Ішін емес, сыртын түзеп әуре боп жүр көп адам

18.03.2019
Қаралды: 198

Таяуда үйге інім келген. Жұма намаздан қалмай, тақия, шапан киіп, сақал қойып жүргеніне біраз болған. Өзі былай тұрсын, ұлдарын мешітке сүйрелеп, әйелі мен қыздарына хиджап кигізіп, тұмшалап тастаған.

 

Інім үйіне балаларымызбен бара қалсақ, оларды: «Лә илаһа илалла» деп айт», – деп қуалап, өзімізді: «Намаз оқып жүрсің ба?» – деп тергеуге алады. Айында-жылында сағынып төркініңе бара қалсаң, балаларын: «Намаз оқы!», «Құран кітабың қайда?», «Далада неге ойнап жүрсің?», «Теледидарды неге қосасың?» деп қуалап жүргенін көргенде көңіл шіркін құлазып қоя береді. Бірдеңе дейін десең, дінге қарсы шыққан кәпір секілді боп боласың.

 

Қанша дегенмен бауыр емес пе, үйге келгенде қуанып қарсы алдым. Шай үстінде амандық-сау­лықты қысқа-нұсқа сұрастық. Әрі қарай әңгіме өрбімеді. Ол өзінше тақуа, көп сөйлеуге, артық ішіп-жеуге болмайды. Алдына қойған астан бір-екі қасық ауыз тиді де қойды. Сонша жерден келгенде бір шай ішуге ғана уақыт бөліп: «Жұмаға үлгеруім керек», – деп асығыс кетіп қалды. Шай үстінде оған елден ерекшеленіп, сақал қойып, шапан кимей-ақ дінде жүруге болмай ма деп айтқым келген. Бата алмадым. Мен сөйле­гесін ол да сөйлеп, бекерге рен­жісіп қалармыз деп үндемей, іштен тындым.

 

Ол кеткесін сонау 2000-шы жылдардағы бір оқиға есіме түсті. Тұрмысқа шығып, енді бөпелі бол­ған кезім еді. Кішкентайлы болғасын соның жағдайына қарап төр­кінге келуді де азайтады екенсің. Ата-енең тұрмақ, әке-шешең де кішкентайыңды ауыртып аласың, желпілдеп жолға шыға берме деп ұрысады. Сонымен амал жоқ, бө­пеміздің бетіне қарап отырған ке­зі­міз еді. Жазға салым енем ата-анамды сағынып жүргенімді сезді ме, күйеуіме келінді төркініне апарып қайт деп тапсырма берді.

 

Бір жақсысы, күйеуім қайтып кететін де, мен ауылда қалып, туыс-тумаларды аралап, біраз күн қонақ боп сағынышым басылғасын қайтатынмын. Екі-үш күн үйде болғасын әпкемнің үйіне бардым. Шай ішіп отырып әпкемнің реңі кіріп, әдеміленіп кеткенін байқадым. Сөйтіп оның сырын сұрағанымда әпкем ешқандай косметика қолданбайтынын айтты. Бірақ беті жылтырап, жасарып кеткенін айтқанымда, ол: «Білмеймін, сен таңданатындай ештеңе істеп жүргенім жоқ. Бірақ намазға жығылғанмын. Бес уақыт дәрет алғанға реңіміз кірме­се», – деп күлді. «Білмеймін, бірақ әдемі боп кетіпсің», – дедім оның нұрланып кеткен жүзіне тамсана қарап.

 

Ертесіне әпкемнің үйіне құрбысы келіп қалды. Оның да жүзі нұр­ланып кетіпті. Қарасаң көз тоймайды. «Намазға жығылдыңыз ба?» – деп сұрадым. Ол: «Жасымыз қы­рыққа келіпті. Енді оқымағанда қай уақытта оқимыз? Құран аяттарын жастау кезімізде жаттап алмасақ, кейін есте сақтау қиын болады дейді ғой», – деді. Мен ол кісінің де әдемі болып кеткеніне қуандым. Намазға жығылдым дегенімен, сырт пішімінде анау айтқандай өзгеріс жоқ. Киімі де сол бұрынғыша. Көй­легінің жеңі қысқа екен, намаз уа­қытында қол сөмкесінен арнайы тігіп алған ұзын жеңді қолына киіп, намазын оқыды да, кейін оны шешіп, сөмкесіне салып қойды. Мен ол тәсіліне қарап күліп алдым.

 

Сол кезде де намазға жығыл­ған адамдар көп болды. Олардың ешқайсысы сыртын түзеп әуреге түскен жоқ. Бірақ маңдайларын шын жүректерімен сәждеге қойды ма екен, жүздерінен мейірім төгі­ліп, өңдері нұрланып сала беретін. Ал қазір жап-жас жігіттердің жалбырата қойған сақалдары мен кіп-кішкентай қыздардың тұмшаланып алып, айналасына тәкаппарлана, кейде өшіге қарайтын сұсты түр­лерін көріп жүрегің ұша қорқып кетесің. Әсілі, ислам діні сыртыңды емес, ішіңді түзеуге ден қоймай ма? Сосын мұсылмандық деген «сәләфит», «уахабит», «зікірші» болып топ-топқа бөліну емес, «адам­заттың бәрін бауырым деп сүю» емес пе еді? Ендеше, біз неге ашық күнде адасып жүрміз?

 

Г. СҰЛТАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ