ішіндегі қауіпсіздік шынжырын үзіп кір­ген...

 

Қайрат Байтолла: Енді... Серік­жанды полицияға шақырса да барады ғой. Ол жұмысқа келіп-кетіп жүр, үйіне барып жүр. Бірақ түнгі сағат 2-де  барымталап кету деген – былайша айт­қанда, барымта. Біздің адвокат Айман Омарованың өткенде тілшілерге берген сұхбатында да және Еуропаның, Түркия­ның әлеуметтік желілерінің барлығында да бұл нәрсе ешқандай құзырлы органдардың тәртібіне жатпайтын, барымта деп отыр.

 

Міллетхан Айтқалиұлы: Ұлттық арнаның «Басты тақырып» бағдарламасында бұл мәселені бір заңгер кісімен талқылап, сұрақ қояды. Серікжанның бір видеосынан «жиһад» деген сөзді айтқан жерін қиып алып көрсетіп, талқылау жа­сайды. Ұлттық арна не үшін олай істеді екен? Әлеуметтік желілерді қарасаң, ол туралы жұрттың білдірген пікірлері  бір­неше жүзден асып кетіпті. «Оның толық нұс­қасы былай...» деп елдің өзі әлеу­мет­тік желіде айтып жатыр.

 

Ербол Дәулетбекұлы: Ұлттық арна­ның «Бүгінгі тақырып» бағдарламасын көріп шықтық. Бұл арнаулы тапсырыспен жасалған бағдарлама екені бесенеден-белгілі болып отыр. Өйткені Серік­жанға тағылған кінә 174-баптың 2-тармағы – «ұлт араздығын тудыру», «жиһад­қа шақыру» дейді. Сол жерде  Серікжан­ның «жиһад» деген сөзін видеодан қиып алып көрсеткен. Бізде ол видеоның то­лық нұсқасы бар. Онда Серікжан «ақпа­рат­тық жиһад жасау керек» деген. Ұлттық арна қиып алып, Серікжанды жаман көрсету үшін осындай қадамға барып отыр.

 

Қайрат Байтолла: Серікжанның Қытайдан зорлық көріп, жапа шегіп отырған қазақтарды құтқару жөніндегі «Ата­жұрт еріктілері» ұйымын құрып, соған басшылық етіп, көп­теген жұмыстар атқарып отырғанын бүкіл қазақ халқы және Еуропаның, Американың адам құқығын қорғау ұйымдары – барлығы біледі. Жылап-сықтағандар бізге келіп арыздарын айтуда, сонымен бірге «Атажұрт еріктілері» қа­йырымдылық көмегімен талай адамды бағып отыр. Міне, осының бәрін біле тұра солардың бірін телеарнаға шығарып, көрсетті ме? Ұлттық арна Қытайдағы жағдай қиын болып жатыр екен, мына жігіттер еріктілер боп топтасып жұртқа кө­мектесіп жатыр екен, осыны біз көр­сетейік деп оны көр­сетті ме? Көрсеткен жоқ. Керісінше, Серік­­жанның сөйлеген сөзін қиып алып, сол жерін қолданған. «Жиһад» деген – қолыңа қару алып соғыс деген мағына бермейді. «Жиһад» сөзі бар көптеген терминдерді біз де сараптап отырмыз. «Ақпараттық жиһад» деген сөз бар ғой бұл жерде. Сондықтан біз бұл арнаның қай бағытта жұмыс істеп жатқанына түсінбей отырмыз.

 

Ербол Дәулетбекұлы: Журналистік тәртіп бойынша Ұлттық арна халыққа жұмыс жасағысы келсе, мына ішкі істер тарапының жасап отырған заңсыздығын сөгу ретінде, Серікжанды түн жарымында қарулы күшпен барып барымталап алып кеткенін халыққа үрей туғызды деп сынаса керек еді. Біз де халықпыз, қарапайым адамбыз, содан кейін бізде де үрей болды. Бұлар кез келген адамды ұстап әкете бере ме? Серікжанға звондаса, Астанаға кел десе, келер еді ғой.

 

Бұл іс дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деп отырған Қазақстанның абыройын түсірді. Қалай кіреді? Кез келген адамды ұстай берсе, қамағысы келсе қамап, соттағысы келсе соттай берсе, бұл Қазақстанның халықаралық деңгей­дегі беделін түсіреді, халықтың алдында сені­мін кетіреді, Елбасының абыро­йын түсі­реді. Қазақ халқы елі үшін қызмет етіп жүрген бір ұлын қорғап қала алмады деп тарих алдында қарабет болып қалады.

 

Жер бетінде қазақ үшін адал қызмет етіп жүрген екі адам болса, соның бірі – Серікжан, жалғыз болса, ол – Серікжан. Серікжанның жылап жүріп, зар­лап жүріп істеген жұмысын бүкіл ха­лық көріп отыр. Бұрынғы заман емес қа­зір, видеоны бар адам көреді, түсінеді. Дені сау, көзі көретін, құлағы еститін адамның бәрі біледі деп ойлаймын.

 

Қайрат Байтолла: 10-наурызда бол­­ған жағдайдан бері ешкім ештеңе демеді, ешкім шығып сөйлеген жоқ. Не үшін ұстағандары туралы түсінік бермей отыр. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мырза мұның барымта екенін білмей отыр ма? Бүкіл әлем шулап жатыр, Еуропа, Америка шулап жатыр, Түркияның ақпарат құралдары шулап жатыр, біз көріп отырмыз.

 

Серікжан Біләшұлы қылмыскер емес, күдікті ретінде ұсталып отыр. Күдікті адамның есігін теуіп кірсе, мәселен, онда жүрек ауруы болуы мүмкін, қан қысымы жоғары болуы мүмкін, сол жерде өліп кетсе кім жауап береді? Бұл – мем­лекеттік дәрежеде ойланатын нәрсе.

 

Міллетхан Айтқалиұлы: Танымал саясаттанушы Әзімбай Ғалиға Алматы қаласының полицейі неге Серікжанға қарсы пікір айт деген? Әуелі олар тіпті оны қамағысы келетінін айтыпты...

 

Ербол Дәулетбекұлы: Бұл болған оқиғадан бұрынғы әңгіме. Алматылық құқық қорғаушылар, яғни ішкі істер департаментінің өкілдері Әзімбай Ғалиға Серікжанды қамағымыз келеді деп айтып отыр. Әзімбай Ғали – көшеде жүрген кездейсоқ бір адам емес, білдей саясаттанушы, Қазақ Ұлттық университетінің профессоры. Осы кісінің өзін он сағат ұстап, Серікжанды жаманда, үстінен пікір айт, жаз деген. Ол кісі он сағат ұстағанда да жазбаған.

 

Қайрат Байтолла: Жазып бер­генмін дейді. «Айтқаным мен жазғандары ұқсамайды, қайта-қайта өзгертіп отырдық», – деп айтқаны бар арасында.

 

Міллетхан Айтқалиұлы: Сонда ай­наласы 3 күннен бері... сондай бір жос­парлы нәрсе сияқты. Бұл кімге керек?

 

Қайрат Байтолла: «Атажұрт еріктілерінің» Қытайдағы зар жылаған 3 миллион қазақты құтқару үшін жұмыс істеп жатқанын халық біледі. Әлеуметтік желілерден видеосын, қайырымдылық жұмыстарын түгел көріп отыр. Осыны көріп отырып, соны тоқтатқысы келе ме...

 

Міллетхан Айтқалиұлы: Зарлаған-жылағандарға көмек көрсетіп отыр­ған, жоғарыға арыз жазуды үйретіп отырған адамды тоқтату кімге керек?

 

Қайрат Байтолла: Серікжанды алып кеткен күннің ертеңіне офиске барып, ішіндегінің барлығын әкеткен. Компьютер бар, ішінде туыстары Қытайда жазықсыз ұсталған, сотталып кеткен қа­зақ­тардың арыздары бар. Басқа ештеңе жоқ. Соның бәрін әкеткен, қазірге дейін бермей отыр.

 

Ербол Дәулетбекұлы: Олар «Ата­жұрт еріктілерін» айыптап отырған жоқ, Серікжан Біләшұлының жеке басына айып таға отырып, офисті тінтіп, бізге арыз­данғандардың арыздарын әкетіп отыр. Арасында кейбір азаматтардың же­ке құжаттары да кетіп қалған.

 

Қайрат Байтолла: Серікжан Біләшұлының жұмыс тактикасы – қашанда адамдарға көмектесу. Қазақстан Республикасының заңы шеңберінде арыз жа­замын дегендерге арыз жазуды үйре­тіп, Қытайдағы туған-туыстарын қалай құтқару туралы үйретті, Елбасының сая­сатын насихаттады. Серікжанның лекция­ларынан Елбасының, мемлекеттің саясатына қарсы  бір ауыз сөз таппайсыз. Бірлікке шақырған, халқын, ұлтын, мем­лекетін, Қазақ елін сүйетін азамат.

 

Ербол Дәулетбекұлы: Қазақстанның тәуелсіз болып тұруы кімге керек? Ол қазақ халқына керек. Тәуелсіздікті ұстап тұру үшін қазаққа бірлік керек, сана, сәуле керек. Осы үшін еңбек сіңіріп жүрген Серікжан Біләшұлын аяқ астынан барымталау – қазаққа, мемлекет тәуел­сіз­дігіне жасалған қастандық.

 

Міллетхан Айтқалиұлы: Қайта мемлекеттің тұтастығы, ұлттың тұтастығы үшін, ұлтаралық және дінаралық қақтығыс болмас үшін мыңдаған лекция оқыды. Бүкіл елге танымал, тіпті халықаралық ортаға танылған адамды осылай аяқ астынан ұстауы халыққа үрей тудырды. Ол не үшін керек, ол туралы түсіндіріп айтқан жоқ хабарда...

 

Қайрат Байтолла: Серікжан   қазақ халқына, Қазақ мемлекетіне және бүкіл әлем халқына, Еуропаға, Америкаға өзі­нің жоғары деңгейдегі саясаткер екенін та­ныта білді. Қазақ мемлекетіне Серік­жандай білімді адам керек. Оны қорғау керек еді, ондай бі­лімді адамды өкімет істе пайдалануы керек.

 

Ербол Дәулетбекұлы: Біз мәңгілік ел  құрамыз дейді екенбіз, мынадай адамдардың берекесін кетіретін, Елбасының абыройын түсіретін, мемлекеттің халықаралық беделін түсіретін әрекет жасағандарды шұғыл арада тауып, бір­жақты ету керек. Мұны кім істетіп отыр, бұл кімге не үшін керек, бұл ашық түрде Ел­басының беделін түсіру үшін істеліп отыр ма, Қазақ елінің халықаралық дең­гейдегі беделін түсіру үшін істеліп отыр ма, жоқ қазақ халқына қара күйе жаққысы келіп істеліп отыр ма  деген сияқты.

 

Серікжан – бүкіл қазақтың мүддесін қорғайтын, Қытайдағы зар илеген, құқығы тапталып отырған 3 миллион қазақтың мұң-зарын бүкіл әлемге танытып отыр­ған азамат. Осы арқылы халықаралық ұйымдардан көмек сұрап, мына жас мемлекетті алпауыт елге қарсы қоймайық деп, қазаққа, Қазақстанға демеуші бола ма деп сырттың ұйымдарынан көмек сұрап отыр. Мықты, демократиялық елдерден, әлемде өзіндік орны бар елдерден Қазақстанға көмек болсын деп сұрап отыр. Қазақстан үшін, қазақ үшін өте маңызды жұмыс бұл.

 

Серікжан алғашында бүкіл қаржыны өз қалтасынан шығарды. Оның тасып бара жатқан байлығы жоқ. Ол да қарапайым саудагер, сонымен жан бағып жүрген адам. Қазір 7 отбасыны асырап отыр. Алғашында жылап келгендерге қаржыны өз қалтасынан шығарып жүрді. Кейін халық оянды, істеп жүргендерің оңай шаруа емес екен деп 5 мың, 10 мың теңгеден берді. Сосын офис алды, осы жерде арыздарыңды жазыңдар, осы жерде жұмыс істеңдер деп. Қазір 50-60 отбасы тікелей «Атажұрттың» қамқорлығымен өмір сүріп жатыр. Осы қамқорлық үзілсе, олардың қалай болатынын білмейміз.

 

Мемлекеттің басын ауыртпай, зарлатып-жылатып әкімшілікке жібермей, анадан 5 мың, мынадан 50 мың теңге жинап жүріп, 500 мың теңге жинасаң, оны бөліп бересің. 6-наурыз күні қайырымдылық шарасын өткіздік. Жиналған 600 мың теңгені, түскен азық-түлік пен киім-кешекті 30 отбасыға бөліп бердік. Олар алғысын айтып кетті. Ары қарай сол 50-60 жанұя қалай өмір сүреді? Енді оны мемлекет қарауы керек.

 

Қайрат Байтолла: Батыс ақпараттарына сүйенсек, саяси үйрену лагерь­лерінде 3 миллион ұйғыр, 500 мың қазақ, 50 мың қырғыз отыр деп айтады. Халық­аралық құқық қорғау ұйымдарына атажұрттықтар  бес тілде арыз жолдап отырды. Сонымен қатар еліміздің Сыртқы істер министрлігіне де, Президент аппаратына да, «Нұр Отанға» да жіберіп жатты. Соның арқасында бірталайы түрмеден шықты. Осындай үлкен жұмыстар атқарылып жатқан кезде «Атажұрт ерік­тілерінің» есігін жауып тастау дегенді аса түсініңкіремедік. Ал енді бүгін Қытайға арыздана алмай отырған адамдар қайда барады, кімге барады?

 

Серікжан Біләшұлының маңайындағы мә­се­лелер адамдарға үрей туғызып отыр. Бірі  – барымта мәселесі, екіншісі – Ұлттық арнадағы «Басты тақырып» бағдарламасының Серікжанға байланысты нәрсе­лерді қиып көрсетуі, үшіншісі – Әзімбай Ғали ағамызға «Серікжан Біләш­тің үсті­нен компромат айт» деген қысым жаса­уы. Осының бәрі қоғамда құқық қорғау органдары мен бұқаралық ақпарат құ­рал­дарына деген сенімсіздік тудырып отыр.

 

Міллетхан Айтқалиұлы: Халыққа енді арыздарыңды жалғастыра беріңдер, үрейленбеңдер деп айта беруіміз керек. Халыққа айтарларыңыз болса, айтыңыздар.

 

Ербол Дәулетбекұлы: Қытайда қаншама қандастарымыздың құқықтары тапталып, зар илеуде. Қытай билігі халық­аралық заңдарды белшесінен баса отырып, геноцидтік саясат жүргізіп жатыр. Оны біз ғана айтып отырған жоқпыз, бүкіл әлемнің ақпараты жариялап отыр. Ол жақта қаншама ет бауыр туыстарымыз жатыр, сондықтан арызды тоқтатпаймыз. Алдағы уақытта түсініс­пеушіліктер ше­шіліп, кеңсеміз қайта ашылып, жұмысты жалғастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Қалғанын уақыт көрсетеді. Халық өзі де арыз жазуды тоқтатпауы керек. Серікжан мәселесінде де халықты митингке, бейбіт шеруге, наразылыққа шақырмаймыз. Серікжанды қолдағысы келген және оның құ­қығының тапталуын қолдамайтын адам­дар Елбасыдан, халықаралық ұйымдардан көмек сұрап, видеоарыз бе­рулеріне болады. Бірақ топтасып ере­уілге, шеруге шығуға болмайды. Біз оған қарсымыз.

 

Қайрат Байтолла: Енді адвокат Айман Омаровамен бірлесе отырып, Серік­жанның толық ақталып шығуына атсалысамыз. Ербол айтқандай, ешкімді митингке шақырмаймыз. Халық арызын бере беруі керек. Біз оны қабылдаймыз. Жалпы, «Атажұрт еріктілері» бұрын қалай жұмыс істеген болса, солай жалғастыра береміз.

 

Ықшамдап дайындаған – Д. НҰРПЕЙІС.

 

 

P.S. Кешегі аптада қоғамда ең көп талқыланған мәселе осы – «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшұлының қамауға алынуы болды. Ол көптеген шетелдік ақпарат құралдарында да жарияланды. Мысалы, «Вашингтон пост», «Форейшн полиси», «Телеграф», «Евронет», «Дипломат» сияқты ақпарат құралдары бұл жөнінде жазып, сараптап-талдап, өзіндік пікірлерін білдірді. Қысқасы, бұл халықаралық деңгейде талқыланған даулы оқиға болды.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ