Айсұлуға 5 бөлмелі баспана бұйырды

13.03.2019
Қаралды: 415

«Замана» газетінің алдыңғы сандарының бірінде 12 баланың анасы Айсұлу Жәлелқызының тұрмыс-тауқыметі туралы жазған болатынбыз. Айлығы шайлығына жетпейтін оның пәтерден пәтерге көшіп, қиналып жүргенін айтқан едік. Газетіміз көтерген бұл мәселе оң нәтиже беріп, жуырда «Харекет» қорының еріктілерінің арқасында Айсұлу бес бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Біз Айсұлудың қуанышын бөліспек ниетте өзімен әңгімелдескен едік.

 

«Иә, үйдің кілтін алдық, – дейді ол. – Басында бірден сенген жоқпын. Соңыра қатты қуандым. Түс көргендей сезімді бастан кешірдім.

 

Осыдан бірнеше күн бұрын «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетілетін «Шаңырақ» бағдарламасының журналистері хабарласып: «Бағдарламамыздың екінші маусымының ашылуы болып жатыр. Соған сіздің мәселеңізді маңызды тақырыптардың қатарына енгізіп, қоғамда бар бүгінгі нәрсені көрсетейік деп едік», – деп шақырды. Алғашында келісім берген жоқпын. Себебі жағдайың болмаса, неге туасың деп сөгетіндердердің әңгімелерін естіп көңіл-күйімді түсіргім келмеген еді. Бірақ олар артық сөзге жол бермейтіндерін, бару-қайту билетін өздері әперетінін айтты.

 

3-наурыз күні үлкен үш қызымды және абысынымды ертіп Астанаға жол тарттық. 4-і күні таң­ғы сағат 7.00-де по­йыздан түстік. Бізді өздері күтіп алып, уақытша екі бөлмелі пәтерге орналастырды. Сол күні түске қарай «Қазмедиа» ғимаратына түсірілімге бардық.

 

Бір қызығы, Астанаға бара жатқанда «Харекет» қорының адамдарын өзіміз мінген вагоннан кездестіріп қалған болатынбыз. Астанаға олардың да баратынын білген жоқпыз. Содан соң: «Сіздер не үшін бара жатырсыздар?» деп сұрап едік: «Сіздерге ақша жиналып жатқанын, бұйырса, баспаналы болатындарыңызды айтпақпыз. Бізді де өздері шақырды», – деді. Әрине, олар бағдарлама барысында бізге кілт табыстайтындығы туралы тіс жарған жоқ. Бізге бұл тосын сый болды.

 

Көмек қолын созған барша жандарға алғысым шексіз. Менің мәселемді алғашқы болып көтерген «Замана» га­зеті еді, содан кейін ғана басқалары іліп әкете бастаған болатын. Бәріңізге Алла разы болсын!»

 

Айсұлу осылай деп ағынан жарылды. Оларға әзірге берілген үйдің Шымкент қаласының қай ауданында екені айтылмапты. «Харекет» қайырымдылық қорының адамдары Павлодар қаласына тағы бір отбасыны қуанту мақсатында жол жүріп бара жатқандықтарын, ол жақтан келген соң үйді өздері апарып, көрсете­тіндерін айтыпты. 

 

«Көңіл-күйім өте керемет, қуанышымда шек жоқ! Ұзағынан болсын деп тілейік. Біраз уайымымнан арылғандай болдым. Балаларымның да жүзі жадырап қалды. Енді бұрынғыдай біреу есікті қақса, душ­қа, шкафқа тығылмайтын болды. Еркін, ел қатарлы өмір сүретін күнге жеттік», – дейді Айсұлу.

 

Осы кезде оның 19 жастағы қызы Рәбия да сөзге араласты.  

 

– Бірінші Алланың, одан соң «Замана» газетінің және «Харекет» қорының арқасында үйлі болдық. «Замана» газетінің тілшілерінің көмегі көп тиді. Сіздерге рахмет! Сіздер  жария қылмағанда біз әлі де осылай жүре берер ме едік? Туған-туысқандар да, үлкен-кіші барлығымыз қуанып жатырмыз», – дейді ол.

 

Енді Айсұлудың көңілінен күдік, бойынан үрей кетті. «Бір баспанам болса екен» деп жылаған келіншектің тілегі періштенің құлағына шалынды. Ендігісі бұрынғыдай шарасыздықтың емес, тек қуаныштың көз жасы болсын дейміз. Қуаныш ұзағынан сүйіндірсін!

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ