Сонда мүгедектің нәпақасын жымқырудан да арланбайтын болғаны ма?

13.03.2019
Қаралды: 205

Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Жандос Әбішевтің сот шешімімен екі айға қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Ол бұрын бір жыл жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында істеген екен, 2014-жылдан бері облыс әкімінің орынбасары болып келіпті. Оған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бір топ адамдарымен біріге отырып, бюджеттің  36 миллион теңге қаржысын талан-таражға салған деген күдік келтіріліп отыр.

 

Бұл азаматтар мүмкіндігі шектеулі жандарды қоларбамен қамтамасыз етуге бөлінген қаржыға ауыз салған деседі. Яғни алынған қоларбалардың сапасыздығы және бағасы қымбаттатып көр­се­тілгені туралы айтылады.

 

Ж.Әбішев өткен ақпан айында қызметінен кетіп, арада көп өтпей, үстінен іс қозғалған екен. Ал кешегі аптада оның туған ағасы Елдар Әбішевтің де қамауға алынғаны белгілі болды. Е.Әбішев денсаулық сақтау саласына қызмет көрсететін компания директоры екен. Оған да бюджет қаржысын жымқыруға қатысқан деген күдік келтіріліп отыр.

 

Осындай жайларға қарап отырып, ойға қаласың. Мүгедектерге бөлінген ақшадан да жырып жегені анық болса, бұл шенеуніктерден не үміт, не қайыр? Бұл бір ғана облыста, бір ғана салада белгілі болып отырған жай ғой. Басқа жақтардағы жағдай нешік десеңізші!

 

Бүгінде жан-жағыңда жемқорлар қаптап жүрген сияқты. Күнде олардың бірнешеуінің қолға түскені туралы еститін болдық.

 

Бұл мемлекеттің әбден былыққа батқанын көрсетпей ме? Біздің қоғам әркім қолынан келгенінше қарпып қалуға, оңай жерден олжа та­буға құмар бір жұқпалы дертке шалдыққан сияқ­ты. Бүгінде кім де болса мүмкіндігі келіп тұрған жерде парадан бас тарта алмайтындай күйге жеттік. Ал мұндайда ептілік танытқандар ел-жұртқа зияным тиіп жатыр-ау, жегі құрттан нем артық деп ең болмаса беті де қызармайды ғой. Қайта «мен осындаймын» деп мақтанатындай шіреніп жүреді.

 

Қазынаның қаржысын, халықтың ақшасын әркім әр жаққа қарай жырымдап тарта берсе, бұл түрімізбен қайтіп ел боламыз?

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ