Қазақстанды 2019-жылы не күтіп тұр?

18.03.2019
Қаралды: 1023

Таяуда әлеуметтік желіден Наталья Разумовская есімді көріпкел әйелдің  «Қазақстанды 2019-жылы не күтіп тұр?» деген тақырыпта биылғы жылға жасаған болжамдарына көзіміз түскен еді. Оны бастан-аяқ тыңдап көрдік. Сосын оқырман назарына ұсынуды ұйғардық.

 

Қазақстанды қызғылт періште жебейді

 

Наталья Разумовская болжам жасағанда «Мария Ленорман картасы» деп аталатын өзгеше картаны пайдаланады екен. Бейнежазбада ол осы картаны қолына ұстай отырып, былай дейді:

 

«Сіздерге уәде еткенімдей, бүгін Қазақстанға қатысты карта ашамын. Жалпы, мен Қазақстан туралы көп біле бермеймін. Білетінім – ел астанасы мен Президенті ғана. Сондықтан мен карта нені көрсетеді, соны ғана айтамын. Сіздер соған қарай кейін салыстырып көре аласыздар. Сосын менің жеке каналыма кіріп, өз пікіріңізді қалдыруларыңызға болады. Өйткені бұл маған да қызық».

 

Осылай деген Разумовская қолындағы карталарды араластырады. «Не­гізінен өзіме таныс істерде пал ашқанда карталар тез құралады. Қазір сәл күрделілеу болатын сияқты», – дейді сөз арасында. Бұл карталардың ерекшелігі – әрқайсысының өзіндік символдары болады екен.

 

«2019-жылға арналған жебеуші пе­ріш­телер картасын көрейік, – дейді Разумовская. – Қазақстанға жебеуші кім?.. Міне, алқызыл періште шықты. Бұл – махаббат белгісі. Яғни 2019-жылы Қазақстанда ғашық болатындар, отбасын құратындар, үйленуге, тұрмысқа шығуға ұмтылатындар қатары, сүйіспеншілік, өзара түсіністік артады. Мен осыған қарап отбасын құрыңдар, өмірге бала әкеліңдер деп айтар едім».

 

Қордаланған мәселе көп, алға жылжу жоқ

 

Осылай деген көріпкел «Жебеуші періштені» бөлек алып қояды. Сосын карталарды араластырып, оларды кезегімен үстел үстіне жаюды бастайды. Жалпы, карталардың әрқайсысының «Еркек», «Үй», «Күн», «Кілт», «Жоңышқа», «Жылан», «Ит» деген сияқты өзіне тән атаулары бар. Разумовская Қазақстанды «Еркек» символымен атайды. (Яғни 36 картаның әрбірінің өз баламасы болады, оған қоса олар жаймаға қалай түскеніне қарай да сипатталады екен).

 

«Ал Президентті Аю деп алайық. Өйткені ол үлкен адам ғой, Президент. Енді Еркек пен Аюға қарап жұмыс істейміз. Президент пен Қазақстан туралы, 2019-жылы қандай оқиғалар болатыны жайында айтамыз», – дейді Разумовская.

 

Оның айтуынша, карталарды араластырып, үстелге жайғанда «Еркек» белгі­сіндегісі тізбектің ең шетіне түсті. Ал бұл палға түсушінің басында қордаланған мә­селелер өте көп дегенді білдіреді екен.

 

«Проблемаларды шешу керек. Олар шешілмесе алға жылжу жоқ. Мәселелер уақыт өткізбей шешілсе, алға жылжу сонда болады. Олардың бәрін тез арада шешу керек», – дейді Разумовская.

 

Ал жайылған картада Аю Қазақстанның жолында жатыр, яғни екеуі бір-бірін төңіректеп түсіпті.

 

«Екеуінің байланысы мықты. Жанында Күн, Кілт жатыр. Яғни ол проблемаларды шешеді. Бірақ кей істерде терең ойлануы керек болады», – дейді сосын Разумовская.

 

Досы қасқа айналады

 

Бұдан әрі палшы жақын арада болуы мүмкін бір күрделі жайдың шетін шығарады. Ол Президентке қатысты болмақ екен.

 

«Алдағы екі айдың шамасында бір досы ойламаған жерден жауға айналады. Дау соңы ушығып, қарым-қатынасты үзуге дейін барады. Дегенмен мәселе біртіндеп бейбіт түрде шешіледі. Өйткені Президент қарсы жақтың бір құпиясын жақсы білетінін, оны жария етсе, жағдайды қиындатып отырғандардың өзіне қиын болатынын айтады», – деп жориды мұны Разумовская.

 

Ол Президенттің жанынан көп қағаздар, аяқ астынан «Конверт» көріп тұрғанын, бұл оның көп жұмыс істейтіндігін білдіретінін айтады.

 

Көрші елмен келіспеушілік туындайды

 

Бұдан кейін палшы картаға «Үй» түсіп тұрғанын білдіреді. «Қазақстанда баспанаға қатысты проблемалар көп. Үй көріп тұрмын. Үйлер аз әрі бағасы қымбат немесе олар қымбатқа салынады, жұрттың бәріне бірдей бұйыра бермейді. Баспаналы болу үшін қаржыны ұзақ жинау керек», – дейді ол.

 

Сосын Разумовская Қазақстан мен көрші мемлекет арасында проблема туындайтынын айтады. «Қазақстанға оның артқы жағында тұрған бір мемлекет бұрын жасалған келісімдер бойынша қиындықтар туғызады. «Мынаны бас­қаша түзейік» дегендей тұрғыда ұсыныс-талаптар болады, бірақ оған бұл жақ көнбейді, тіпті соғыспен қорқытуға дейін­гідей әрекет жасалады. Дегенмен қорықпаңыздар, бұл мәселе де бейбіт жолмен шешіледі», – дейді палшы бұған қатысты.

 

Осыдан кейін көріпкел картаға қарай отырып, Қазақстанда туу көрсеткіші тө­мендеп кеткенін көргенін айтады. «Кіш­кентай балалар көп емес. «Ақша жоқ» деген көп айтылады. Ата-аналар балаларына жағдай жасауға тырысады, бірақ мүмкіндіктер жоқ», – дейді көріпкел.

 

Шетелге қара жұмысқа кететіндер көп

 

Сондай-ақ Разумовская картаға Қа­зақ­станнан көп адамдардың жақын елдерге жұмыс іздеп баратыны, негізінен қара жұмыстарды істейтіні түсіп тұр де­ген­ді айтады. Қара жұмыс болғанда, қолмен істейтін жұмыстар. Айтуынша, картаға «Жоңышқа» түсіп тұр. Ал ол негізінен қолмен атқарылатын қара жұмысты біл­діреді екен.

 

Разумовская сондай-ақ Қазақстанда балалардың, жастардың білім алуында қиындықтар барын жеткізеді. «Білім алу, жоғары оқу орындарына түсу, дәрігер, адвокат сияқты мамандық алу жағы, оқу ақысын төлеу мәселесі күрделі. Картадан бала мен жанында анасы тұрғаны көрінеді. Анасы: «Ақшаны сені оқытуға жұмсаймын ба, жоқ әлде пәтер алуға жаратамын ба?» – деп ойланып тұрған сияқты», – дейді ол.

 

Көріпкел картаға биылғы жылы Қазақстанда кітап ашылатынын, тарихқа қа­тыс­ты өзгерістер орын алатыны түсіп тұр­ғанын жеткізеді. «Біз парасатты, таза, адал халықтың ұрпағымыз», «мына нәрсе дұрыс жазылмаған», «мынаны былай жазу керек», «тәртіпке келтіру керек» дегендей тұрғыда қандай да бір «тазарту», тарихты қайта жазу басталатын сияқты», – дейді ол.

 

Разумовская сондай-ақ картадан жұ­мысқа тұруға қатысты шетелге шығуға берілетін қандай да бір рұқсат қағаздың пара арқылы алынып жатқанын көріп отырғанын айтады.

 

Жаңа туған сәбилерге сертификат бере ме?

 

Разумовскаяның жоруынша, 2019-жылы ата-аналарды қатты қуантатын бір жаңалық бар. Айтуына қарағанда, осы жылдан жаңа туған нәрестеге үлкейген соң өз мақсатына пайдаланатын қандай да бір сертификат беріле бастайтын сияқты. «Бұл балалар – ел болашағы, олар мүлде жаңаша тәрбие алып, жаңаша өмір сүретін болады. Жалпы, отбасылық өмірге, отбасы құндылықтарына байланысты көптеген өзгерістер орын алады», – дейді ол.

 

Разумовская картадан Президенттің  шетелдерді аралап көп жүретінін көрмей отырғанын, оның негізінен телефон, интернет арқылы байланыста болатынын айтады.

 

«Байланысы мықты. Ол қандай да бір мәселелерді  өзгерткісі, ретке келтіргісі келеді. 2019-жылы жол айырығында тұр. Екінің бірін таңдауы керек. Біріншісі, мен бұл жерде «Мұнараны» көріп тұрмын, бұл – мемлекеттік деңгейдегі, салмақты қарым-қатынастар. Екінші жағы... мұны ойлану керек, онда «Жылан» жатыр, жайсыздықтар болуы мүмкін деп ойлайды. Дегенмен оның жанында «Күн» бар, жайсыздық күтілмейді.

 

Алайда алдағы екі-үш ай ішінде бір араздық, дау-дамай бар. Бірақ... біл­медім... Адамдарға не жетпейді?.. Оқу-үйренуге қатысты бірдеңе. Бұл қазақ тіліне байланысты болса керек. Бәрі де қазақ тілін білуі керек деген талап болатын сияқты. Президент осы оқу-үй­ренуді жолға қоюға тырысады. Қандай да бір «тазарту» болатын  сияқты», – дейді Разумовская.

 

Еркектер палға түспеді ме?

 

«Мен Қазақстанды аса бай ел демес едім, – дейді көріпкел одан әрі. – Қаржы аса көп емес.  Ал достары көп. Президент айтысып-тартыспайды, мәселелерді өз деңгейінде шешеді. Ол көп тыңдайды, бірақ өз жолымен жүреді.

 

Жалпы, Аю картада өте жақсы жатты, Күн, Кілт бар, махаббат та бар. Демек, оны сыйлайды. Ол – байсалды. Әке сияқты. Отбасындағы «жат», «тұр», «оқы», «істе» дейтін әке сияқты. Картаны қанша жайсам да ол «Еркектің» жолында жатыр. Бұл мемлекет пен оның тығыз байланыста екенін көрсетеді. Ол Қазақстанды қолында мығым ұстап тұр, бұл ұзаққа барады. Айтысып-тартыспайды, шешім қабылдайды, оны іске асырады. Табан тіреп, қасарысып тұрған жоқ, бірақ шешім жасауда ақырындап өз дегеніне қарай тартады».

 

Бұдан әрі Разумовская картадан көргендерін былайша жориды:

 

«Үй» көрінеді. 2019-жылы Қазақстанда денсаулық сақтау саласына көп ақша бөлінеді, құрылыстар салынады. Адамдар шетелге барып емделгісі келгенімен оларда бұған жеткілікті ақша жоқ.

 

Президент бұрынғы дәстүрлерді жал­ғастырамыз дейді. Мен әлдебір әйелдің, яғни «Ананың» пішінін, оның отбасы үшін ең маңызды адам екенін көріп тұрмын. Бәрі де әкенің емес, ананың жанына топтасқан. Отбасы, қаржы, тіл мәселесі болсын ана шешеді. Ол тіпті үйдің үкімет басы сияқты. Оның жанында бірінші баласы – үлкен ұлы мен кенже баласы тұр.

 

Ал еркектерді мен көріп тұрған жоқпын. Көлікпен бір жақтарға кетіп  қалған ба?.. Көлік жүргізуші куәлігін алу үшін қандай да бір үш сатыдан өтуі керек сияқты... Білмедім... Өз елдеріңіздегі жағдайға қарап жорып көріңіздер.

 

Қызмет етіп жүргендер көрінеді. Әскер шығар. Биік дуалдың арғы жағында, өздерімен-өздері. Оларға арзымайтын ақша төленетін сияқты.

 

Адамдар ақша табу үшін бір жақтар­ға кетіп жатқанға ұқсайды. Мен өз басым ондай жаққа бармас едім. Олар тынымсыз бірдеңелерді істеп жатқан, жағдайы шиеленіскен, ұрыс-төбелесі көп, тәртібі жоқ елдерге барады, ол көп ақша табатын да елдер емес».

 

Бұрынғы келісімдер мазаны алады

 

Осы жерге келгенде картаны «оқу» аяқталады. «Аса бір астаң-кестең жағдайды көріп тұрғаным жоқ. Тек бір ғана қауіп немесе қоқан-лоққы бар. Оны Президент бейбіт жолмен шешеді, ке­лісім болады», – дейді Разумовская.

 

Қысқасы, көріпкелдің жоруынша, биыл мемлекетте алға жылжу болмайды, уақыт өткен жылдардан қордаланып қалған мәселелерді шешуге жұмсалады. Алға жылжу өте күрделі болмақ. Себебі картаға «Еркектің» астында «Зәкір» (якорь, яғни кемені толқын лықсытып әкетпес үшін суға батырып қоятын ауыр зат) жат­қаны да түсіпті.

 

«Зәкірден кете алмайды. Бұл Қазақстанның алға жылжығысы келмейтіндіктен емес. Күзетте «Ит» жатыр, ол бәрінің де бұрынғы қалпында қалуын қалайды. «Қозғалып көр, қауып аламын» дейтін сияқты. Қазақстанды бұрын жасалған келісімдер байлап тұр. Алға жылжу мүм­кін емес», – дейді көріпкел бұған қатысты.

 

Жалпы, Н.Разумовская өзі ашқан палдың жоруын жақсы тілектермен аяқтаған. Ең бастысы – ел аман, жұрт тыныш, мәселелер биыл болмаса, 2020-жылдан бастап шешімін табады деген үміт білдірген.

 

«Ленорман картасы» деген қандай карта?

 

Наталья Разумовскаяны тыңдап бол­ғ­аннан кейін біз оның өзі туралы және «Ленорман картасы» жөнінде деректер қарастырып көрдік.

 

Көріпкел Наталья Разумовская – орта жастан асқан әйел. Ол  бүгінде Укра­инаның Запорожье қаласында тұрады екен. Ата-бабасынан көріпкелдер әуле­тінің ұрпағы деседі. Кезінде Ресей телеарнасынан берілетін «Битва экстрасенсов» бағдарламасына  қатысып, жақсы нәтижелер көрсеткен екен.

 

Н.Разумовская көпшілікке көріпкел­дігімен, экстрасенстік қасиеттерімен қа­тар, карта ашу шебері, астропсихолог, нумеролог ретінде де танылған көрінеді, «ақ магиямен» де айналысады екен. Яғни ол жеке адамдарға да қызмет көрсетеді, сонымен қатар мемлекеттерге де қатыс­ты болжамдар жасап тұрады. «Ютубта» өзінің жеке каналы бар.

 

Ал Разумовская өзінің жұмысында қолданатын «Ленорман картасы» дегенді ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен Мария Ленорман есімді француз көріпкелі жасаған екен. Кейін Эрна Друсбека деген голландиялық пал ашушы ол картаны толықтырып, жаңғыртыпты.

 

«Ленорман картасында» кәдімгідей 36 карта болады. Әр картаның «Аттылы адам» (9-дық түйе), «Жоңышқа» (6-лық қиық), «Кеме» (10-дық қарға), «Гүл шоғыры» (дама қарға), «Шалғы» (валет қиық), «Мұнара» (6-лық қарға) сияқты өзіндік символдары бар.

 

Пал ашуда бұл картаны қолданушы адам өзінің ішкі түйсігімен үйлесе, оған сене отырып болжам жасайды. Түскен карталардың белгісіне қарап сөйлейді әрі болжам жасау жеңілірек болуы үшін «Ленорманның құнды картасы» деп аталатын арнайы кітапты пайдаланады.

 

Яғни украиналық көріпкел Наталья Разумовская Қазақстанда биыл орын алуы мүмкін оқиғалар туралы пал аш­қанда осы аталған картаны қолданып отыр. Оның айтқандарының қайсысы айдай болып келерін алдағы уақыт көрсетер, анығын бір Құдай біледі ғой. Ең бастысы, еліміз тыныш болып, күрмеуі қиын мәселелер оңынан шешіліп жат­қанын бәріміз де қалаймыз емес пе?

 

Ал Н.Разумовскаяның Қазақстанға, сондай-ақ Ресейге, Украинаға, әлемге қатысты айтқан болжамдары ғаламторда толып жүр. Қызықсаңыз, көргіңіз келсе, оны табу түк те қиын емес.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ