Шекара бері қарай жылжыған ба?

19.03.2019
Қаралды: 214

Жетісай ауданына қарасты Қоғалы ауылы Өзбекстанмен шекара түбінде орналасқан. Өткен жылы осы ауыл тұрғындары Өзбекстан шекарасын бері қарай жылжытып жатыр деп бір шулап басылған болатын. Алайда жұрт тынышталғанмен мәселе түбегейлі ше­шімін тауып кетпеген секілді. Бізге бұл жөнінде таяу арада сол ауылға барып қайтқан мақтааралдық Нұржамал Реметова айтып берді.

 

«Жеке жұмыстармен Қоғалыдағы әпкемнің үйіне барған едім, – дейді Н.Реметова. – Жолда такси жүргізушісімен, сосын ауылдың бірнеше тұрғынымен сұхбаттас болдым. Солардан Өзбекстанмен арадағы бейтарап аумақта жатқан «сброс» пен көпірдің Өзбекстанға өтіп кеткені туралы естідім. Кешегі күндерге дейін оның арғы жағы Өзбекстанға, бергі беті Қазақстанға қарайтын.

 

Осыдан 9 жыл бұрын әпкемнің 9-сыныпты бітірген баласы достарымен «сбросқа» барып шомылғанда осы «нейтральный» жерден 8 баланы Өзбекстан шекарашылары ұстап алып кеткен оқиғасы болған еді. Балаларды біздің шекарашылар байқамай қал­ған ғой, ал олар бейтарап жер деп суға шомылуға барған екен. Сол кезде арғы беттегі өзбек шекарашылары оларды автоматпен қорқытып, бейтарап аумақтан өздеріне өткізіп алған. Сосын оларды Гагарин қаласына апарып, қамап қойған еді. Сонда бір шу шығып, балаларды бір күннен кейін босатып алған болатын. Осы оқиға үшін кімге қандай шара қолданылғаны белгісіз күйде қалған.

 

Яғни мен әлгі егін суғаруға арналған, ша­йынды су жіберілетін арық пен оған жақын жердегі көпірдің бейтарап аумаққа жататынын білетін едім. Ауыл тұрғындарынан естіген әңгімеден соң бұл қалай болғаны деп таң­қалдым. Әпкемнің үй жағынан қарағанда ол аумақтардың енді Өзбекстанға тиесілі болып қалғанын көрдім. Ол жақта үлкен жүк көліктері жүр, жол салынып жатыр. Су қашыртқысы да, көпір де сол жақта қалыпты. Жұрт шекараның 160 метрдей бері қарай жылжығанын айтады. «Өзбекстандықтарға көпір арқылы өтіп, өзара қатынасуға сол тұс ыңғайлы екен», – дейді білетіндер.

 

Сөйтіп өзбекстандықтар өз мүддесі үшін әрекеттеніп, бұрынғы бейтарап жатқан жерді қосып алыпты. Сонда біздегілерге бәрібір бол­ғаны ма?»

 

Н.Реметова өзін толғандырған жай туралы осылай дейді. Бұл туралы мәселе көтер­генін, соған орай өзіне Жетісай ауданы әкім­дігінен жауап келгенін айтады.

 

«Айтуларынша, 2017-жылы үкіметаралық келісім жасалыпты. «Сброс» пен көпірдің Өзбекстанға берілуі соның нәтижесінде орын алған көрінеді, – дейді Н.Реметова бұл жөнінде. – Сонда қалай болғаны? Прези­денттің 2016-жылғы жер сатылмасын деп жариялаған мораторийі сонда қайда қалды?

 

Шекара сызығы тартылған кезде сол жерде жүрген сарбаздармен сөйлескенбіз. «Сброс» пен көпір бейтарап аумақта еді. Бүгінде Өзбекстан жағының адамдары бері қарай еркін өтіп, жол салып жатыр».

 

Н.Реметова осы мәселе бойынша бірер адамдарды сөзге тартып көрген екен, олар мандытып ештеңе айта алмапты.

 

«Бұрын ауылдың проблемаларын көтеріп жүретін бір белсенді кісі бар еді. Бұл істің жай-жапсарын сұрасам: «Оны менен сұрама», – деп қашып құтылғандай болды. Неден қорқатынын білмедім. Естуімше, өткен жылы ауыл тұрғындары жерімізден айырылып отырмыз деп шулағанда басшылар  бас­қа жақтан жер береміз деп тыныштандырған екен. Яғни ауылдан көшіп кеткендердің жерін бөліп беруге уәде етіпті. Жұртты тыныштандырып отырған сол жағдай болса керек. Негізі  тұрғындар бұған наразы, бірақ оны ашып айтудан аяқ тартып қалған сияқты. Басшылар: «Абай жақта Өзбекстанның біраз жері бізге өтіп кеткен екен, мына жерді соның өтеуіне бердік», – деген уәж айтқан көрінеді. Ол Сарыағаш жақта ма, әлде біздің Жамбыл ауыл әкімдігіне қарасты Абай ауылы маңында ма – ол жағын білмедім. Қысқасы, шекара бойында жұрт түсінбейтін осындай жағдайлар болып жатыр», – дейді Н.Реметова.

 

Анығын айтқанда, ол кісіні Өзбекстан жағының белсенділігі, біздің жақтың алаңсыздығы ойландырып отыр. Аталған ауыл тұрғындары да әрі-сәрі күйде сияқты. Ендеше жұрт ұғынып, көңілі орнына түсуі үшін ондағы мә­селенің жай-жапсарын ресми түрде айтып, халықты құлақтандырған дұрыс емес пе? Осын­дай немқұрайдылықтың кесірінен жұрт арасында  жайсыз сөздер таралып, сенімсіздік арта түсетіні рас қой. «Бейтарап жатқан жерді Өзбекстан мынадай келісім негізінде иеленді» деген тұрғыда айтып, түсіндірсе болды емес пе? Мемлекет мүддесі қарапайым халықты ойландырғанда бұған жауапты құзырлы орындарды ойландырмайтын болғаны ма?

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ