Халқы – мемлекетін, мемлекеті – халқын қолдайтын ел

18.03.2019
Қаралды: 558

Таяуда Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеул қаласында қазақ өнерін тамашалауға арналған саяхат ұйымдастырылып, оны сол жақта оқып жүрген біздің студенттер де барып тамашалаған екен. Сеулдегі мұражайдан «Алтын адам» мен қазақтың ұлттық бұйымдарын тамашалаған жерлесіміз Ақниет Сембек (суретте) сондағы алған әсерін бізбен бөліскен еді.

 

Ұлттық киімімізге қызығатындар көп екен

 

«Негізі бұл «Қазақстан – Алтын адам бесігі» атты көрменің салтанатты ашылуы Сеулде былтыр, 2018-жылы 26-қарашада өтіпті, – деп бастады әңгімесін Ақниет. – «Алтын адамның» әлемді аралауға шыққанына біраз уақыт болыпты. Алдымен Белоруссия, Ресей, Әзірбайжан, Польша, Қытайда болып, кейін мұнда үш айға әкелінген екен.

 

Сеулде «Алтын адамның», ал Сувон қаласында қазақстандық сурет­шілердің көрмесі болып жатты.

 

Біз «Алтын адамды» тамашалауға көрменің соңғы күндерінің бірінде, 22-ақпанда бардық. Ондағы алған әсе­рімді тілмен айтып жеткізу қиын шығар. Себебі өз еліңнің ұлттық, мә­дени жәдігерлерін өзге елде жүріп, көріп тамашалаудың әсері бөлек болады екен. Кеудеңді бір мақтаныш сезімі кернейді. «Мен – қазақпын!» деп басыңды тік көтеріп, ерекше мақтаныш сезіммен айтқың келеді. Біздің ұлттық киімдеріміз бен әшекей бұйымдарды тамсана тамашалап жүрген өз­ге ұлт өкілдерін көргенде тамыры тереңде жатқан тарихымыз бен бай мұраларымыздың бағасына жете бер­мейді екенбіз ғой деп ойландым.

 

Сол күні мұражайдағы жәдігерлерді та­машалап жүрген қазақтардан біз ға­на едік, қалғаны кәрістер, өзге ұлт өкіл­­дері. Барлығы да тамсана тамашалап жүрді. Әсіресе, «Алтын адамның» айналасына жиылған жұрт көп еді».

 

Отанын «Біздің ел» деп атайды

 

Осыдан кейін біз Ақниеттен жалпы Оңтүстік Корея туралы көрген-білгенін сұрадық.

 

«Мен мұнда Тэджон қаласындағы Тэджон университетінде оқимын, – деді ол. – Келгеніме әлі бір жыл бола қойған жоқ. Дегенмен көңілге түйген нәрселерім өте көп. Кәрістер өз ел­дерін «Ури нара», яғни «Біздің ел» деп атайды. Әке-шешелерін де солай, «біздің ана», «біздің әке» дейді. «Менің елім», «менің әкем», «менің анам» емес, «біз» деген сөзді қолданады. Ке­зінде елдің әрбір тұрғыны үйіндегі алтын-күмістерін мемлекет қазынасына өткізіп, сыртқы қарыздан құтылу үшін өз үлестерін қосқан екен. Хал­қы сондай патриот, елі десе жанын беретін, ал мемлекет халқы үшін бар жағдайды жасап қойған ел екен.

 

Бұл елде қылмыс жасалынса, оған бей-жай қарап қалмайды. Заңдары өте қатал. Мәселен, 14 жастағы қызды біреулер зорлап, сол үшін ел Прези­дентінің өзі қыздың ата-анасының алдына барып кешірім сұрапты деген әңгімені естігенде сенер-сенбесімді білмей таң қалғанмын.

 

Көшелері өте таза. Мысалы, біздің елде қадам басқан сайын қоқыс жә­шік­тері тұрса да көше қоқысқа толып жатады емес пе? Мұнда көшеде қоқыс жәшігі жоқ, бірақ өте таза. Себебі адамдары қоқыстарын көшеге тастамайды. Жеген нәрсесінің қалдығын пакетке салып өздерімен алып жүреді.

 

Спортпен шұғылдануға бар жағдай жасалынып қойған. Көлік жүретін жолдардың бәрінде велосипедпен жүретін жолдар қоса салынып, үйлердің ауласына «тренажерлар» қойылған. Жаяу жүрудің денсаулыққа пайдалы екенін насихаттағаны болар деп түсіндім, қалта телефонына «шагомер» деген қосымшаны жүктеп алсаңыз, 1000 қа­дамға 1 вон төлейді. Жаяу жүргенде осы қосымшаны қосып қойсаңыз, әр басқан қадамыңызға тиын төленіп, ол жинала келе бір жерге кіріп кофе ішіп шығуыңызға болады.

 

Сосын заттары өте сапалы. Бізде­гі­дей «оригинал», «подделка» болып бөлінбейді. Дүкендегі арзан зат пен қымбат заттың сапасы бірдей. Тіпті онлайн-тапсырыспен де өзің қалаған сапалы затты алуға мүмкіндік бар. Ал­да­нып қалмайсың.

 

Айта кетерлік тағы бір жайт, бізде ұстамайтын бұйымдарымызды көзіміз қимай, сарайға немесе қораға апарып қоямыз ғой, ал кәрістер ондай заттарын ақысын төлеп, арнайы бір орын­ға апарып қояды. Оны керек қылған адам үйіне апарып пайдалана беруіне болады екен.

 

Толық адам көрмедім

 

Кәрістер де қазақтар сияқты қонақжай халық екен. Олар да қонақ күт­кенді жақсы көреді. Мысалы, жақында бізді И Ён Ок деген профессор апа­йымыз Чонджу деген біздің Түркіс­тан сияқты көне тарихи қаласына апарып саяхат жасатты. Ерекшелігі сол, Чонджуда «ханок» деп аталатын ежел­дегі үйлері сол күйінде сақталған. Қалаға кіргенде көне ғасырларға өтіп кеткендей күйде боласың. Туристер көп баратын қала екен. «Ханбок» деп аталатын ұлттық киімдерін киіп суретке түсіп, көшесінде кәрістердің «бибимбап» деп аталатын әйгілі тағамдарын сатып алады. «Бибимбап» сөзі «аралас» деген мағынаны білдіреді. Яғни бұл – неше түрлі шөптер мен күріш араластырған тамақ.

 

Менің таңқалғаным, мұнда жергі­лікті тұрғындар нан жемейді екен. Содан болар, адамдардың бәрі арық. Келгелі толық адамды байқамадым. Әйелдері ажарлы әрі жас көрінеді, жас мөлшерін ажырату қиын. 23-25-терде шығар деп ойлап тұрсаң, 40-тан асқан болып шығады. Сұлулықтарының сырын сұрағанымда құпиясымен бөліскен. Бірақ ол бөлек тақырып.

 

Қарттары біздің ата-әжелеріміз се­кіл­ді немере бағып үйде отырмайды. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанады. Өздері тым белсенді. Автобуста кәрі адам түрегеп тұрса, жас­тар оған орын беруге міндетті емес.

 

Мен алғаш барғанымда үйреншікті әдетпен жанымда тұрған үлкен кісіге орын бергенмін. Бетіме таңданып бір қарады да, үндемей отыра салды. Біз­дегілер ұқсап рахмет айтпайды екен.

 

Мұнда етегі қысқа киім кию қалыпты көрінеді де, өңірі ашық киім кисең, оны  ерсі санайды екен. Мұндай ұстанымдары барын қайдан білейін, бірінші келген кезде өңірі ашықтау бір кофтам бар еді, соны киіп көшеде кетіп бара жатсам, бір әжей тоқтатып қойып, әбден сөйледі. Ол кезде әлі тіл біл­меймін ғой, не деп жатқанын түсін­ген жоқпын, бірақ ұрысып тұрғаны анық еді. Кейін білдім ғой, өңірі ашық киім киюге болмайтынын.

 

Медициналық қызмет өте қымбат

 

Кәрістердің өзіне қандай екенін білмедім, бірақ шетелдіктер үшін медициналық қызмет өте қымбат. «Медициналық страховкаң» болса ғана жарты шығынды мемлекет жабады. Оны Кореяда тұрғаныңа алты ай тол­ғанда ғана алуға болады, оған дейін берілмейді.

 

Бірінші барған кезде мен велосипедтен құлап, тіземді жарақаттап алдым. Сөйтіп студенттік емханаға барып көрінгенмін. Сонда әшейін йод жағып бергеніне 20 000 вон алды, теңгеге шаққанда 7 мың теңге.

 

Тағы бір білгенім, мұнда заң әр жарты жыл сайын өзгеріп тұрады екен. Мысалы, мен келгенге дейін «страховка» үш ай тұрған шетелдіктерге қолжетімді болған, ал мен барғанда алты айға созылды.

 

Корея қауіпсіз ел саналады. Мұнда әр қадам сайын бақылау камералары мен қызыл «кнопкалар» қойылған. Егер жазатайым біреу шабуыл жасар болса, әлгі қызыл «кнопка» қол созым жер­де тұрады, соны басып көмек шақыруға болады.

 

Корея пластикалық хирургия мен косметиканың дамыған елі ғой. Өзіне түрі ұнамайтын кез келген адам пластикалық операция арқылы түрін өзгер­тіп, әдемі бола алады.

 

Жұмысқа алғанда білімің мен тәжі­ри­беңе қоса сыртқы түр-келбетіңе де қатты көңіл бөлінеді екен. Байқағаным, адамдары өзін күтуге қатты көңіл бө­леді. Көшеде, автобуста, дүкендерде болсын, әбіржіп кеткен адам көрмейсің. Тіпті ер-азаматтардың да боянып жүруі ерсі көрінбейді. Опа-далап жарнамаларында жігіттердің суреті тұра береді. Сұлу емес адамның жұмысқа тұруы да қиын екен. Сондықтан ата-аналар баласының түр-тұрпаты келіспей тұрса, мектеп бітіргенде пластикалық операцияға ақша жиып, сыйға тартатын көрінеді. Алдымен сырт сымбатыңды түзеп, оқуға сосын түсе бер.

 

Кеш үйленеді, көп тумайды

 

Жалпы, қазақстандықтардың көбі Кореяға жұмысқа ағылып барып жатыр ғой. Бірақ солардың көбі заңсыз өтеді деп естимін. Мұнда жалақы біздегіге қарағанда жоғары төленетіні рас, дегенмен өмір сүру өте қымбат. Содан ба, әлде өздерінің дәстүрлері солай ма, кәрістер өте кеш, яғни 32-33 жасында үйленеді.

 

Үйлену тойын жасаудың да машақаты көп сияқты. Міндетті түрде екі той жасайды екен. Бірінші кәдімгі заманауи той да, екіншісі дәстүрлі той.

 

Жұмыста біздегідей 8 сағатпен шек­телмейді, түнгі 12-1-лерге дейін жұмыс істеу қалыпты жағдай саналады. Мысалы, университетте жұмыс істейтін танысымыз бар. Ол өздерінің профессоры жұмыстан кеткенше үйіне қайтуға болмайды екен. Ал профессор түнгі 12-ге дейін отыра береді дейді.

 

Мұнда тіпті кішкентай балалардың да бос уақыты жоқ. Мектептен кейін оларды түрлі үйірмелерге беріп тастайды. Бұл кешке дейін жұмыс істейтін ата-аналарына да тиімді.

 

Кәрістер кішкентай бөпелерді қатты жақсы көріп, танымаса да бетінен сүйіп еркелетіп, кәмпит беріп кете береді екен. Бізде танымайтын бөпеге елжіреп, еркелету ұят сияқты көрінеді ғой. Оларда бұл әдеттегі жағдай екен.

 

Жалпы, жұмысқа тұрғанда бәсе­келестік көп деп естимін. Бәсекелесіңді басып озу үшін көп тіл білуің керек болады. Олар бір ғана оқумен шектеліп қалмай, көптеген оқу орындарында оқиды екен.

 

Сұхбаттасқан – Г. ҚАРАТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ